Азаматтық қоғамның дамуы мемлекетті әлсірету есебінен жүргізілмеуі керек. Екеуінің де тер төгіп, белсенді түрде араласатын тұстары мен салалары жетіп артылады. Мемлекеттің қолы жетпей жатқан алуан түрлі әлеуметтік сала кеңістігі азаматтық қоғамның еншісіне тиесілі. Бұған мемлекеттік органдар тарапынан түсіністік пен қолдау көрсетілген жағдайда, одан екі жақ та ұтпаса, ешбір ұтылмас еді. Қайта азаматтық сектордың белсенділігі есебінен мемлекеттің қолы ұзарар еді. Президент Қ.Тоқаевтың қоғам алдында қойып отырған міндеттеріне тоқталсақ, онда саясат тек билік институттарының жұмысы емес, саяси-көпшілік кеңістікке ендігі жерде азаматтық қоғамның да толыққанды кірісетін кезеңінің келгендігін түсінуге болатын сияқты.
Біз демократиялық жаңғыртуға бағыт ұстап, оған басымдық беріп отырмыз. Ендеше азаматтық қоғам неғұрлым жақсы дамығанда ғана демократия соғұрлым жетіле түседі деген түсінікті санамызға құйып, көкірегімізге ұялата бергеніміз абзал. Расында да, қазір азаматтық қоғам институттарының ықпалы мен мемлекеттік істерге араласудағы үлес салмағы бұрынғыға қарағанда артып келеді. Билік органдары өз жұмыстарында туындаған шиеленістік жағдайларды бірлесіп шешу мақсатында серіктестіктің әлеуметтік және басқарушылық түрлерін кеңінен қолдануға мәжбүр болып отыр. Қоғамдық байланыстың дамуына коммуникациялық кеңістіктің кеңеюі, ақпараттық алмасу, ашықтық деңгейінің біршама өсуі ықпал еткені де түсінікті. Ақпараттық сала желілік сипат алды, билік органдары мен тұрғындар арасындағы кері байланыстың түрі өзгерді. Ол барынша екіжақты үрдіске айналып келеді. Бірақ ең бастысы бұл диалог формалды түрде ғана кеңейіп қоймай, қажетті және нақты әлеуметтік нәтиже беретіндей болуы керек. Сонда ғана ол, жоғарыда айтылғандай, басқару субъектілерінің қатарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Ол үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынаста толық түсіністікке қол жеткізуге талпыну керек. Алайда, ғалымдардың пікірлері бойынша, ол әзірше мүмкін емес. Мұның басты себептері коммуникациялық үдерістердің шектеулілігінде жатыр. Толық түсіністікке жету үшін мақсатты түрде қоғамдық пікірді қалыптастыру арқылы екі жақтың көзқарастары мен мүдделерін үйлестіре білу керек. Бірақ билік құрылымдары мен азаматтық қоғам өкілдері арасындағы ақпараттық алмасу олардың мүдделеріне сай келіп, ойлағандарынан шыға бермейді. Биліктің іс-әрекеттері қоғам тарапынан сәйкесінше қабылданбай жатады. Билік көп жағдайда адамдармен диалогқа барғысы келмейді, олармен сөйлесе де алмайды, тіптен сөйлесуден қорқады да. Халыққа қабылданған шешімдердің мәні мен мақсатын түсіндіріп беру қолынан келе бермейді және оның шешімдердің жөнділігі мен қажеттілігіне адамдардың көзін жеткізуге өресі жетпей жатады, олардың сұрақтарына да жауап бере алмайды. Кейде аталған диалогтар саяси сауық, телесайыс сияқты әдеттегі әрекеттерге айналып кетіп жатады. Оның үстіне бұл қарым-қатынастар басқару жүйесінің қатаң бақылауымен жүргізілгендіктен ол формалданып, бюрократияланып, өзінің шығармашылық бастауынан айырылады. Азаматтық қоғам іс жүзінде жоғарыдан төмен қарай құрылған мемлекеттік билік жүйесіне кіріктіріле түсуде. Әуелі манипулятивті технологиялар арқылы әлеуметтің саяси үдеріске қатысушыларға қатысты пікірлерін өзгертуге күш салуы адамдар арасындағы конструктивті қарым-қатынастың қалыптасуына кедергі болып, олардың арасындағы түсіністікке нұқсан келтіреді. Нәтижесінде, біз әңгіме етіп отырған байланыстың орнына түрі жағынан диалог, ал шын мәнінде биліктің монологы пайда болады. Бұл тәсілдер белгілі бір жағдайларда ат төбеліндей әлеуметтік топтар, мемлекеттік құрылымдар мен ауқаттылардың мүдделерінің көпшіліктің пікірі ретінде беріліп, еліктеу немесе алдауға дейін әкеліп соғуда. Оның үстіне жүргізіліп жатқан реформаларға қарамастан мемлекеттік билік өзін «толыққанды», жабық және тұрғындардан мүлдем тәуелсіз күш ретінде сезіне бастады.
Туындаған тығырықтан шығудың жолын екі жақтың мүдделері мен күштерін біртұтас мемлекеттік басқару сатысы шеңберінде және саналы азаматтық ымыраға келу, жаңа «қоғамдық келісімшарт» негізінде біріктіруден іздеу керек сияқты. Осы күнге дейін мына бір ақиқатты түсіну қиынға соғып жүр. Оны кезінде Ф.Фукуяманың Кеңес өкіметі жайлы айтқан мына сөздерімен жеткізіп көрейін: «КСРО жағымсыз сезімдерді білдіретін заңды жолдың болмауынан зардап шекті. Сондықтан олар қордаланып жинала берді». Сол заңды тетік қазіргі заманғы коммуникативтік кеңістік емес пе екен? Осы арқылы ғана азаматтардың биліктің жұмысына қоғамдық бақылау ұйымдастыру арқылы олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуын ынталандыруға болар еді. Тиімді саяси диалог орнатудың негізінде ғана қоғамның мемлекетке, билікке деген сенімін қалпына келтіруге болады. Бұл – өте маңызды мәселе. Оны тіптен тағдыршешті деуге де тұрарлық. Қоғам мен билік арасындағы диалог XXI ғасырдың жаңа парадигмасы. Сондықтан философ ғалымдар мен мәдениеттанушылар бүгінде адамзатқа диалог әмірінде болуды жазып отыр, яғни диалог өмірлік қажеттілік, оған баруға мәжбүрміз деген пайымдаулар айтуда.
Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірін жаңғырту, оны демократияландыру, тиімді мемлекет құру, әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңі бәрібір әділеттілік мәселесіне келіп тіреледі. Өйткені Ежелгі Грекияның ақыны Пиндар «Мемлекеттің мызғымас негізі – әділеттілік» екендігіне көңіл аударған. Қоғамның дамуына кесірін тигізіп, мемлекеттің негізін шаятын қауіп-қатерлер туралы италиялық суретші, ғалым, жазушы Леонардо да Винчи «Жамандықты жазаламаған адам оның жасалуына жәрдемдеседі» десе, Рим философы, ақын және мемлекет қайраткері Луций Анней Сенека «Қылмыстыларды аяған адал адамдарға зиян келтіреді», деген екен. Өмірде кездесетін бұл құбылыстар әділеттіліктің ауылын алыстатып, керісінше, әділетсіздікті одан бетер ушықтыруы әбден мүмкін.
Сондықтан Қ.Тоқаев саяси жүйенің тұрақтылығының негізін «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласынан көріп отыр. Алда тұрған межеге жетуіміздің шарттарының бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру болмақ. Мұның жоғарыда Президент көрсетіп отырған формуланың үш элементіне де тікелей қатысы бар. Дегенмен оның үшіншісіне – Үкіметке қатысы басымырақ па деймін. Өйткені ол алдыңғы екеуіне де есеп береді, жауапты. Ал есеп беру үшін Үкімет елдегі жағдайды өз көзімен көрген, өз құлағымен естіп, есебін алған жергілікті және орталық атқарушы органдардың мәліметтеріне жүгінуге мәжбүр. Яғни, бұл кері байланыссыз мүмкін емес деген сөз.
Бұл қалыптасып, көптен бері қолданылып келе жатқан жүйе болғанымен де, тиімсіз болып тұр. Өйткені онда, өкінішке қарай, макрокөрсеткіштер, абсолюттік сандық деректер мен субъективтік сипат жиі кездесіп отырады. Онда нақты нәтижелер мен сапалық көрсеткіштер ескерілмейді. Сондықтан жаһандық заманда мұның аздық ететіндігін, тіптен жарамайтындығын Мемлекет басшысы жақсы біліп отыр. Бізді ең алдымен ондай көрсеткіштердің қоғамдық пікірмен жанаспай, оған кереғар болып жатуының себебі мен қоғамдық-саяси салдарлары алаңдатуы керек сияқты. Оның ендігі жерде билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға, оны белсендіруге көңіл бөліп, халықпен тиімді, нақты нәтижеге бағдарланған кері байланыс орнатуды мақсат етіп қоюға тікелей байланысты болып отырғандығы да осыдан. Сондықтан Қ.Тоқаев: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады», дейді. Құр айтып қоймай, ол осы бағытта жұмысты қалай істеу керектігінің заманауи үлгісін көрсетіп те жүр. Қоғам назарына ілінген оқиғаларға жедел түрде көңіл аударып, өз ойын білдіріп, көзқарасын айтып, тиісті тапсырмалар беріп, мұндай жағдайда қоғам тарапынан «алтын сағат» ережесіне сәйкес ерекше дегбірсіздікпен күтілетін уақыт ішінде қоғамдық пікірге оң ықпал ету бағытындағы қадамдарын жасап үлгеруде. Сындарлы қоғамдық диалог дегеніміз, міне, осы болар. Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі осындай қадамдардан басталып, қаланатын болар, сірә. Бұл – екі жақты үдеріс. Оның тиімді үрдіске айналуы тағы да осы билік пен азаматтық қоғамның еншісінде, бір-біріне қарай жасаған өзара тиімді және халық үшін, Отанымыз үшін, оның болашағы үшін жасалған тиімді де нәтижелі қадамдарға, олардың ізгі ниеттеріне тікелей байланысты болмақ.
Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесінде есту арқылы есте сақтау қабілетінің өте ерекше дамуына мән беріледі. Сондықтан баланың «құлағы түрік болсын» деп ырымдап, ет асқанда қойдың құлағын балаға берген. Осылай баланы жастайынан әр нәрседен хабардар болып жүруге тәрбиелеп, оның енжарлық, немқұрайдылық пен марғаулықтан аулақ болуына ниет білдіріп, үміт артып отырған. Ал құлақтың қызарып, қызғанында қазақта біреулер мені сырттай сөз қылып жатыр деген жору жиі кездеседі. Сол сияқты құлақ асты, құлағы елең етті, құлағын түрді, құлағына кірді, құлағына кірмеді, құлағынан ағып кетті, ақпа құлақ деген түсініктер де бар. Әлеуметтік ортада құлаққа жылы тиді, құлағына жақты, құлағына түрпідей тиді, құлақ етін жеді, құлағы тыныш, құлағы шалды, құлақ қағыс ету, құлағы тас бітіп қалды, естір құлаққа ұят, құлағы үйренді, ұзын құлақ, құйма құлақ сияқты ұғымдар да баршылық.
Ендеше Жаратушы бізді құлағына сөз кірмейтін, ол құлағынан ағып кететін ақпа құлақтардан, құлақтары тас бітіп қалған тас кереңдерден, халықтың сөзін естігісі келмей тек өз құлағының тыныштығын ойлайтындардан сақтағай. Оның орнына елдің мұқтажына құлақ асқан, құлағы елеңдеп, соған құлағын түре жүретін құйма құлақтарды көп қылсын. Қоғамда шешімін таба алмай жатқан, халықтың жанына бататын нәрселерді түсініп, қабылдайтын, естігенін көкейіне түйіп, соны құлаққағыс етіп мәселе ретінде көтеріп, оның шешімін іздеп жүретіндердің қатары өссін дейік.
Маған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы баланың «құлағы түрік болсын» деп ырымдап, балаға қойдың құлағын бергенді елестетеді. Ол – жақсы ырым. Ең болмаса өз халқына қызмет істеймін дейтін келер жас буын құлақ жеп, сайдың тасындай болып өссін, халқына жақын болсын, халқының тілеуін тілеп, Қазақ мемлекеттілігін мәңгілік етсін деген үмітіміз бар! Бәлкім, сонда ғана XI ғасырдағы ақын, ойшыл, ғалым және мемлекет қайраткері Жүсіп Баласағұн айтқан мемлекет қайраткерлері дүниеге келер:
Қалың елдің қарапайым жүрегі,
Соны білсең, сияпатың жүреді...
Жай халықсыз болмайды іс те, ештеме –
Жайлап сөйлес, жөнсіз билеп төстеме.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы