Руханият • 30 Желтоқсан, 2019

Айдархан Әділбаев:Көп ақша сұрайтын режиссерлерден қауіптенеміз

412 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында жұмыс қызу жүріп жатыр. Жуырда ғана мемлекеттік қаржыландырудан үмітті фильмдердің екінші байқауына өтініш қабылдау тоқтатылды. Қандай жобалар түсті, олар қалай іріктеледі, нәтижесі қашан шығады деген сынды дәстүрлі сауалдарымызды «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы төрағасының орынбасары Айдархан Әділбаевқа қойған едік.

Айдархан Әділбаев:Көп ақша сұрайтын  режиссерлерден қауіптенеміз

– Айдархан Болатұлы, екінші питчинг туралы айтуға әлі ертерек. Дегенмен, келіп түскен жұ­мыстар арасынан «ұлттық фильм» мәрте­бесіне лайық картиналар қалай ірік­телуде?

– Иә, ашық питчинг (киножоба таныстырылымы) келер жылдың қаңтар айының соңында өтеді. Нақты күні әлі жарияланған жоқ. Іріктеуден өткен жобалар сол кезде ведомствоаралық комиссия мүшелерінің қолына түседі. Оған дейін келіп түскен барлық жобалар эксперттік кеңесте іріктеледі.

Бірінші питчингте 109 өтініш түскен болатын. Осы жолы да сол шамалас түсетін шығар деп ойлағанбыз. Бірақ біз күткеннен екі есе көп – 215 жұмыс түсті. Бұл жолы өтініштердің басым бөлігі коммерциялық прокатты көздейтін көркем фильмдер болса, ең аз бөлігін авторлық артхаустық фильмдер құрайды. Одан бөлек дебюттік, деректі, қысқаметражды, анимациялық фильмдер мен ха­лықаралық өнім жобалары бойынша да жұмыстар бар.

Бізді отандық кинематографис­тердің белсенділіктері қуантты. Олар­дың ішінде беделі мен тәжірибесі жетерлік үлкендер де, кино әлеміне енді келген жастар да бар. Қазір сценарийлермен, синопсистермен, сметалармен танысу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл біраз уақытты алатын қиын шаруа. Сол үшін іріктеу уақыты ұзартылды. Эксперттік кеңестің ше­шімі де, таңдауы да дұрыс болуы қажет. Өйткені бұған отандық ки­нематографистердің болашағы тәуелді. Бір жағынан осы байқаудың себебімен қандай кино түсірілу керек, көрерменге не ұсынылуы қажеттігін кәсіби мамандардың шешкені де дұрыс емес пе? Эксперттік кеңестің құрамында тәжірибелі режиссерлер мен киносыншылар, мультфильм мамандары, прокат мамандары, пост-продакшн студияларының өкілдері де бар екенін айтқым келеді.

– Айтулы деңгейдегі үлкен бай­­қауға қатыстыруға жарамсыз сце­на­рий­лер де бар ма әлгі 215-тің ішін­де?

– Әрине байқау болған соң бәрі болады. Ондай сценарийлер отыз пайыздың айналасында. Ашық питчингтің жұмысын жеңілдету әрі көп уақыт алмау үшін біз Эксперттік кеңестің отырысын аптасына бір рет өткізіп отырамыз. Сол кезде қараймыз, талқылаймыз, ашық дауыс береміз. Нашар жоба­ларды алып тастап отырамыз. Сосын авторларға хаттама жіберіледі. Хат­тамада оның фильмі не үшін өтпе­гені жазылады. Фильмі әрі қарай жылжыған авторларға да бұл хаттамалар жіберіледі.

– Жобаларды қазірдің өзінде бір шолып шыққан шығарсыздар? Бұл байқауда отандық талантты режиссерлердің сапына қосылатын жаңа есімдер ашыла ма?

– Байқауға Эксперттік кеңестің мүшелері мүлде естімеген жас ре­жис­серлердің жобалары түсті. Ол жобалардың ішінде мазмұнды мезеттер көп. Әлгі режиссерлердің тәжі­рибесі аз болуы мүмкін, сценарий­лерінің құрылымы әлсіз не түсіретін орынды дұрыс таңдамаған болуы да мүмкін. Бірақ қандай сәттерге назар аудару қажеттігін, нені қалай түсіру керектігін олар біледі. Өз басым жаңа есімдер ашылады деп үміттенемін. Бірақ мынандай да жағдайларды ашып айтқым келеді. Көптеген үміткерлердің жобалары мол бюджетті қажет етеді. Яғни, олар кино түсіру үшін мемлекет ақшаны төбелерінен құю керек. Бұл жағдайдың немен байланысты екенін мен білмеймін. Режиссерлердің білімсіздігі мен тәжірибесіздігінің салдары ма, жоқ әлде әдейі біліп тұрып істелген нәрселер ме, анық айта алмаймын. Мүмкін олар мемлекетте есепсіз көп ақша бар деп ойлайтын шығар? Бұл қауіптендіреді. Тіпті біраз реніш айтуымызға да болады. Иә, сценарийлер қызықты. Жас, талантты жігіттер. Бірақ бюджет анау – үрлеген шар сияқты. Мұндай адамдарға сенудің өзі қиын. Дебют дебют болуы керек қой. Енді бастаған жас алдымен өзінің қабілетін көрсете білуі керек. Мұны тіпті кез келген бюджетпен жасауға да болады. Шағын бюджетпен жақсы фильм түсіруге болатынын Ержан Әділханов жақсы көрсетіп жүр. Ол түсірген фильмдер фестивальдерден де жүлделі оралады. Қазақстандық жас кинематографис­тер түсіріп жүрген коммерциялық фильмдер де аз ақшаға түсіріледі. Оларды да нашар деп айта алмайсың. Табыстары да жақсы. Ал есепсіз көп ақша сұрайтындарды түсіну қиын. Енді ғана бастаған жас режиссер ақталмайтын үлкен ақша сұрауы күдік тудырады. Олар шын мәнінде сметаны қалай құру керек екенін білмейді не таудай өзімшіл мүдделері бар. Сондықтан мен кино түсіруге құлшынысты адамдарға нақты, шынайы цифрларды жазыңыздар деп айтар ем. Иә, мемлекет жақсы мүмкіндік беріп тұр. Егер фильм әлеуметтік маңызы жоғары болса 100 пайыз шығын мемлекет есебінен төленеді. Прокаттан түсетін қаржының 80 пайы­зын продюсер алады. Бұл кинематографистерге жақсы фильмдер жасау үшін таптырмас мүмкіндік.

– Байқауға түскен фильмдердің түрлі жанрларда екенін айттыңыз. Соның ішінде халықаралық өнім­дер дегенге елең ете қалдық. Бұл қан­­­дай өнімдер? Яғни, бюджеті қан­дай болады? Қазақстанмен бір­лесіп кино түсіруге мүдделі болып отырған қай елдер?

– Негізінен бұл жобалар көп емес. Он шақты ғана. Татарстаннан, Якутиядан қызықты идеялар бар. Бұл жобалардың артында Ресей кино қорынан бөлінетін қаржы да бар. Яғни, бізге түсетін салмақ елу пайыз. Ол фильмдер де іріктеу сатысында. Қандай фильмдердің өтетіні әзірге белгісіз.

– Сіздердің орталық ұйымдас­тырған байқаудың ерекшелігі туралы айтсаңыз? Екінші рет қана ұйымдастырылып отырса да сонша көп үміткердің жиналуы нені білдіреді?

– Жас режиссерлер тұрғысынан айтайын. Егер жас режиссер осы байқауға қатысуға өтініш берген болса, ең кем дегенде оның туындысы електен өтеді. Ол өз туындысы туралы кино мамандарының пікірін біледі. Қай жеріне жұмыс істеу керек, қалай толықтыру керек, бас кейіпкерді қай қырынан көрсету керек, қалай аяқтау керек деген мәселеде міндетті түрде кәсіби мамандар кеңес береді. Яғни, автор ең маңызды нәрсе – кеңес алады. Ал егер оның туындысы түсірілетін фильмнің бірі ретінде таңдалса, бұл өте керемет нәрсе. Жас режиссер қосымша күш алады, өзіне сенімділік қалыптастырады. Әрине әр автор өзі жеке қаржыға түсіре беруге де болады. Бірақ бұл жерде бақылау да, пікір де жоқ болған соң сапа да болмауы мүмкін. Әрине біз коммерциялық фильмдердің барлығы бірдей сапасыз деуден аулақпыз. Тіпті оның ішінде табысты, жақсы фильмдердің де бар екенін жоғарыда айттық. Бірақ бұл фильмдер барлық кезде танымдық-идеологиялық емес. Көрермендерді де жалықтырып алуың мүмкін. «Келинка» сияқты комедия­ларды тықпалай берсең, тәрбиелік жағы да әлсірейді. Неге біз әлі күн­ге дейін кеңес кезінде түсірілген қа­­зақтың классикалық киноларын көз алмай көреміз? Бұл кинолардың адамға берер әсері зор. Кинода ой болуы керек. Егер картина біздің балаларымыздың дұрыс тәрбие алуына әсер ететін болса, өз басым сондай жобаға дауыс беремін.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»