Өркениетті 50, содан кейін 30 елдің қатарына қосылу мұратын ұсынды. Оны жүзеге асыратын озық ойлы, ғылымы мен білімі дамыған ел болу қажет болды. Сондықтан да егемендіктің, Тәуелсіздіктің алғашқы қадамдарынан бастап Н.Назарбаев ғылым мен білім саласын қатар дамыту қажеттігін айтты. Білім жүйесін реформалау арқылы Қазақстанның нақты замана сұраныстарына жауап бере алатын мемлекетке айналатынына сенім білдірді. Экономика мен қоғамды модернизациялау үшін ең әуелі білім жүйесін нарықтық қатынастарға бейімдеп даярлау қажет еді. Осылай, Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап білім мен ғылым мемлекеттік саясаттың басым бағыттарына айналды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіздік жылдарындағы білім мен ғылым жүйесін дамытудағы рөлін түсіну үшін, оны кезең-кезеңдермен қарастырған жөн болар деп пайымдаймын.
Бірінші кезең, ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан басталады. Ең алдымен, дербес мемлекет құру, қоғамды ортақ ұлттық мұраттарға жетелеу, экономиканы түбегейлі қайта құру мәселесі шешілуі тиіс болды.
Экономиканың қиындығына қарамастан осы сын сағатта, Елбасының берік ерік-жігерінің арқасында білім саласында әлемде теңдесі жоқ жоба жүзеге асырыла бастады. 1993 жылы «Болашақ» бағдарламасы қабылданды. Қазақстанның талантты қыз-жігіттері әлемнің ең озық университеттеріне оқуға жіберілді. Олар тәуелсіз мемлекеттің болашақ кадрлық саясатының арқауына айналды.
Бұл бағдарламаға кезінде секемдене қараған адамдар да, ой-пікірлер де болды. Президент Н.Назарбаевтың сол кездегі кемел ойының нәтижесі қазір айқын көрініп отыр. «Болашақ» бағдарламасын бітіріп келген 13 мыңнан астам қыз-жігіт бүгінде республиканың саяси-экономикалық, әкімшілік басқару жүйелерінде абыроймен еңбек етіп жүр. Жоғарыдағы кезеңде 1992 жылы «Білім туралы», «Жоғары білім туралы» заңдар қабылданды. Осылай білім саласында маңызды институционалдық қадамдар жасалды.
Білім саласында жекеменшік оқу орындары ашылды. Қысқа мерзім ішінде білім беру қызметі қалыптасты. Нақты бәсекелестік пайда болды. Білім мекемелерінің дербестігі мен атқарушы биліктің құзыреті нақтыланды.
Екінші кезең, өткен ғасырдың 90-жылдары мен жаңа ғасырдың алғашқы бес жылдығын қамтиды. Бұл кезеңде жаңа стратегиялық бастамалар өмірге келді. 1997 жылы Елбасы Н.Назарбаев еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын жариялады. Білім беру жүйесі бұл жобада мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырылды.
1997-2002 жылдардағы орта білім беру саласын ақпараттандыру жүйесі бағыты бойынша мемлекеттік бағдарлама ойдағыдай жүзеге асырылды. Сондықтан техникалық және кәсіби білім беру саласы да 2001 жылы толықтай ақпараттандыру қалпына көшті. Шындығына келгенде, Қазақстан ТМД елдері ішінде 2001 жылы-ақ мектептерді 100 пайыз компьютермен қамтамасыз етті.
Дәл осы жылдары тағы бір Президенттік жоба қабылданды. Талантты балаларды қолдау үшін «Дарын» бағдарламасы өмірге келді. Осылай Қазақстанда талантты оқушылар үшін жүзден астам «Дарын» мектептері жүйесі қалыптасты.
1999 жылы қабылданған тәуелсіз тестілеу саясаты талапкерлердің біліміне қарай оқуға қабылдануына және гранттық қаржыландыруға ілігуіне мүмкіндіктер берді. Бұл әділ, ашық таңдаудың арқасында тұрғылықты жеріне қарамастан студенттер шоғырын жасақтауға мүмкіндік берді. Сайып келгенде тұңғыш қабылданған мемлекеттік бағдарламалар ұлттық білім беру жүйесін модернизациялауға жол ашты. Бұл 2005-2010 жылдарды қамтыды.
Үшінші кезең, 2006 жылдан бүгінгі күнге дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл кезеңде Қазақстан қоғамының бүкіл жүйесі өзгеріске ұшырады. Жаңа заманауи талаптарға сәйкес қоғамның бар саласы жаппай дами бастады. Білім беру саласы да оң өзгерістерге бет бұрды. Әлемдік брендті жаңа университет құру қажет болды. 2006 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Назарбаев Университет» шаңырақ көтерді. Бұл күнде ол әлемнің таңдаулы оқу орындарының біріне айналды. «Оксфорд», «Кембридж», «Сорбонна», «МГУ» секілді брендке ие болған университет түлектері білім мен ғылым саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
2010 жылы Қазақстан Болонья декларациясына қол қойды. Бұл еуропалық білім жүйесінің Қазақстанда орнығуына, қалыптасуына жол ашты. Қазақстан жоғары оқу орындары үш сатылы білім беру жүйесіне толықтай көшті. Бакалавр-магистр-PhD.
Орта білім беру саласы да оңды өзгерістерге ұшырады. «Назарбаев зияткерлік мектептері» қалыптасты. Бұл қазақстандық мектептердің болашақта үлгі боларлық жүйесіне айналды. Міне, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің орта мектеп пен жоғары білім беру жүйесін модернизациялауы нәтижесінде қазақстандық білім беру жүйесі халықаралық талаптар деңгейіне көтерілді. Оған мына мысалдарды айтсақ та жеткілікті. ЮНЕСКО-ның білім беру индексі бойынша Қазақстан 2007 жылы 4-орынға, 2008 жылы 7-орынға, 2009 жылы 1-орынға, 2010 жылы 4-орынға ие болды. Ал 2010-2019 жылдардағы көрсеткіштер де қуанарлық.
Қазақстандық оқушылар пәндік олимпиадаларда алтын медальдармен марапатталуда.
Әрине, Тәуелсіздік Қазақстандағы білім беру саласын әлемдік деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Бұл жүйе де одан әрі дами түсуде.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың сенімді саяси серігі ретінде қалыптасқан дәстүрді одан әрі жалғастыруға күш салуда. Міне, саясаттың жалғастығы, бірізділігі мектеп пен жоғары мектептің одан әрі дамуының алтын арқауы болып отыр.
Заман өзгермей тұрмайды. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев білім сапасын көтеруге ерекше мән беріп отыр. Әсіресе, ауыл мектебі мен қала мектептерінің деңгейін көтеру, мұғалім мәртебесін ұлықтау, жоғары мектептің жауапкершілігін арттыру мәселесіне ерекше назар аударды. Ол өзінің Қазақстан халқына Жолдауында білімді ел ғана әлемдік додаға төтеп бере алатын мемлекет құра алатынын атап өтті.
Бұл күнде Білім және ғылым министрлігі Президент қойған жоғары талаптарды жүзеге асыру үшін маңызды ұйымдастыру шараларын бастап та кетті.
Республика бойынша мұғалімдер даярлайтын 85 жоғары оқу орнын 20-25-ке дейін азайту жоспарлануда. Бұл саны бар, сапасы жоқ педагогтік жоғары оқу орындарын реформалауға мүмкіндік береді. Бір аймақтық жоғары оқу орнында 20-25 мың студент бар. Мұндай жағдайда қандай оқу сапасы болуы мүмкін?! Сапалы маман сапалы білім алған қыз-жігіттерден ғана қалыптасады. Мұны әлемдік үрдіс дәлелдеп отыр. Сондықтан да шектеу қою керек. Аймақтық жоғары оқу орындарының әрқайсысында 10 мың студент болса жеткілікті.
Білімді ел – білікті ел. Тәуелсіздік – Қазақстан білімін әлемдік сұранысқа жауап бере алатын білімді, білікті адам капиталын қалыптастырып отыр. Оқуы озған, ғылымы дамыған ел ғана өркениетке жете алады.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Парламент Сенатының депутаты, ҰҒА академигі