Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2019

Солтүстік Қазақстанда пышақсыз ота жасалды

287 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейден,Нұр-Сұлтан мен Ақтөбе қалаларынан келген білікті хирургтер облыстық ауруханада жергілікті әріптестерімен бірігіп лапароскопиялық ота жасаудың жолдарын көрсетті. Шеберлік сағаттарын өткізді.

Солтүстік Қазақстанда пышақсыз ота жасалды

Ресейдің еңбек сіңірген дәрігері, профессор, медицина ғылымдарының докторы Әдуард Галлямовтың айтуынша, науқастың денесінде бірнеше кішкентай тілік жасалады. Сол арқылы қажетті құралдар мен камера өткізіледі. Іс-әрекеттің барлығы экран арқылы бақыланады.Лапароскопияның тиімділігі сол – адам отадан кейін ұзақ уақыт бойы төсек тартып жатпайды. Яғни, науқас бір-екі күннің ішінде тұрып кетеді.

«Лапароскопиялық оталардың өзіндің қиындықтары бар. Десек те, одан тайсақтауға болмайды. Бүгінде медицина жоғары технологиялық мүмкіндіктерге ие. Ең бастысы, тәжірибе мен кәсіби шеберлікті талап етеді. Бұл озық әдіс Қазақстанда 1991 жылдан бері қолданылып келеді. Біз жергілікті дәрігерлер үшін шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, бірнеше ота жасайтын боламыз» дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, профессор, медицина ғылымдарының докторы Серік Тоқпанов.

Облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Руслан Абетов мекеменің материалдық-техникалық базасы операцияның түр-түрін жасауға мүмкіндік беретінін, білікті мамандермен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Жалпы, бұл – биыл ұйымдастырылып жатқан екінші шеберлік сағаты. Телевизиялық оптикалық камераның көмегімен  сегіз ота жасалыпты. Алғашқысы шілде айында өтіп, асқазанның шунттік отасы жасалыпты.

Ота аяқталғаннан кейін дәрігерлер жергілікті әріптестеріне өткізілген операциялар бойынша дәрістер оқыды. Эндоскопиялық хирургияның жаңашыл әдіс-тәсілдерімен бөлысты.