Саясат • 26 Желтоқсан, 2019

Тіл мәселесі талқыланды

593 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі қазақ тілін жаңғыртуға байланысты айтқан ойларының негізінде жиын өтті.

Тіл мәселесі талқыланды

Оған Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-прак­тикалық орталығының ғалымдары мен мамандары және Назарбаев Универ­ситеттің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық, Қазақ бизнес және технология университеттерінің, Еуразия гумани­тарлық институтының ғалымдары қа­тысты. Сонымен қатар онлайн-режімде Алматы қаласынан А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары да бай­ланыс­қа шықты. 

Алғашқы болып сөйлеген Мәде­ниет және спорт вице-министрі Нұр­ғиса Дәуешов жиынның мақсаты Прези­денттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінде тіл реформасы жайлы айтқан ой­ла­рынан өрістейтін бастамаларды ай­қындау екенін айтты. Әрі қарай сөз кезегін ғалымдар алып,  реформалау жай­лы  көзқарастары мен пікірлерімен бөлісті.

Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жиынында латын әліпбиіне көшу мәселесінде асығыстыққа жол берілмейтінін айтқан еді. Әрі  «қазақ тілін реформалау керек» деген тың идея­сын ортаға тастаған. Кешегі жиын­да «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Орфография басқармасының басшысы Гүлфар Мамырбек өткен ғасырда тілімізге үш рет реформа жасалғанын айта келіп, реформа жасауда науқаншылдыққа, әсіретөңкерісшілдікке, асығыстыққа жол берілмеу жағына ерекше тоқталды.  Филология ғылымдарының докторы Құралай Күдерина өз баяндама­сында жазу тілі мен сөйлеудің бай­ланыстылығына көңіл аударды. Жазуда ілік жалғауын, жатыс септігінің жал­ғауын және көптік жалғауын көп пайдаланатынымызды айтып, реформалау барысында қазақ тілінің сөз жасамын артық формалардан тазарту назарға алынса деген ұсынысын білдірді. Ол сон­дай-ақ қазіргі оқулықтардың тіліне де сын айтты. «Біз қарапайым нәрсені түсіндіру үшін күрделі сөйлемдер құрас­тырамыз», деген ғалым қазақша сөз саптауды ұсынды.

Белгілі лингвист Анар Фазылжан Президент тапсырмасының науқанға айналып кетпеуіне мән берді. Оның баян­дамасы негізінен филологиялық білім беруді жаңғыртуға арналды. «Бізде филология бойынша саусақпен санарлықтай ғана мамандықтар бар. Ал өзіміз үнемі мысал келтіріп үйренген көрші Ресейдегі Ломоносов университетінде филология бойынша 42 мамандық бар», – деді ол. Ғалым  елімізде филологиялық бі­лім берудің классикалық әдіске негіз­делгенін айта келіп, ол әдістің заман тала­бына сай өзгеруі қажеттігін, яғни, коммуникативтік білім беру алға шығуы қажеттігін атап өтті.

Жиын барысында көптеген ғалым­дардың баяндамалары, ұсыныстары мен жобалары тыңдалып, талқыланды. Әсіресе коммуникативтік білім беру, ық­шамдалу үдерістері, сөз жасам, әде­би норма мәселелеріне қатысты көптеген пікірлер айтылды. Бастысы, тілді реформалауға қатысты өзекті мәселелерді тілдің өз мамандары айтты.