Спорт • 10 Қаңтар, 2020

Дмитрий Поляков: Тоғызқұмалақ ойнаңдар!

369 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қостанайда әдемі бір шара өтті. Тоғызқұмалақтан еліміздегі тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның 9 мәрте чемпионы Дмитрий Поляковтың 90 жасқа толуына орай облыстық ашық турнирге республикалық жарыстарда оның өзімен бірге ойнаған, бәсекелес, әріптес ардагер тоғызқұмалақшылар шақырылыпты.

Дмитрий Поляков: Тоғызқұмалақ ойнаңдар!

Дмитрий Степанович өзінің тоғызқұмалақшы достарымен екі күн бойы араласты, талай жарыстардағы қызықты сәттерді еске алды. Тоғызқұмалақшының өзі де әңгімешіл. 60-шы жылдары спортты дамыту жөнінде ҚКСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаулысы шығуына орай, жалпықазақстандық спартакиада спорттың көптеген тү­рін қамтиды. Соның ішінде қ­а­зақ­тың ұлттық спорт ойыны то­ғызқұмалақ та бар болатын. Об­­­лыстық спорт және де­не­шы­нықтыру саласын бас­қаратын орыс жігіті бұл ойынның не еке­нін біл­мейді де, Қостанай мен Тор­ғай қазақтарынан айнала сұрас­тырады.

– Қостанайды былай қояйын, Торғайдан осы ойынды біле­тін ешкім табылмады ғой. Сұ­рас­ты­рып жүргенімде бір қа­зақ­тың айтқаны әлі есімнен кет­пейді. «Грузиндердің нардасы сияқ­ты шығар» деді. Жас ке­зім ғой, кө­шеде кездескен әлгі кісіге: «Гру­зиннің ойынын біледі екенсің, өз қазағыңның ойынын білмейтін қандай намыссыз адам­сың?» деп айтқаным бар еді. Содан Қарағанды облысынан тоғызқұмалақ ойнайтын бір ақса­қал табылды-ау, әйтеуір. Дереу Қостанайға алып келдік. Сол кезде жетпістің желкесіне мінген кісі еді, өкінішке қа­рай аты-жөнін ұмыттым. Тоғыз­құма­лақты ақсақалдан үйренген соң, өз командамыз да пайда болды. Жаттығуға бір күн қалмай қатыстық, ерекше ықыласымыз түсті. Күнде түскі ас ке­зін­де ойнаймыз, шахматты да, басқаны да ұмыттық, – дейді Дмитрий Степанович. Қарағанды қаласында өткен өңірлік жа­рыс­қа Қостанай қалалық жарыста жеңімпаз болған Мансұр Латыповты жібереді. Жамбыл, Шымкент облысынан келген то­ғызқұмалақшылар Мансұрды алғашқы турларда-ақ «лақтырып» жібереді. Ол жеңілсе де, жарыс­тағы мықтылардың ойындарын қадағалап, әдіс-тәсілдерін ай­тып келеді. Қостанайлықтар ойын­ның теориясына аса мән беріп, шахмат сияқты әр жүрісті жазып отыруға келіседі. Дмитрий Степанович тоғызқұмалақтан Қостанайдың командасы бірінші рет қатысқан чемпионаттың сон­шалықты әсер­лі өткенін күні бүгінге дейін ұмыт­пайды, әңгімелеуге де ерінбейді.

– Есімде, республикалық чем­­пионат 1962 жылы Жамбыл қаласында өтті. Қостанай ко­манда­сының құрамында орыс та, татар да, корей де, қазақ та бар. Ал оңтүстіктің командалары негізінен қазақтар екен. Біз әр жүрісті жазамыз ғой, сондықтан «Қостанайдың командасы үйрену үшін келіпті» деген сөз тарап кетті. Содан жарыс басталды. Бірінші турда біздің командадағы бесеуіміз де жеңдік. Кешке қарай қонақ үйде жүрістерімізді сараптаймыз. Біздің бірінші турдағы жеңісімізді «кездейсоқтық» деп­ті қатысушылар. Екінші турда да бесеуіміз бірдей жеңдік. Үшін­ші турда жеңгенімізде бұрын тоғызқұмалақтың «майын ішкен» мықтылар «бұл қалай болды?» деп тосырқай бастады. Ал төр­тінші турдан кейін олар кешке біз жатқан қонақүйге келіп, «құпиямызды» білгісі келді, – деп қартым кеңкілдеп күліп алды. Ол кезде республикадағы үздіктер жамбылдықтар болатын. Осы чемпионаттан кейін көшбасшылық қостанайлық то­ғызқұмалақшыларға өтеді. Он екі жыл бойы қандай жарыста да олар жеңісті уыстан шығармай ұстайды.

Тоғызқұмалақты тапқаннан кейін Дмитрий Степанович шахматты да, өзі жастайынан ай­налысқан семсерлесуді де тас­тап кетеді. Ол осы күнге дейін қазақ қойшыларының ойлап тап­қан тоғызқұмалақ ойынының адам миын дамытып, ойлау қа­білетін ұштауда керемет әсері барына таңданумен келеді. Рес­публикалық командалық жә­не жекелей чемпионаттарға қа­тыс­қанда әріптестері «Поляков жүз жүрісті ал­­дын ала біліп отырады» деп ба­ға­лаған ғой. Қазақ спорты ақса­қал­дарының біріне айналған ол жасы 90-ға келіп отырса да, ком­пьютермен тоғызқұмалақ ойнайды.

– Мен тоғызқұмалақтан жа­рыс­тарға алғаш барып жүргенде сақалы беліне түскен қариялармен ойнайтынбыз. Ойыншылардың ең жасы мен болатынмын. Ал онда менің жасым да қырыққа келіп қалған кез еді. Ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды сақ­тап қалуда Қазақстанның оң­түс­­тігіндегі Ақпанбетов секіл­ді ақсақалдардың еңбегі ұшан-те­ңіз. Ал қазір мектеп балалары то­ғызқұмалақ ойнағанда ая­ғыңды әлтек-тәлтек бас­ты­­­рады, ойынның әдіс-тәсіл­дерін керемет меңгерген. Мен осыған өте қуанамын, – дей­ді Дмитрий Степанович. Қарт то­ғызқұмалақшының өзі оның нағыз насихатшысы болды. Өзі спорттың осы түрі­нен рес­пуб­лика­ның тұңғыш спорт шебері атанса, оның шәкірті Базарбай Әзімжанов тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі тұңғыш спорт шебері болды.

– Дмитрий Степанович Қос­танайда өзінен кейін тоғызқұ­малақшылардың 6-7 буынын тәр­биеледі. Ол бізге студент кез­­де денешынықтырудан са­бақ берді. Алғашқы күні-ақ то­ғыз­­құмалақ спорты туралы айтып, үйірмеге шақырды. Сол күн­нен бастап тоғызқұмалақты да тас­таған емеспін, Дмитрий Сте­па­новичпен де байланысымды үзген жоқпын. Ұстазымның мерейтойына Алматыдан келіп отыр­мын. Мамандығым экономист. Ал тоғызқұмалақ менің өмі­рім­нің бөлінбес бөлшегі, – дей­ді Базарбай.

 Біз қоштасарда Дмитрий Степановичтен ұзақ жасаудың сыры неде екенін сұрадық. Ақса­қал ойланбастан: «тоғызқұмалақ ойнаңдар» деді. Мұның әзіл емес екенін де айтты.

– Дәрігерлік тексеру кезінде қыздарым менің басымды меди­циналық компьютерлік томография аппаратына түсірген. Сонда дәрігер мына жасыма қарағанда ми қан тамырларының өте жақсы сақталғанына таңғалыпты. Ал ме­нің тоғызқұмалақ ойнамайтын күнім жоқ. Мен бұл ойынды шахматтан артық болмаса, бір де кем көрмеймін. Мұны ұлттық ойын дегенге шеңбері тар деп ойлайтындар бар, қателеседі. Жарыстар шеңберін кеңейте беру керек, – деді Дмитрий Сте­панович.

Атақты тоғызқұмалақшының мерейтойында оған облыс әкімі­нің орынбасары Ғауез Нұр­мұ­хан­­бетов облыс әкімі Ар­хи­мед Мұ­­хамбетовтың құттық­тауын жет­­кізсе, Дүниежүзі тоғыз­құма­лақ­­шылар федерациясының пре­зи­денті Әлихан Бәйменов ар­найы өзі келіп құттықтап, шапан жапты.

 

ҚОСТАНАЙ