Қазақстан • 10 Қаңтар, 2020

Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді қабылдады

289 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев Асқар Маминді қабылдады

Кездесу барысында Елбасына Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық ахуал және халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат ұсынылды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Бес институционалдық реформаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары тармақтарын сапалы орындаудың маңыздылығына назар аударды.

«Экономикадағы ахуал жаман емес. Қазір "100 нақты қадам" Ұлт жоспарын мұқият жүзеге асыру маңызды. Орындалған міндеттер бар, бірақ ерекше мән беруді қажет ететін орындалмаған тармақтар да қалып отыр» деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Асқар Мамин 2019 жылдың қорытындысы бойынша қол жеткізген экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері және ұлттық экономиканы одан әрі нығайту жөніндегі жоспарлары туралы мәлімет берді.

«Ел экономикасы тұрақты дамып келеді. Біз жоғары экономикалық көрсеткіштерге қол жеткіздік. 2019 жылдың нәтижесі бойынша ЖІӨ өсімі 4,5% құрады. Негізгі драйверлер – құрылыс, көлік, сауда, байланыс салалары» деді Премьер-Министр.

А. Маминнің баяндамасына сәйкес құрылыс саласының даму қарқыны 12,9%, сауда – 7,6%, байланыс – 5,2%, көлік – 5,1%, өңдеу саласы – 4,4%, тау-кен өнеркәсібі – 3,7% құрады. Ал халықтың табысы 5,5%, негізгі капиталға инвестициялар 8,5% өсіп, сауда айналымы $97 млрд құрады.