Парламент • 14 Қаңтар, 2020

Өңірлерге сапарлар жалғасып жатыр

146 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өңірлерге сапарлар жалғасып жатыр

Жамбыл облысында жұмыс сапарымен жүрген сенаторлар Мұратбай Жолдасбаев, Қайрат Қожамжаров және Абдалы Нұралиев облыстық кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесті.

Кездесуде ұжымдық шарттар, қызметкерлердің қауіпсіздігі, еңбекті қорғау, шағын және орта бизнесті қолдау мен жалақы мәселелері талқыланды. Парламентшілер денсаулық сақтау, білім және ғылым саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаларының негізгі ережелерін түсіндірді.

Бүгінде облыстық кәсіподақтар бірлестігіне 120 мың­нан аса адам мүше болып отыр. Аймақтағы 15 салалық кәсіподақ ұйымдарында 1300-ден аса бас­тауыш ұйым жұмыс істейді.

Сонымен қатар депутаттар «Talas Investment Company» серіктес­тігінің қызметімен де танысты. Кәсіпорында 570 адам жұмыс істейді. Олардың негізгі бөлігі – жергілікті тұрғындар. Осындай кездесу Талас аудандық орталық ауруханасы мен «Қазфосфат» зауытында да өтті.

 * * *

Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп пен Динар Нөкетаева Алматы қаласы автобус парктерінің басшыларымен кездесті.

Бұл іс-шараға қалалық мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты. Депутаттар көпшілікпен бірге қалалық жолаушылар көлігі жүргізушілерін даярлау, қоғамдық көлікке қатысты халықтың мәдениетін арттыру, жол апаттарының алдын алу сияқты мәселелерді кеңінен талқылады.

Динар Нөкетаева көлік мамандарының біліктілігін арттыру орталығының автобус жүргізушілерін қайта даярлау мен кәсіби шеберліктерін арттыруға бағытталған жұмыстары маңызды екенін атап өтті. Автобус парктерінің басшылары оқудан кейін жүргізу­шілердің жұмыс сапасы жақсарғанын, жолаушылар тасымалына жауапкершілік күшейгенін айтты.

Ал сенатор Нұртөре Жүсіп орталық қызметкер­лерін әлеуметтік сақтандыру бойынша қабылдан­ған заңдармен таныстырды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың негізгі принциптері түсіндірілді.

Алматыда 2020 жылдың соңына дейін 100-ге жуық электробустарды іске қосу жоспарлануда.

 * * *

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев Түркістан облысының Келес ауданында жұмыс бабындағы сапармен болды.

Сенатор облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен, медицина, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы қызметкерлерімен, әлеуметтік-мәдени сала, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесіп, Парламент қабылдаған заңдардың негізгі ережелері туралы хабардар етті.

Кездесуде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы­ның негізгі басымдықтарын іске асыру мәселелері талқыланды. Сон­дай-ақ елімізде жүзеге асып жатқан реформалар егжей-тегжейлі түсіндірілді.

Қатысушылар өздерін толғандырған мәселелермен бөлісіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, білім беру, аз қамтылған отбасыларды қамтамасыз ету мәселелерін көтерді. Әли Бектаев барлық өзекті мәселе бойынша тиісті органдарға депутаттық са­уал жолданатынын және жеке бақылауына алатынын атап өтті.

 * * *

Атырау облысында бірқатар кездесу өткізген сенатор Сәрсен­бай Еңсегенов алдымен Президент жанындағы Мем­лекеттік басқару академиясының аймақтық филиалында болды.

Жиынға академияның және мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаменті қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихаттардың депутаттары қатысты. Сенат депутаты жиналған қауымға Парламент қабылдаған заңдарды таныстырып, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған әлеуметтік мәселелерді шешу заңның маңызды аспектілері екенін жеткізді. Депутатқа академия филиалының жаңа ғимаратындағы озық технологиялармен жабдықталған оқу аудиториялары көрсетілді.

Сонымен қатар Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапары барысында Исатай ауданындағы Қамысқала ауылдық округі тұрғындарымен кездесті. Ол іс-шараға қатысушыларға 2019 жылғы заң шығару жұмыстары жөнінде айтып берді. Кездесуге келген кәсіпкерлер депутатқа былтыр шаруа қожалықтарын сумен қамтамасыз ету үшін субсидия берілмегенін айтты. Осыған байланысты «Қазсушар» мекемесі шаруа қожалықтарының басшыларын сотқа беруді көздеп отыр. Бұл мәселенің оң шешілуі үшін шаруалар депутатқа өтініштерін білдірді.