Номинация иегерлерін жеңістерімен құттықтаған қала басшысы жастар – еліміздің болашағы екенін атап өтіп, ел мүддесі үшін еңбек ету әркімнің міндеті екенін айтты.
Шымкент қаласы әкімінің «Үздік жастар» байқауының ережесіне сәйкес 28 номинация бойынша 14-29 жас аралығындағы 126 үміткер байқауға қатысып, іріктелген болатын. Байқау комиссиясының ұсынысымен 34 жас өз салалары бойынша үздік деп танылды.
Сонымен қатар әкім «Үздік қоғамдық ұйым» номинациясына лайықты деп танылған «ХІІ Legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық қорының мүшелеріне ерекше алғысын білдірді.
«Сіздер шымкенттік жастарды салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеп жүрген үздік ұйым ғана емес, сонымен қатар оларға үлгі болып жүрген азаматсыңдар. Қазіргі уақытта ең көкейкесті мәселелердің бірі жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру. Ал адамның өз денсаулығына көзқарасын өзгертуі, ең алдымен тәрбиелік мәселе болып табылады. Осы тұрғыда сіздердің еңбектеріңіз орасан екенін атап өткім келеді» деді Е.Айтаханов.
«ХІІ Legion» салауатты өмір салтын қалыптастыру қоғамдық қоры - Қазақстан Республикасының Воркаут спорт түрі бойынша чемпион және Қазақстан рекордттар кітабына енген ұйым.
Жастар жылы аясында қалада 3 мыңнан астам жас кәсіпкерлік курстарынан өтіп, олардың 1000-ға жуық жобаларына гранттар берілді. 6 мыңнан астам жастар жұмыспен қамтылды. Оған қоса биыл 904 жас баспанамен қамтамасыз етілуде.
Бұдан бөлек, студент жастарға арналған 3 жатақхана пайдалануға берілді. Ал, дарынды жастарды шыңдау мақсатында республикалық «Жас ақындар айтысы», «Көңілді тапқырлар алаңы» өткізілсе, жас ақындардың «Жаңа ғасыр әуендері» жыр жинағы жарық көрді. «Шабыт» жобасы аясында үздік жас әншілер мен би топтарына 10 арнайы бейнебаяндар түсірілді. Сонымен қатар волонтерлікпен айналысатын 1635 студентке әлеуметтік кредиттер берілуде.