Тұрғын үй кешенінің ашылуына Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Алтынбек Қайсағалиев қатысты.
«Жаңа жыл қарсаңында көптен бері армандап күткен пәтерлеріңізге қол жеткізгендеріңіз біз үшін үлкен қуаныш. Осыдан жеті жыл бұрын құрылысы басталған тұрғын үй кешеніне 200-ден астам отбасы қаржы салған. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және Үкімет басшысының жетекшілігімен арнайы қаражат бөлініп, соның нәтижесінде бұл үйдің құрылысы аяқталды», деді ол.
Осыдан кейін салтанатты түрде тұрғын үй кешенінің кілті табыс етілді. Бұған қоса «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, тұрғын үй кешенінің аяқталуына тікелей себепкер болған компания басшыларына қала әкімінің алғыс хаты табысталды. Жиында сөз алған құрылыс кооперативінің басшысы Гүлнәр Қасымова қала әкімінің құрылыс барысын әрдайым бақылауда ұстағанын атап өтті.
«Біз 2012 жылы «Азбука жилья» компаниясына ақшамызды салғаннан кейін 2013 жылы жаңа үйімізге көшуіміз керек болатын. Өкінішке қарай, компания басшылары өз міндеттерін орындамай, қалталарына ақша түскен соң шетел асып қашып кетті. Содан елорда әкімдігіне шағымданып барғанымызда қала басшылығы тұрғын үй кешенін «Орда инжинеринг» ұйымына тапсырды. Бірақ бұл компания сотпен жеңіп алған активтерімізді сатып, құрылысты аяқтамай кетті. Көп ұзамай мемлекет тарапынан «Нұрлы жер» бағдарламасы жарияланып, соның аясында проблемалы үйіміз «Елорда құрылыс компаниясына» бекітілді. Тендер жарияланып, баспанамызды «Меркурий және К» ұйымы аяқтады. Біздің жағдайымызды назардан тыс қалдырмаған Президентімізге, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне алғысымыз шексіз», деді жаңа баспана иелері.
Айта кетейік, «Комфорт Де Люкс» тұрғын үй кешені өз міндетін толық аяқтамаған құрылысшылардың кесірінен 2015 жылы проблемалы тұрғын үйлердің қатарына енгізілген болатын. 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында құрылысты аяқтау үшін «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС уәкілетті ұйымына ұсынылған. Кешен 20 қабаттан тұрады.