Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2019

Сандықтау ауданында мұз қалашықтары тұрғызылуда

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сандықтау ауданы мектептері де жаңа жылға жақсы дайындық жасап, өз аулаларында мұз қалашықтарын тұрғызуда. Ертегі қалашықтарын есте қаларлықтай етіп әдемі де сәнді етіп жасаған білім ошақтары арнайы сыйлықтармен марапатталады. Солардың арасында Каменка орта мектебінің ұжымы үнемі алдыңғы орыннан көрінуде.

Сандықтау ауданында мұз қалашықтары тұрғызылуда

Қайыңы мен қарағайы көк тіреген, таулы-тасты Каменка селосы қар түсісімен тіптен көріктеніп кетеді. Жаңа жыл жақындаған сайын жергілікті орта мектептің оқушылары мен ата-аналары, ұстаздары әдемі күй кешеді. Олар мұздан қалашық жасаудың қамына кіріседі.

– Мұз қалашығын салу үрдісі осыдан 10 жыл бұрын жоспарлы түрде қолға алынып еді. Оған оқушылар, ата-аналар, барлық ұстаздар белсене қатысады. Әркім мың ойланып, жүз толғанып, ертегі кейіпкерлерінің бейнесін сомдайды. Бұл игілікті істен ешкім шет қалған емес. Жаңа жылға санаулы күндер қалды. Мұз қалашығын жасауға қатысқан және жеңіске жеткен оқушыларды жергілікті серіктестіктің басшысы, Сандықтау аудандық мәслихатының депутаты Алексей Джейрановтың сыйлықтары күтіп тұр,–дейді Каменка орта мектебі директорының орынбасары Людмила Погорелова. 

Жастар жылымен қош айтысар күн де алыс емес. Оның шапағатын мектеп оқушылары да көріп, шығармашылық табыстарға кенелді. Соның бірі – мұз қалашығын салу кезінде айқын сезілді.

– Біздің сынып орыстың ежелгі Аяз атасының мұз бейнесін сомдады. Оны бояу жұмыстары ғана қалды. Бүгін-ертең бітіреміз. Сыныбымыздың әр оқушысы өз ойларымен бөлісіп, келісті аяз ата келбетін сомдады. Мен бұл шараға бірінші сыныптан бастап қатысып келемін. Шытымыр аязда ертегі кейіпкерлерін сомдау қандай ғанибет,–дейді Каменка орта мектебінің  оқушысы Виктория Осипова.

31 желтоқсан күні «Каменка және Д» серіктестігінің бас директоры мұз қалашығына белсене қатысқан оқушылар мен жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен тәттілер табыс етеді.