Қоғам • 06 Қаңтар, 2020

2020 жылға – 2020 жұмыс орны

529 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр еліміздің қаласында да, даласында да мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекке қатысты әртүрлі мазмұндағы әңгімелер тасқыны толастамағаны мәлім.

2020 жылға – 2020 жұмыс орны

2020 жылдан бастап АЭК тағайындау ережесі мен көп балалы отбасылардың балаларына берілетін жәрдемақыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Енді бұл әңгімелер бір арнаға тоғысар деген ойдамыз. Айталық, бұған дейінгі тәжірибеде қол-аяғы балғадай отбасы иелері мен мүшелері жұмыс істемесе де көп жағдайда АӘК-ті алып келді.

Алдағы уақытта мұндай масылдықтан бас тартуға тура келетіні айтпаса да түсінікті. Яғни, еңбекке жарамды отбасы мүшелері міндетті түрде жұмыс істеуге тиіс. Мұндайда жұ­мыс жоқ, жұмыс табылмайды деп қара аспанды төндіріп, әртүрлі сылтау айтушылар да аз кездеспейді. Мүмкін солай да шы­ғар. Әйтсе де масылдық пиғылға бой ұрушылардың арасында тиісті ұйымдар ұсынған жұмыстан бас тартатындар да бар. Жаңа­дан енгізілген өзгерістерге сай мұндай жағдайда оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмайтыны белгілі болып отыр.

 Қысқасы, 2020 жылдан бастап АӘК әр отбасы мүшесіне отбасы табысы мен кедейшілік шегінің арасындағы айырмашылықты есептеу арқылы төленбек. Мысалы, бүгінде тұрғындардың басым бөлігін 1, 2 және 3 балаға дейінгі берілетін жәрдемақының жай-күйі көбірек толғандыратыны байқалады. Бұл ретте әлеуметтік төлемнің бұл түрі алдағы кезде де бұрынғыша қала бермек. Яғни, отбасындағы кіріс кедейлік шегінен асып кетпесе, әр балаға төленетін қаржылай көмек тоқтамайды деп мәлімдейді әлеуметтік қорғау мекемесінің мамандары.

 АӘК тағайындау ең алдымен облыстардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларына жауапты міндеттер жүктейді. Әсіресе әлеуметтік мекеме мамандарының тұрмысы төмен отбасы иелерімен және әлеуметтік көмекке мұқтаж өзге де жандармен жиі кездесіп, ой-пікір алмасып тұруының орны айрықша деуге болады. Бұл бағытта Ақтөбе өңірінде  соңғы кезде оң үрдіс байқалады. Осы орайда тиісті басқарма тұрғындармен әлеуметтік желі арқылы да байланыс орнатып, олардың сан алуан сұрақтарына жауап қайтарып жүргеніне куәміз.

 Бұл бағыттағы басты мәселе тұрғындарды жұмыспен қамтудың оңтайлы тәсілін белгілей білуге байланысты болмақ. Бұл үшін өңірде арнайы жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жұмыссыз жүргендердің отбасына кіріс кіргізу мүмкіндіктері қарастырылуда. Осы ілкімді істі одан әрі жалғастыру үшін 2020 жылы 2020 жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Басқарма тарапынан іске жарамды отбасы мүшелері еңбек етуден бас тартпауы керектігі жөнінде де ой саларлық әңгімелер айтылып, оған нақты мысалдар келтірілуде. Рас, бұған дейін өңірде табыс пен кіріс көзін жасырып, АӘК-ті заңсыз иелену деректері де болғаны жасырын емес. Қазіргі кезде бұған жол бермеу тетіктері қарастырылған. Атаулы әлеуметтік көмекке арқа сүйеп, алтынмен парапар уақыт пен қолда бар мүмкіндікті уысынан шығарып алатын отандастарымыз әлі де жеткілікті. Бұл жағдай масылдық пиғыл мен көзқарасты одан әрі тереңдете түспек. Осы тұста мемлекет тарапынан төленетін АӘК-тің ғұмыры шексіз емес екенін ұғына білудің де орны айрықша.

Бір сөзбен айтқанда бүгінгі күні кедейлік шегінде жүрген жандарға тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмек тұрақты табыс пен кіріс көзі емес, тек уақытша ғана берілетін қаржылай көмек екенін түйсіну қажет. Өйткені, өмір ұдайы өзгеріс пен қозғалыс үстінде. Осындайда «Жас өспей ме, жарлы байымай ма?» деген халқымыздың нақылға бергісіз ойлы сөзі еске орала береді.

«Кәсібің – нәсібің» дегендей, кез келген отбасының өз кәсіптерін ашуға ұмтылуына тиісті қолдау көрсетілуінің орны бөлек. Бұл ретте елімізде жаңа кәсіпке бейімдеу бағытында тегін оқыту курстары жүйесі белгіленуі оны ширата түсуге септігін тигізбек.

 

АҚТӨБЕ