Аймақтар • 27 Желтоқсан, 2019

Алик Шпекбаевтың Атырау облысына жұмыс сапары

349 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Атырау облысына жұмыс сапары барысында мемлекеттік қызметкерлермен кездесті, деп хабарлады Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Алик Шпекбаевтың Атырау облысына жұмыс сапары

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің басшысы кездесу алдында облыстық әкімдікте ашылған адалдық дүкенінің жұмысымен танысты. Сусындар мен азық-түлік өнімдері қойылған басқа облыстардағы дүкендерден айырмашылығы - сөреде кітаптар мен журналдар бар. Дүкен жұмысы сатып алушының адалдығы мен ар-ұятына негізделген.

Кездесуді ашқан Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Елбасының, мемлекет басшысының  «Еститін мемлекет» тұжырымдамасында белгілеген міндеттерін атап өтті.

-Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың тиімді әдістерінің бірі - мемлекеттік органдардың ашықтығы, мемлекеттік қызмет көрсетудің ашық, кедергісіз іске асуы. Бұл бағытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудың маңызы зор. Халықпен өзара байланыс орнату үшін Telegram желісінде Атырау облыстық әкімдігінің чат-каналы, Facebook, Instagram желілерінде ресми парақшалары ашылды. Бұл өңірдің барлық проблемалық мәселелерін жедел шешуде тиімді әдіс болып отыр. Геоақпараттық портал жобасы да халық пен билік арасындағы өзара байланыстың тиімділігін көрсетті, деді  М. Досмұхамбетов.

Облыс әкімі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін аймақтың квазимемлекеттік секторында корпоративтік басқару енгізілетінін атап өтті. Басты мақсат - бірінші басшылардың кейбір қызметтерін бақылау кеңестеріне беру, алқалы шешім қабылдау және үнемі есеп беріп отыру. Бақылаушылар кадр саясаты, мемлекеттік сатып алулар мен қаржылық-өндірістік мәселелерді шешуі тиіс. Бұл бастама қазір денсаулық сақтау саласына енгізілуде, алға қарай басқа да салаларға қолдану жоспарда бар.

«Атырау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Альфия Адиева аймақта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Жоба мемлекет пен халық арасындағы көпірге айнала отырып, қоғам мүшелерінің сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатына қатысты жұмыстарға өз пікірлерін айтып қана қоймай, оны жүзеге асыруға қатысуына мүмкіндік береді. Кеңсе сыбайлас жемқорлыққа қарсылық тақырыбында «Адалдық айнасы», «Адалдық көпірі», т.б 15 акция өткізді.

Мемлекеттік қызметкерлермен кездескен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы Алик Шпекбаев бұл мәселенің қоғамдағы маңызы зор екеніне тоқталды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері экономиканың барлық саласына әсер етеді. Оның тамырына балта шабу үшін құқық қорғау органдары, атқарушы билік пен азаматтық қоғам бірлесе жұмыс атқаруы керек.  Open-space форматына көшу - мемлекеттік органдардың азаматтарға ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған қадам.

-Қазақстанда кәсіби мемлекеттік аппарат құрылды. Мұны шетелдік бақылаушылар да мойындады. Бұған жету оңай болмады, бірақ біз қазір мемлекеттік қызметшілердің азаматтарға ашықтығын сеніммен айта аламыз. Мұны сіздердің өз елдеріңіздің патриоты бола отырып, адалдықпен атқарған жұмыстарыңыз көрсетіп отыр, деді Алик Шпекбаев.

Агенттік басшысы мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігі жөнінде де сөз қозғады. Егер бұзушылық болса, атқарып отырған лауазымына қарамастан жазаланады.

-Мемлекеттік саяси қызметшілердің бірінші басшысының отставкаға кету институтына байланысты заңнамалық  актілер қабылданды. Бұл бірінші кезекте министрлерге, олардың орынбасарлары мен аппарат басшыларына қатысты. Облыстық деңгейде - әкімдер мен орынбасарлары. Бұл бірінші басшы ретінде маған да қатысты. Егер менің орынбасарым, аппарат басшысы немесе аймақтағы департамент басшысы бұзушылыққа жол берсе, сот шешімі шығарылады және мен де автоматты түрде отставкаға кетуім керек. Бұл Қазақстанға келген халықаралық стандарт. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын қабылдамаған басшылардың жеке жауапкершілігі де бар, деді Алик Шпекбаев. ​

Жиналыстан кейін Алик Шпекбаев пен Махамбет Досмұхамбетов кәсіпкерлер форумына қатысты. Өңірлік бизнес-қауымдастық кәсіпкерлер мен шенеуніктердің арасындағы өзара байланыстың проблемалық мәселелерін көтерді. Соның ішінде жер учаскелерін беру, тариф саясаты, инфрақұрылым беру. Әр мәселені Агенттік төрағасы мен облыс әкімі назарға алды.

Форум аяқталғаннан кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басшысы мен облыс әкімі Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында жастармен кездесті. «Адам болып келдің өмірге» атты сыбайлас жемқорлыққа қарсылық тақырыбында театрландырылған қойылым көрсетілді. Одан кейін аймақтағы еріктілер корпусымен әңгімелесті. Кездесуде жастардың бойына жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыруда отбасында алған тәрбиенің маңызы зор екені туралы айтылды. Адал, парасатты, тәртіпті, ар-ұяты бар жас адам ешқашан заң бұзбайды және халқына қызмет етеді.