– Кенді аршығанда ежелгі жануарлардың омыртқасы, тағы басқа сүйектерінің сынығы экскаватор шөмішіне ілініп қалады. Ал өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап осы геология саласында жүрген менің тәжірибемде бірінші рет қаңқа тұтас қолымызға тиді. Топырақ қыртысына байланысты ғой, құмдауыт жерлердегі қаңқалар дұрыс сақталмайды. Қаңқа саз балшықта жатыр, сондықтан тұтас шықты. Бірақ біз қанша тырысқанымызбен балық қаңқасының құйрық жағы саз балшықпен бірге сынып түсіп қалыпты, – дейді кен алыбының бас геологы Николай Соломин.
Геологтардың айтуына қарағанда,олжа кеніштің 45 метр тереңдігінен табылған. Ал теңіз деңгейінен алғанда 150 метрдей болады. Табылған сүйектің тұрқы бір жарым метрден аспаса, кем емес. Біз бұл жаңалықтың жай-жапсарын білу үшін биолог Андрей Андрющенкоға хабарластық.
– Мен осы хабарды естісімен оның сапалы түсірілген суретін алып, алматылық әріптесім, полеонтолог Дмитрий Малаховқа хабарласқан едім. «Бұл сүйек әрине, ежелгі кесірткелердің бір түрі немесе басқа жануар емес, балық екені айқын. Бірақ жасын, балықтың қай түріне жататынын тек ол табылған тереңдіктің топырақ қыртысын зерттеуден кейін айтуға болады», деді Дмитрий. Мен де әріптесімнің сөзіне толық қосыламын, зерттемей тұрып, суретке қарап пәлендей қорытынды жасауға болмайды, – деді Андрей.
Ал кен кәсіпорнының бас геологы Николай Соломин балықтың жасын айтуға батылдық жасады.
– Әрине биологтардың сөзіне қосыламын. Балықтың қай түрі, тағы басқа ақпараттарды айту олардың еншісінде. Алайда, бұл табылған жануардың жасына байланысты пікір айта аламын. Себебі геологияда әңгіме алдымен жер қыртыстары туралы болады ғой. Біз тапқан қаңқа полеогендік екені айқын. Ол табылған жер қыртысы біздің дәуірге жақын, яғни 20 миллион мен 60 миллион жылдар арасы. Балықтың жасы кем дегенде 20 миллион жыл болады, яғни қаңқа кайнозой дәуіріне тиесілі, – деді Николай Иванович.
Биологтар өз сөзін айта жатар. Қашар балығының қаңқасы жергілікті музей сөресінен орын алады.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы