Қоғам • 26 Желтоқсан, 2019

«Егеменнен» 20 жас кіші...

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі балалар ақыны, ардагер журналист Әли Ысқабай биыл сексен жастың сеңгіріне шықты.

«Егеменнен» 20 жас кіші...

Жетісудың бір өзені – Іленің Балқаш көліне құятын тұсында кіндік қаны тамған Әли ақсақал алғашқы өлеңін бала жасында жазыпты. Табиғат, ана мейірімі, көз сүйіндіретін көркем көріністердің барлығы бала ақынның қиялын ұштап, шығармашылығына қанат бітірген. Балғын шақтан басталған жыр ағыны Әли Ысқабайдың тұтас ғұмырына арқау болып, балаларға арналған туындылар жазуға жетелеп келеді.

Қазір ақынның қаламынан туған «Айдостың арғымағы», «Ме­нің інім», «Солдат ағаға хат», «Бесік жыры», «Еңбекқор құ­мырс­қа» жыр жинақтары қазақ ба­лалар әдебиетіне қосылған орасан олжа болып саналады. Мектеп оқулықтарының дерлігінде автордың балаларға арналған өлеңдері кірген. Ақсақал ел аузын­дағы мақал-мәтелдерді, жұм­бақтарды жинап, дәйекті сөздің ізімен өзі де нақыл жырдың маржанын теріп келеді. Бала талғамына татитын «777 жұмбақ», «Тіл мен жыр» атты жинақтары ел оқыр­мандарына етене таныс.

Аға әріптесіміз – «Егемен Қазақстан» газетінің ардагері. Ең­бек жолын өзі туып-өскен Құйған ауылында қатардағы жұмысшы болып бастаған ол 1958 жылы Бал­қаш аудандық газетіне әдеби қызметкерлікке қабылданған екен. Бұл Әли Әпекұлының жур­налистикадағы алғашқы қадамы еді. Артынша, журналистік білім алып жүрген тұста орталық бас­пасөзге жиі жариялана бастады. Көбіне жазған-сызғандарын сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетіне апаратын. 1973 жылы Маңғыстау облысы құрылды да, бас газет редакциясы жаңа аймақтағы меншікті тілші іздеп жатты. Редакцияның таңдауы қаламы қарымды Әли Ысқабайға түскен. Тілші куәлігін қолына алған күні-ақ қазіргі Ақтау, бұрынғы Форт-Шевченко қаласына тартты.

– Жаңа облыста жұмыс қызып жатты. Мұнай өндіру ісі күн санап артып келеді. Құрылыс та қызып берді. Ол кезде «Социалистік Қа­зақстанның» меншікті тілшісі партия мен совет органының ең беделді өкілінен де жоғары тұ­ратын. Бірден баспана берді, қыз­меттік көлікке отырғызды. Ең­бек көрігі қызған өлкеден күн құр­ғатпай ақпарат беріп тұрдым. Ауыз су, жол мәселесіне қатысты тұрғындар жиі шағымданатын еді. Мейлінше, редакция бас­шылығының тапсырмасымен қазақы аудандардың проблемасын жиі жазып отырдым. Екі жылға жуық қызметімде жер­гі­лікті тұрғындардан тек ал­ғыс естідім. Кейін Талдықорған об­лыстық «Ок­тябрь туы» газетіне бас ре­дак­тордың орынбасары болып қызметке шақырылдым да, үш қиян жұртымен қимай қоштасып, елге оралдым, – дейді Әли ақсақал.

Сексен жасқа толған ақын, журналист әлі тың. Аймақтағы қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Жақында бір кезде өзі қызмет еткен бас басылымның мерейтойына орай өткен жиында «Egemen Qazaqstan» газетіне – 100 жыл» арнайы медалімен марапатталды.

 

Алматы облысы