Парламент • 31 Желтоқсан, 2019

Салиқалы сөз – саяси мәдениет (Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық сенім кеңесіндегі кейбір бастамаларына орай)

418 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Салиқалы сөз – саяси мәдениет (Президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық сенім кеңесіндегі кейбір бастамаларына орай)

Бүгінгі күннің жаңалығы мен жақсы­лығын көрген сайын олардың өз-өзінен бола қоймағанын, әсіресе кешегі тәуелсіздік қарсаңындағы, мемле­кеттіліктің алғашқы жылдарындағы қайшылықтар мен қиындықтарды басынан өткізген біздер, аға ұрпақ – дербес, еркін ел болып, жасампаздық жолының құндылығын айрықша түсініп, бағалай білуді жас ұрпақ та санасымен, жүрегімен сезініп, сақтай алса деп тілеріміз анық.

Сонымен бірге кешегі мен бүгінгінің кескін-келбетін сараптап, салыстыруымыз да әрі табиғи, әрі қажет.

Біз кім едік? Кім болдық? Неден бастадық? Қандай арман, игілікке қол жеткізе алдық? Болашағымыз, үмітіміз неде?

Бүгінгі бүкіл жетістігіміз бен жақсы­лығымыз, бақытымыз бастауын мем­лекеттік тәуелсіздіктен алатыны хақ.

Шағын мақалада ең маңызды құбы­лыс­тарды атасақ та жеткілікті болар. Езілген еңсеміз Одақтық Орталық билік­тің құрсауында, идеологиялық, саяси бағынышта болдық. Тәуелсіздіктің арқа­сында сол бұғаудан құтылдық. Ең ал­дымен рухани бостандық алдық. Өз мемлекетіміздің Туын көтердік. Еліміздегі өнеркәсіптің 93 пайызы Мәс­кеудің құзырында еді. Солар тоқтады. Әуел баста жаппай жұмыссыздық жайлады. 4 миллионнан астам адам жұмыссыз қалды. Өнім жоқ. Қаржы жоқ. Жалақы жоқ.

Ел тұрмысын жақсарту үшін шұғыл экономикалық реформа қажет болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сон­дықтан экономикалық реформадан бас­тады. Сол жол нәтижелі болды. Қазақ деген ұлтты дүниежүзілік қоғамдастықтың белсенді мүшесі дәрежесіне көтеріп, әлемге таныту қажет болды. Олай етпесек бізбен ешкім санаспас еді. Елбасының білікті қайраткерлігі ұлттың ұландарын, олардың бәсекелестік қабілетін, Қазақстанның мүмкіндігін әлем аренасына шығара алды. Дүние жүзінің ең озық, ең қуатты, ең дамыған мемлекеттері Қазақстан Республи­ка­сымен санасатын болды.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында жүргізілген ішкі және сыртқы саясаттың заман талабына сай, үндес әрі үдемелі жалғасуының нәтижесінде президенттік биліктің келесі буынға өтуі қамтамасыз етіліп, барлық игі бастамаларға сабақтастық қалыптасты.

Бүкіл халық болып сайлаған екінші Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тәуелсіздіктің қасиетті қадірін ұлықтап, оны болашақ ұрпақтың ең басты құндылығы ету мақсатында осы ұстанымға екпін беруі де ел қолдауына ие екені де ақиқат. Жаңа кезеңге жаңа дем беру күн тәртібіне көтерілді. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық сенім кеңесінің жұмысын жолға қойды. Қоғам дамуы мен жаңару жолдарының жаңа жобаларын ұсынды.

Әсіресе Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сінің екінші отырысында Прези­дент қоғам тамырының бүлкілін қалтқы­сыз тауып, көптеген жаңа ойларын, пікірлерін, кейбір тұстарда нақты шешім­дерін ортаға салды. Президент: «Біз сындарлы диалог арқылы жаңа сая­си мәдениеттің негізін қалыптастырып жатырмыз. Соның арқасында сан алуан пікірлер мен балама көзқарастар, сындарлы ұстаным, жауапкершілік сияқты құндылықтар алдыңғы қатарға шығады», деп қоғамның, халықтың, көптеген адамның көкейінде жүрген мәселелерді қозғады. Мемлекет басшы­сының мұндай ұйғарымдары сөз жоқ азаматтық қоғамның белсенділігінің ізгілікті жолмен өсуіне оң ықпалын тигі­зеді. Еліміздің ежелгі дәстүріндегі өткір сөз, орынды пікір айту, айтылған сөзді тыңдай білу мәдениетінің біздің халқы­мызға тән екендігіне назар аударды. Кейбір саясаткерлер Батыстың попу­листік үлгілеріне бас ұрып, мәселенің байыбына бармастан «беттен алып, төске шабу» өрескілдіктерімен көзге түскісі келеді. Адамдарға жауапсыз жала жауып, «жақтым қара» тәсілдері етек алмағаны жөн. Оның дені бүгін пайда болып немесе енді табылып отырған жаңалық емес, соңғы отыз жылдың бастауында өрекпіп шығып, өріс ала алмай өшіп жатқан белгілі байбаламдар. Сондықтан да Президент қоғамда, елімізде азаматтардың қоғамға шынайы жанашырлығы мен адалдығын алға тартып, саламатты, саяси мәдениеті жоғары орта қалыптастырудың маңыздылығына айрықша көңіл бөліп, нақты ұсыныстарын айтты. Қоғаммен диалогты Президент өзі бастап отыр. Яғни, пікір алысуға шыққан әр азамат жауапкершілік жүгін дәл Президенттің өзіндей түсінуі, бөлісуі көзделеді. Біз осы жағын да ескеруіміз қажет. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өзегі де осындай мақсаттан туындайды.

Біздің қоғамда ең бір сезімтал әрі түйіні толық шешілмеген мәселе – жер және оны тиімді пайдалану проблемасы. Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы да бұған үздіксіз назар аударып келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы осы маңызды мәселенің ел ішінде әлі де әділеттілікке әрі мемлекеттілікке жете алмай жүргеніне қынжылыспен қоғамның назарын аударып отыр. Жерге қатысты түйткілдер көп сөзбұйдаға жіберілмей айрықша тазалықпен шешілуі тиіс. Мемлекетіміздің құзырлы орындарына тікелей әкімдіктерге нақты тапсырмалар да беріліп келеді. Осы жолы да құзырлы мемлекеттік орындарға нақты тапсырма берілді. Оны халық жылы және сеніммен, үмітпен қабылдады. Құптайды. Жіберілген қателіктер баршылық. Қайта қарауды талап ететін жақтары көп. Барлық өңірлерге ортақ кемшіліктер жеткілікті. Сондай-ақ әр өңірде әртүрлі тек сол өңірлерге тән қайшылықтар адамдардың наразылығын туғызып жүр. Соларды мемлекеттік жауапкершілікпен сараптап, қарастырып, әділ шешімдер қабылдау билік парызы.

Президент сөзінде жерді пайдалануда соттардың рөліне тоқталды. Алайда, қазірге дейінгі көп жағдайда соттардың да әділдігі жетпей тұрғаны белгілі. Ел сотқа жүгінеді. Соттан әділдік іздейді. Сол сенім биігінен шығу соттардың міндеті, борышы.

Президент сөзінің қай бөлігі болса да ол адам құқығының, құқықтық кеңістігіміздің сақталуына айрықша мән береді. Адам құқығы азаматтардың құқығы сақталуымен бірге мемлекет, қоғам өміріне белсене қатынасуымен де айқындалады. Жоғарыда айтыл­ған саяси мәдениетіміздің өзі де аза­маттардың жалпыға бірдей адам құқығы нормаларының орындалуы мен мүмкіндіктеріне, әртүрлі саяси пар­тиялардың жұмыстары мен сайлауға қатысып, өз бағдарламаларын жүзеге асы­руға белсенділік көрсетуінің нәтижесі. Саяси партиялар құру үшін ұсыныл­ған жиырма мың мүшесі болуы да зор ықыласпен қарсы алынған жаңалық екенін де айтуымыз орынды. Сондай-ақ парламенттік оппозиция туралы, жастар мен әйелдердің парламенттік қызметке қатынасуы туралы тың ойлары ел ішінде қызу талқыланып, қолдау тауып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент лауазымына кіріскен алғашқы күнінен бастап біздің қоғамның саяси мәдениетін қалыптастырудың, дамудың мазмұнды саласы екендігіне назар аударып, салмақты сөз, салиқалы ойын халыққа ұсынды. Бұл – халық үшін жасалып отырған ашық әрі маңызды қадам. Бірлігіміз бен тұтастығымыз, өзара ынтымағымыз халқымызды дамудың сапалы өріне көтереріне де сенімдіміз.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты