Қоғам • 10 Қаңтар, 2020

Аттракциондар қауіпсіздігі қатаң қадағаланса игі

1082 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта елімізде аттракциондарға байланыс­ты тосын оқиғалардың жиілеп кеткені жасырын емес. Бұл адамдардың салғырттығы ма, әлде қауіпсіздік мәселесінің қалтарыста қалып бара жатқанын көрсете ме? Осындай жағдайдың бірі жаңа жылдың алғашқы күндерінде Алматыда болып, «Көктөбе» саябағына серіппелі әткеншекке ойнаймын деп келген жасөспірім абайсызда мертігіп қалды.

Аттракциондар қауіпсіздігі  қатаң қадағаланса игі

Қауіпсіздік белбеуінен шығып кеткен баланың биік­тіктен құлдилай құлағаны бейнеленген бейнежазба желіде желдей жүйткіп тара­ған еді. Мәлім болғандай, «Катапульта» аттракционына мінген 14 жастағы жет­кіншектің омыртқа мен сол жақ білек сүйегі, он жақ табан сүйегі мен сол аяғының тобығы сынған.

Алғашында зардап шеккен оқушының жақын­дары болған оқиғаға бай­ланысты ешкімге шағым­данбайтынын, себебі бала­ның аттракционнан аңдау­сызда құлағанын жеткізген еді. Дегенмен ПД баспасөз қызметі таратқан хабарда туыстарының түсі­нікте­месіне қарамастан, Медеу ауданы полиция бас­қарма­сы Қылмыстық кодекс­тің 306-бабы, яғни «Қауiп­сiздiк талаптарына сай кел­мейтін тауарларды шы­ғару немесе сату, жұмыс­тар­ды орындау не қызметтер көр­сету» ісі бойынша сотқа де­йінгі тергеу амалдарын тір­кегені мәлім болды.

Зардап шегуші ем алып жатқан Балаларға шұ­ғыл медициналық көмек көр­сету орталығының бас дәрігері Абай Құсайынов, жасөспірімнің көп жері сынғанын, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр­ғанын жеткізді. Атап өтіл­гендей, бала салалық трав­матологиялық бөлімшеде жатыр, толық есін біледі, туыстарымен сөйлесе алады. Науқасқа қажетті меди­ци­налық көмек толық көлемде көрсетілген.

Бастысы, бұл оқиғадан зар­дап шеккен бала аман қал­ды. Өткен жылдың жаз айында Қарағандыдағы тосын жағдайдан өрімдей ұл көз жұмғаны, елордадағы ойын алаңдарының біріндегі үрлемелі батуттан құлаған бес бірдей жеткіншек ауыр жарақат алғаны белгілі. Қа­лай болғанда да бұл сал­ғырт қарайтын мәселе емес. Айдың, күннің аманында бо­ла­шағынан үміт күтіп отыр­ған өренінен көз жазып қалу ата-ана үшін ауыр қасірет.

Былтыр Инвестициялар және даму министрлігі елі­міздегі аттракциондар­дағы қауіп­сіздік мәселесі қатаң қадағаланатынын тілге тиек еткен еді. 2018 жылдың 18 сәуірінен Еуразиялық эко­­номикалық одақтың «Аттра­кциондардың қауіп­сіздігі туралы» техникалық регламенті күшіне еніп, бұл тұрғыда ұлттық стандарт құрылған болатын. Құжат адамдардың өмірі мен денсаулығын, ең алдымен балаларды қорғауға әзір­ленген. Онда ойын әткен­шектерінің қауіпсіздігі, оны іске қосуды жоспарлау, тиісті стандарттарды қол­дану қатаң көрсетілген. Құжат­қа сәйкес аттракционды іске қосуда, орнатуда жауапты мамандар болуға тиіс. Аттракцион иесі құрылғыны жергілікті атқарушы билік органдарына тіркеуі керек. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өткен жылдан бастап тек ЕЭО-ның сертификаты бар құрылғыларды ғана сатып алуға рұқсат берілген.

Қоғам белсендісі Ас­хат Асылбеков, аталған тақы­рыпқа қатысты өз ойын жеткізді. «Бала біздің бола­ша­ғымыз деп жатамыз. Ен­деше бұл мәселеге салғырт қарамауымыз қажет. Әрбір атт­ракционның техникалық жағдайын көрсететін құжаты болады. Осы құжаттар үнемі тек­серіліп отыруы шарт. Көп жағ­дайда кәсіпкерлер пайданы көбірек ойлап, тозы­ғы жет­кен құралдарды дер кезін­де ауыстыруға салғырт қарауы мүмкін. Тілі жоқ тех­ни­ка кез келген уақытта сыр беруі ғажап емес. Қиын жағдайда кінәні жел мен жаңбырға жауып қоймай, сонымен табыс тауып отырған адамдар қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс. Сондықтан құрылғыларға сертификат берерде, тексеру жұмыстарында жауапты меке­мелер жауапкершілік таныт­қаны абзал», дейді ол.

Табысты бизнестің бірі саналатын аттракциондағы келеңсіз оқиғалардан әлемде жыл сайын қаншама адам ажал құшуда. Бұл жағдайлардан сабақ алып, ойын-сауықтық құрылғылардың қауіпсіздігі қатаң қадағаланса игі. Айт­қызбай келер апатқа ешкімнің де тосқауыл бола алмасы анық, алайда қарапайым ғана тех­­никалық ережені ескер­меу­дің салдарынан болып жат­қан мұндай оқиғалар бұ­дан былай қайталанбаса дейсің.

 

АЛМАТЫ