Қоғам • 06 Қаңтар, 2020

Семейде – сілеусін, Өскеменде – елік

1485 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Шығыста жыл­дағыдай емес, қар қа­лың. Қардың қалың­дығынан талғажау етер азық азайды ма, әлде жүріп-тұру қиындады ма, жыртқыштарға жем болудан сақтанғаны ма, соңғы кездері өңірде аң-құстардың қалаға кіріп кетуі жиіледі.

Семейде – сілеусін, Өскеменде – елік

Былтыр жыл ортасында Се­мейдегі кітапханалардың біріне бұғы, ал Риддерге аю кіріп кеткен еді. Жыл аяғында, яғни желтоқ­сан айында Се­мейдің шетіндегі үйлердің бі­рінің ауласына сілеу­сін, облыс орталығына елік еніп кетіп, елді елең еткізген-ді. Өс­кемен көшесінде екі күн жүрген түз тағысын ақыры көлік қағып, жарақаттап, ша­һардағы ветеринарлық ем­ханалардың бі­ріне жет­кізілді. Елікке ота жа­салға­ны­мен, дәрігерлер жанын аман алып қала алмаған-ды. Адам­дар­дан пана іздеп, Ертіс жаға­сындағы қаланы екі күн бойы еркін кезген сұлу жануарды мұндағы құзырлы орындардың амалын тауып ұстап алып, шаһардан шығарып жіберуге тырыспағаны түсі­ніксіз.

Елік демекші, содан бір апта өтер-өтпесте қаладағы Абай даң­ғылының бойында жүрген екі елік көзге түсті. Ал кеше Өскеменнің шет жа­­ғындағы Жібек маталар шағын ауданындағы (ЖМК) көп­­қабатты үйлердің жанына жем іздеп, бір топ шіл келіпті. «Елік­тер қала маңын мекендейді. Оларды ЖМК шағын ауданы аумағынан кездестіруге болады. Шамасы жырт­қыштардан бас сауғалап, қалаға келген болуы керек» дейді өс­кемендік орнитолог-ғалым Сер­гей Ста­риков.

 

Шығыс Қазақстан облысы