Депутаттар әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне, атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың жаңа форматына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге баса назар аударады. Сондай-ақ Мәжілістің заңнамалық жұмыстары туралы хабардар етеді. Аймақтардағы жұмысы аясында Мәжіліс депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен кездеседі.
Сонымен қатар халық қалаулылары жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдау өткізеді. Депутаттар тек облыс және аудан орталықтарына ғана емес, шалғайдағы елді мекендерге де барады. Жексенбі, 5 қаңтарда Павлодар облысында Мәжіліс депутаттары Айзада Құрманова, Айгүл Нұркина және Александр Суслов Тереңкөл ауданындағы Песчаное ауылының тұрғындарымен кездеседі, ал депутаттар Нұрлан Әшімбетов пен Мейрам Пшембаев «Абай» ЖШС өндірістік цехының ұжымымен кездеседі.
Осы күні Нұр-Сұлтан қаласында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің Төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова мен Михаил Чирковтың «Жастар» театрының ұжымымен кездесулері жоспарланған. Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің Төрайымы Гүлжан Қарақұсова мен Татьяна Яковлева «Эндохирургия клиникасы» елордалық бастауыш партия ұйымының өкілдерімен кездеседі.
Ал депутаттар Светлана Бычкова мен Қанат Мусин Оқушылар сарайының ұжымы және Сапар Ахметов, Павел Казанцев, Жәмилә Нұрманбетова «Астана-Теплотранзит» АҚ еңбек ұжымының тыныс-тіршілігімен танысады. Мәжіліс депутаттарының аймақтарға сапары 14 қаңтарға дейін жалғасады.