Саясат • 26 Желтоқсан, 2019

Маңызды міндетке – жауапты көзқарас

221 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Тұрақтылық – билік пен бұқара арасындағы сенімнен құралады. Ұлт жоспары әділеттілікке бағытталған кірпіштен қаланатын болса, онда ол елдің егемендігі мәңгі, тәуелсіздігі тұғырлы деген сөз. Міне, соған сай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметінің басым бағыттарының бірі – жемқорлық көріністерінің алдын алу және оны болдырмау, сондай-ақ азаматтардың бо­йына адалдықты, әділеттілікті, парасаттылықты сіңіру.

Маңызды міндетке – жауапты көзқарас

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды тапсырды. Өйткені қоғамның дертіне айнал­ған жемқорлық мәселесі күн тәртібін­де тұрған өзекті проблема. Осы орай­да агент­тіктің қызметіне сенім білдіріп, «ортақ мәселені бірігіп шешеміз» деп кері байланыс орнатып жатқан адам көп. Бұл қуантарлық жағдай. Себебі қоғамның қай құрылымында қандай мәселе бар екенін тек ортақ диалог орнағанда ғана білуге болады. Бүгінде тұрғындар тарапынан келіп жатқан толассыз хаттар мен қоңыраулар осы­ған дәле­л. Бұл біріншіден, агенттік қыз­метіне берілген оң баға болса, екіншіден, әр қызметкерге жүктелген үлкен міндет.

Бұл орайда жұмысымызға қоғам мүшелерін тарту арқылы халықтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін күшейту аса маңызды. Одан бөлек, қазір әкімшілік кедергілерді жою мен жемқорлық деңгейін төмендету аясында да біраз жұмыс атқарылып жатыр. Ортақ мәселені шешуге жұмыл­ды­рылған агенттік құрамындағы қоғам белсенділерінен бөлек, ел танитын, халық сыйлайтын тұлғалар да бізбен бірге. Бұл тұста басымдық мемлекеттік ор­ган­дардың жұмысына беріліп отыр. Қоғам белсенділері – «барлық мем­ле­кеттік органдардың міндеті – қоғаммен қашықтықты қысқарту және халық үшін барынша ашық болудың» негізгі прин­циптеріне баса көңіл аударуда.

Елордалық департамент қызмет­кер­лерімен Қазақстан Республикасы Қыл­мыстық-процессуалдық кодексі 200-бабына сәйкес сыбайлас жемқор­лық қылмыстарды жасауға ықпал ететін жағ­дайларды жою бойынша мемлекет­тік органдардың жеке құрамымен кез­десуі тұрақты негізде жүргізіліп отырады. Жыл басынан бері осы мақсатта 89 кездесу өткіздік. Біздің қызметке жем­қорлық қылмысын анықтау және кү­ресу­ден бөлек алдын алу міндеті де жүк­теледі. Қызметкерлеріміз заң­нама нормаларымен қатар адалдық, әділ­дік, парасаттылық құндылығын қалып­тастыру бойынша бір жарым мыңнан астам іс-шара өткізді. Шағын және орта бизнес саласында әкімшілік кедергіге тап болып, құқығын қорғау мақ­сатында департамент көмегіне жү­гінген азаматтар аз емес. Мәселен, қала­­да өткізілетін ауыл шаруашылық жәр­­меңкесінен орын алу үшін кәсіпкер М.Медресовадан заңсыз төлем талап етіп, тиісті құжаттарға қол қоймау фак­тісі анықталды. Кәсіпкердің өтініші дер кезінде қаралып, заңды құқығы қор­ғалды. Жеке қабылдауымда болған кәсіп­кер А.Шөжееваның шағымы бойын­ша шұғыл шара қабылданып, «Kazakһ torizm» ұлттық компаниясы «Big Name» ЖШС-нің атқарған жұмысы үшін тиісті қаражатты аударып берді.

Тұрғындардың құқықтық сауатты­лығын арттыру және тегін заң көмегін көрсету мақсатында агенттіктің бастамасымен елордада «Халық заң­гері» ак­циясы ұйымдастырылды. Іс-шараға бел­гілі адвокаттар, құқық қорғау және мем­лекеттік органдардың қызметкерлері мен сот өкілдері, жалпы 80-нен астам сарапшылар қатысты. Акция барлық аудандарда жалғасуда. Қаламызда елорда әкімдігімен бірлес­кен «Астана – адалдық алаңы» атты тұр­мыстық жемқорлықты жоюға бағыт­талған жоба сәтті жүзеге асы­рылуда. Елбасы Қазақстан халқына Жол­дауында елорданың тәжірибесін өңір­лерге таратуды тапсырды. Қазіргі таңда «Адалдық алаңы» жоба кеңселері республика бо­йынша жүргізілуде.

Елордамызда тұрғындар үшін ең қажетті салалардағы тұрмыстық жем­қорлық көріністерін жою жоба кеңсе­сінің басты назарында. Себебі жобаның құрамындағы азаматтық сектордың белсенді өкілдерінің саны күн санап артып келеді. Олар мақсатқа жету үшін ұсы­ныстар әзірлеп, олардың сапалы жү­зеге асырылуын қамтамасыз етуде. Жоба менеджерлері бюрократиялық про­цес­тердің алдын алып жедел шешім қабылдау бойынша біршама қызметтер атқаруда.

«Астана – адалдық алаңы» жобасы шеңберінде онкологиялық ауруларға шал­дыққан жандардың мәселесіне қоғам назарын аударту мақсатында қала әкімдігімен бірлесіп «Адал жүрек» қа­йырымдылық марафоны ұйым­дас­тырылды. Марафонға 1500-ден аса адам қатысып, шарада жиналған қаржы арнайы қорға аударылып, көмекке зәру науқастарға жұмсалды. Қыркүйек айында жоба аясында Есіл ауданы әкімдігінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қаты­суымен Open аkimat ашылды. Open akimat тұрғындарға «бір терезе» қағи­даты бойынша қызмет көрсетеді. Аза­мат­тар Тұрғын үй құры­лыс жинақ банкі, Тұрғын үй қоры, Жұ­мыспен қамту ор­та­лығы, «Қазпошта» және аудан әкімдігі қыз­­мет­керлерінің көме­гіне жүгіне алады. Залда балалар бұрышы, кітапхана және өзіне-өзі қыз­мет көрсету аймағы жабдықталған.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі қала әкімінің де бас­ты назарында. Шаһар басшысының төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кеңейтілген кеңес өтті. Аталған кеңесте департамент қызметкерлерімен қоғамдағы тұр­мыстық сыбайлас жем­қорлық деңгейін төмендету бойынша бірлескен жұмыс нәтижелері ұсынылды. Қала әкімі өз орынбасарлары мен бас­қарма басшыларына ай сайын «Астана – адалдық алаңы» жобасы аясында департамент және прокуратура өкілдерімен кез­десіп, тәуекелдерді зерделеп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қолдануды тапсырды.

Сондай-ақ жоба жанында бірегей «Интерактивті қоғамдық бақылау картасы» (publicbudget.kz) интернет-ресурсы жұмыс істейді. Азаматтар осы сайт арқылы түрлі әлеуметтік нысан­дарды (жол, мектеп, аурухана және т.б.) салу, жөндеу және қызмет көрсету үшін қанша бюджет бөлінгенін көре алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда, сол картада пікір қалдырып қо­сымша фотоматериалдарды қоса жі­беруге мүмкіндік бар. Жоба кең­сесі­нің қыз­меткерлері жедел түрде жауап беріп тиісті шаралар қабылдайды. Атал­­ған жұмыстар агенттіктің ал­дағы жұмыс жос­парын айқындап қана қой­май, бұ­қараның жемқорлыққа қарсы мәде­ниетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізуде.

 

Нұрлан Қыдырбаев,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы