Қоғам • 14 Қаңтар, 2020

Балалардың жазығы не?

283 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желі арқылы тараған аузы буылып, қол-аяғы байланған бала туралы жүрекке де, жүйкеге де салмақ түсірер бейнежазба жұртты бейжай қалдырмағаны анық. Қозғала алмай, шарасыз күйде отырған балаға қатысты жантүршігерлік жайт Сарыағаш ауданында орын алған. Осы бір келеңсіз оқиғадан бірнеше күн бұрын шымкенттік алты баланың анасы өзіне қол салған-ды.

Балалардың жазығы не?

Сарыағаш ауданындағы оқиғаға қатысты Түркістан облыстық полиция департаменті түсініктеме беріп, қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, полицияға арызды баланың әкесі жазыпты. Ол өз арызында бұрынғы азаматтық некедегі әйелі 2017 жылы туған ұлына қысым көрсетуде деп шағымданған. Сот-медициналық сараптаманың қоры­тын­дысына сәйкес, баланың денесінен ешқандай жарақат немесе күш қолда­ну­дың белгісі анықталмаған. «Ерлі-зайып­ты­лар арасындағы дау ер-азаматтың ұзақ уақыт бойы алимент төлемегенінен бас­тал­ған. Бұл отбасы 2014-2018 жылдар аралығында азаматтық некеде болған. Ерлі-зайыптының екі баласы бар – қыз және ұл бала. Баланың анасы ешқандай есепте тұрмайды. Қазіргі уақытта тергеп-тексеру амалдары өз жалғасын табуда»,  деп мәлімдеді Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. Көпшілік ананың жауапсыздығына күйінсе, енді біразы аузы-басы байлау­лы баласын босатпай бейнежазбаға түсіріп жүрген әкесінің әрекетіне ашуланды. Кінәліні тиісті орындар анықтап, жаза қолданар. Ал баланың жазығы не? Есі дұрыс адам кішкентай баланың қол-аяғын байлап, аузын қымтап қорлай ма? Иә, әке мен ананың арасындағы алиментке қатысты дауда жәбірленуші жалғыз – жазықсыз да бейкүнә бала.

Қоғамымызда соңғы кездері жиі туындап отырған ең өткір мәселенің бірі де осы – алимент төлеу болып отыр. Алтын құрсақты аналар көп саналатын Бәйдібек аудандық прокуратурасының аға прокуроры Азат Тілеужанқызының айтуынша, ауданда қазіргі таңда алимент төлеуге тиіс 522 борышкер бар. «Алимент төлемеудің негізгі себептерінің бірі – борышкердің тұрақты жұмысының немесе тұрақты табысының болмауы. Бұл жағдайда сот орындаушылары жұмыссыз борышкерлерге жұмыспен қамту орталықтарына баруды ұсынады. Дегенмен жалақысы төмен болғандықтан, борышкерлердің басым көпшілігі ол жұмыстардан бас тартып жатады. Оның үстіне еңбектен жалтару үшін табатын сылтаулары да тым көп»,  дейді А.Тілеужанқызы. Бүгінгі таңда сот орындаушылары алимент төлемейтін борышкерге мәжбүрлеу сипатындағы шараларды қолданады. Мысалы, 3 айдан астам алимент төлемеген борышкерге уақытша шетелге шығуға тыйым салынады, бұрын берілген арнайы құқықтары мен лицензияларының қыз­ме­ті тоқтатылады. Сондай-ақ борыш­кердің мүлкі тәркілеуге жолданып, мүлкі болмаған жағдайда әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Алимент төлеуден қасақана жалтарғандарға заңмен қыл­мыс­тық жауапкершілік те көзделген. Де­генмен жауапкершіліктен қашқан әке­нің кесірінен жазықсыз бала жапа ше­гіп жатқанына жоғарыдағы оқиға бір ғана дәлел.

Ал шымкенттік көп балалы ананың тосын шешімге келуіне, баспана мәселесі себеп болған сияқты. Алты баланың анасы Шымкенттегі Бекетті көшесіндегі кепе үйлерден пәтер жалдап тұрған. Аула сыпырушы болған 41 жастағы әйел 42 мың теңге айлығының 12 мы­ңын пәтерақыға төлейді. Қалған 30 мың теңгені 6 баласының қай жағына жеткізеді?! Әріптестері оның үй алып, бала­ларын үйлендіруді армандағанын айта­ды. Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы бас­қармасындағылардың айтуынша, көп балалы ана 2012 жылдан бері пәтер кезегінде тұрған. Қазіргі уақытта осы оқи­ғаға қатысты жергілікті полиция «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Тұрғын үй басқармасы басшылығының айтуынша, марқұм болған әйелге сатып алу құқығынсыз жалға берілуі тиіс 3 бөлмелі пәтер енді оның 21 жастағы үлкен ұлына беріледі. Оған заң мүмкіндік береді екен. Қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып, аналарынан айырылған алты бала баспаналы болар. Бірақ алты баланың әкесі қайда, бар болса ол қандай күйде немесе жауапкершілікті сезіне ме деген заңды сұрақ туындайды.

Осы жауапкершілік, оның ішінде әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында кеңінен тоқта­лыпты. «Әлеуметтік жауапкершілік қайт­кенде орнына келеді? Әрине бұл  оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты. Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек жылы жүрек керек екенін айтады. Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.

Біз Абайдың «толық адам» тұжы­­ры­мын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепция­сы, шындап келгенде, өміріміздің кез кел­ген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айнал­уы керек деп есептеймін», дейді Мемлекет басшысы.

Яғни, жоғарыда біз келтірген, өкініш­ке қарай орын алған оқиғалар толық емес отба­сы­да, әсіресе «жылы жүрегі» жоқ ер-азаматтың бала тәрбиесіндегі жауап­кер­шілігінің төмендігінен болып отыр. Бұл орайда Президент айтқан «Толық адам» концепциясы толық отбасы ретінде қоғамда көрініс табуы қажет-ақ. Иә, бала тәрбиесінде ата-ана жауапкершілігін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан іс аз емес. Мысалы, Түркістан облысы әкім­ді­гінің тапсырмасымен барлық аудан, қалалардағы орта мектептерде «Әкелер мектебі» құрылған. Оның құрамына кірген ақсақалдар мен түрлі ұйым мү­ше­ле­рі жасөспірімдер тәрбиесін түзеу мен салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды дә­ріптеумен айналысып, отбасылық тәр­биені насихаттап, мектептердегі бала тәрбиесіне атсалысады. «Әке – бала үшін тау тұлға. Бала әкеге қарап өседі. Әр әке баласына уақыт бөліп, кеңесіп отырғаны дұрыс. Сонда баланың ой өрісі дұрыс қалыптасып, көңіл көкжиегі кеңейіп, кез келген мәселеге жан-жақты қарауға ұм­тылады. Өзі түзу ағаштың көлеңкесі ешуақытта қисық болмайды. Дұрыс әке дұрыс тәрбие берсе, қоғамның дұрыс дамуына айтарлықтай үлес қосары анық», дейді Түркістан облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов. Сондай-ақ өткен жылдың соңында облыс орталығында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының қол­да­уымен «Әкелер» форумы өткізілді. Отба­сындағы әкенің міндеттері мен жауапкершілігін қалыптастыра отырып, ер балаларды ұлттық рухта тәрбиелеп, әдеп-ғұрыпты, салт-дәстүрді насихаттап санасына сіңіруді мақсат еткен форум өңірде алғаш қолға алынып отыр. «Әкелер мектебі – тәрбие мектебі», «Әке жолы – ізгі жол», «Әке – өнеге», «Отбасы – ұлағат ұясы» атты тақырыптар аясында баяндамашылар өз ойларын ортаға салып, еркін форматта пікір алмасу болған форумда отыздан астам отағасы «Үлгілі әке», «Өнегелі әке» номинацияларымен марапатталып, түрлі сыйлықтарға ие болды. Бұл әрине өте қажетті және қолдарлық қадам. Ал толық емес отбасының, яғни ажырас­қан ерлі-зайыптылар арасындағы жауап­кер­шілік, әсіресе алимент мәселесі өзекті күйінде қалып отыр, өкінішке қарай.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар