Аймақтар • 10 Қаңтар, 2020

Қасқа жолдағы Қарабалық кемпингі ауылдағыларға жұмыс беріп отыр

402 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір Қарабалық ауданын тек Қазақстан емес, одан тысқары жерлер де біліп қалды десек, артық кете қоймаспыз. Осыдан бақандай бес жыл бұрын бой көтерген кемпинг сонау Алатаудан басталып, Арқаны басып өтіп, Ресейдің ішкі жағына дейін созылатын Алматы – Екатеринбург тас жолымен жүретін жолаушылардың есіне алдымен Қарабалықты түсіреді.

Қасқа жолдағы Қарабалық кемпингі ауылдағыларға жұмыс беріп отыр

Себебі осы тас жолдың бо­йын­­да орналасқан кемпингке Ал­ма­тыдан да, Екатеринбургтен де жол­соқты болып келе жатқан жо­лау­­шының тоқтамайтыны кем­де-кем десе болады. Кемпингтің аула­сына қатар-қатар тоқтаған жүк машиналары, жеңіл көліктер иін тіреседі.

– Жолдың қиындығын жолау­шыдан артық кімнен сұрайсыз? Мына жүк машиналарының жүр­гізушілері мұнда жуынып, ыстық тамақ ішіп алу үшін тоқ­тай­ды. Қолайсыздау болса да айта­йын, жол бойында жылытылған дәретхананың болмауы да жолаушы үшін шешімін таппай келе жатқан шаруа ғой. Ал бізде тәулігіне мың жарым, жол жабық кезде екі мыңның сыртында жолаушы тоқтайды. Дәретхана мен душ үшін айына бір мың текше метр су кетеді. Дәретхана таза­лығын бірнеше техникалық қызметкерлер күн-түні кезекпен қадағалайды. Тұщы судың қым­баттығы өз алдына, – дейді кем­пингтің иесі Марат Айтқазин.

Расында, Марат Нұрғали­ұлы­ның сөзіне ешқандай алып-қосу­дың қажеті жоқ. Бұл жо­лау­шы­ның барлығына да бел­г­ілі жол қиындығының бірі. Жел­тоқсан айы­ның бас кезінде Қос­танай өңі­рінде тәулікке жуық көзге түрт­се көргісіз боран соқты. Аз уақытта айналаны қар басып қалды да, жол полициясы бар­лық бағыттағы жолдарды жауып тастады. Сол күні Қара­ба­лық кемпингінің алдына тоқ­таған үлкен жүк және жеңіл көлік­тердің санында есеп болған жоқ. Сыймаған көліктер ұзыннан ұзақ жолдың шетіне тоқтап, жүргізуші, жолаушылар кемпингке келіп, ыстық тамақ ішіп, жуынып-шайынып, боран басылғанша демалды.

Асхана, дүкен, авто­көлікті сақтандыру бекеті сияқ­ты жолау­шы қажетін өтейтін қыз­меттің барлығы бар. Кең жолақты интернет те істеп тұр.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы Қазақстан халқына жол­даған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір бола­шақ» атты Жолдауында «көлік инфрақұрылымы – ин­дус­триялық экономика мен қоға­мы­мыздың тамырына қан жүгір­тетін жүйе» екенін айта отырып, «логистикалық қызмет көрсету сек­торын дамыту қажеттігін» мін­­деттеген болатын. Кәсіп­кер­дің 90-жылдары тоқтап, қаң­қа­сы қараусыз тұрған сүт зауыты ғи­ма­ратының жаңаша түрлен­діруіне Елбасының осы Жолдауы түрткі болыпты.

Қарабалық кемпингі жо­лау­шыларға қызмет көрсетуді заманауи деңгейге көтерген. «Театр киім ілгіштен басталады» дегендей, кемпингке кіре берісте-ақ келген кісі таңданып қарайтын жағдайдың барлығы жасалған. Ең бастысы, жолсоқты жолаушы кемпингке кіре бергеннен шыбын тайып жығылатын тазалық оның бо­йын сергітіп сала береді.

«Мен жұмыс бабымен жолда көп жүремін. Қазақстан­ның өзге өңірінен дәл мұндай кемпинг кездестірген емеспін. Жа­тар орның таза, тамағы дәмді, іші сәнді. Жол бойын­да осындай кемпингтер көбей­ге­нін қалаймын» деп жазады кемпингтің пікір қалдыру кіта­бына Мұхаммед деген жолаушы. «Біз Самарадан келе жатыр­мыз. Кемпинге кір­генде өзіміз­ді Еуропада жүр­ген­дей сезін­дік. Шынымызды айт­сақ, мұн­дағы қызмет көр­сету­дің кәсіби білі­гінің жоғары­лы­ғы таң­­ғал­дырды», деп жазады Наталья мен Ярослав Гремухиндер.

 

 

 

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы