Аймақтар • 14 Қаңтар, 2020

Қарағандыда қордаланған мәселелер бар

822 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қарағандыда қабырғаға шаншудай қадалған мәселенің бірі – қоғамдық көліктің соңғы жылдары айта-айта жауыр болған жайы. Автобустар әбден ескірген, саланың тұрғындарға қызмет көрсету сапасы тіпті де төмендеп кеткен. Содан келіп қала тұрғындарының жолаушылар тасымалдайтын кәсіпорындарға деген өкпе-реніші күннен-күнге ұлғайып келеді. Облыс орталығындағы ең ірі №3 автопарк маршрутқа жаңа автобустар шығарғанымен, мәселе түйінінің мұнымен шешіле қояр түрі жоқ. Тұрғындар тарапынан арыз-шағым тіпті де үдей түскен.

Қарағандыда қордаланған мәселелер бар

Елдің өтініш-тілегіне құлақ асу өз алдына, оны шешудің оңды жолдарын қарастырып, бастаған істі аяғына дейін жеткізу – мемлекеттік қызметшіге, атқа мінген азаматтарға абырой әперетін мінез. Түптеп келгенде, мұның өзі билік пен қара халық арасындағы байланыстың беки түсуіне де мол ықпалын тигізетін қайыры мол харекет.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек таяуда азаматтарды бірыңғай қабылдау күнінің қорытындысын шы­ғарды. Өңір басшысының қабылдауында болған 57 адамның 33-і Қарағандының жыл­дар бойы шешілмей келе жатқан түйінді мәселелерін тағы бір мәрте қозғап, әкім­ге көптеген ащы шындықтың бетін жайып салды. Қоғамдық көліктің сын көтермейтін жұмысы, көше жарығының жоқтығы, қаланың сәулеттік түрінен сән кеткендігі, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаның болмауы және басқа да толғағы жеткен мәселелер жайындағы тұрғындар жанайқайы облыс әкіміне жетті.

Осы кездесуден кейін өңір басшысы Қарағандыдағы жағдайы сын көтермейтін көшелер мен шағын аудандарды аралап шықты. Тұрғындармен тілдесіп, мәселенің мән-жайына қаныға түсті. Содан кейін барып, Қарағанды қаласын дамытуға арналған кеңес өткізіп, осы жиында қала басшылығын қатаң сынның астына алды.

Облыс басшысы бұл тығырықтан алып шығар төте жол – автопарктерді түгелдей жаңарту және бұл саладағы жұмысты дұрыс ұйымдастыру деп есеп­тейді. Сондықтан 200 жаңа автобус сатып алынбақ. Ал 2021 жылға дейін қала ішінде жолаушылар тасымалдайтын автобустарды түгелдей жаңарту жөнінде нақты тапсырма берілді.

Сонымен қатар облыс әкімі кеншілер астанасының архитектуралық келбетіне көңілі толмайтынын жеткізді.

– Тұрғындар Қарағандының тарихи келбетін сақтап қалуды дұрыс талап етеді. Егер жаңасын салдық екен, онда табан тірерлік бірыңғай тұжырымдаманы ұстану керек. Сонда, қала құрылысы, сәулет мәселелері заңгерлерге, экономистерге өтеуге берілген болып тұр ғой. Әлбетте олар­дың өз салалары бойынша білгір маман екеніне күмәнім жоқ. Алайда қаланың келбеті, көркемдік шешім дегендер мүлде басқа дү­ниелер емес пе? Содан келіп пробле­ма туындап тұр ғой: сәулет стилі мүлдем дамымай жатыр, – деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс басшысы айтқан сөздің жаны бар. Кейінгі жылдары Қарағандыдағы бей-берекет салынып жатқан құрылыстан көз қарауытып, бас айналады. Ортақ үйлесімге бағынған бірыңғай архитектуралық шешім жоқ. Бұлай болатын да жөні бар. «Бақсақ, бақа екен» демекші, кеншілер астанасында бас сәулетші жоқ болып шықты. Облыс әкімі мұны барып тұрған жөнсіздік деп атап, жағдайдың бұлайша қалыптасқанына қатты қынжылыс білдірді.

Кеншілер астанасының келбеті өз ал­дына, бұл қалада әлі күнге дейін қараң­ғылық құшағында қалған 611 көше бар. Жеңіс Қасымбек қала басшылығының алдына тез арада осы мәселенің шешімін тауып, облыс орталығы үшін сыртқы безен­діру мен сәулетті жарықтандырудың бірың­ғай тұжырымдамасын әзірлеуді шегелеп тапсырды.

Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта Нұрлан Әубәкіров «Суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын» әкім болып тұр. Өзінің кеншілер астанасының екі тізгін, бір шылбырын ұстағанына бес жыл толды. Рас, осы жылдар аралығында ол Қарағанды қаласын бес саусағындай жаттап алған. Мәселен, облыс әкімі қан­дай да бір мәселені көтерсе, Нұрлан Ерік­байұлының әйтеуір бір жауабы сақадай-сай тұрады. Осы жолы да қамшы салдырмай, сын қармағынан оп-оңай сытылып кетіп жатты.

– Жарықтандыру қызметтерін сатып алу бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігінің тетігін әзірлейміз. Тиісті рәсімдерді жүргізуді бастаймыз. Бүгінде кәсіпорындар өз есебінен жарықтандыру тіректерін орнатуға дайын. Бұл жұмысты жуырда бастаймыз. Бір-екі жылдан соң бәрін аяқтаймыз. Алғашқы кезең­дерде Михайловка және Федоров ша­ғын аудандары бойынша 136 көшені жа­рықтандыруды жоспарлап отырмыз, мұн­да 40 жыл жарық болмаған, – деп сынап­тай сырғытты қала әкімі.

Қарағандының бизнесті жүргізу же­ңілдігі бойынша да шаруасы қожы­раңқы болып шықты. Республика бойын­ша 197 аудан мен облыстық маңызы бар қа­лалардың ішінде кеншілер астанасы 50-ші орынға табан тіреген. Облыс басшысының ойынша, мұның бір кілти­паны қалада «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының нашар түсін­дірілгендігінде жатса керек. Мәселен, қала экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі бар-жоғы 50% ғана екен. Оны 70 пайызға жеткізу алдағы уақыттың еншісіне қалдырылған.

– Бизнесті жүргізудің барлық үдеріс­терін барынша жеңілдету керек. Кә­сіпкерлердің рұқсат беру құжатта­рын алудағы қиындықтарға, көлік инфра­құрылымының сапасы мен қолже­тім­ділігіне байланысты айтқан шағым­дары өте көп. Бұл дегеніміз, қандай да бір механизмдер жұмыс істемейтінін көрсетеді. Кәсіпкерлермен кездесіп, жұ­мыс істеуге қандай себептер кедергі келті­ретінін анықтаңыз, – деп тапсырды Жеңіс Қасымбек.

Иә, айта берсе, Қарағандының дұрыс жұмыс істемейтін «механизмдерінен» басқа да мехнатты мәселелері көп-ақ. Елбасы Қазақстандағы төртінші мегополис болады деген қала дәл қазіргі уақытта атқамінер азаматтар тарапынан шынайы қамқорлыққа, жанашыр пейілге мұқтаж.

Әлбетте, Қарағандыда бәрі жаман деп ауызды құр шөппен сүрте беруге де болмас. Мысалы, қазір қала – тұр­ғын үй құрылысы жағынан елімізде көшбасшы өңірдің бірі. Нақтырақ айтар болсақ, кеншілер астанасында баспана әр тұр­ғынға шаққанда 24,9 шаршы метрден айналады екен. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сонан соң қалада жұмыспен қамту ісі дұрыс жолға қойылған. Яғни, еңбекке жарамды тұрғындардың 82 пайызы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек, екі жыл ішінде 200-ге тарта ауланың аумағы абаттандырылған.

Тізе берсе, басқа да ауыз толтырып айтарлықтай-ақ ілгерілеушіліктер бар. Дегенмен, бұлардың бәрі де жоғарыда айтылған қат-қабат проблемалардың жанында жіп есе алмай қалады. Әрине, Қарағанды қаласы әкімінің аталған ке­ңесте жария еткен қаланың 2050 жылға дейінгі стратегиялық даму жос­парын тыңдап отырсаң, еріксіз таңдай қағасың. Болашақтың қамын күйттеп, алысқа көз жүгірткеніміз жақсы-ақ. Дегенмен, бүгін-ертең шешілуі тиіс шаруалар естен шығып кетпесе екен дейсің. Қырық жыл жарық көрмеген 136 көшенің бойында тезірек шам жанса дейсің. Қытайдың ескі-құсқы автобустары келмеске кетіп, қала ішінде жаңа һәм сапалы көліктер жосылса дейсің. Жолдары өмірі жөндеу көрмеген қаншама шағын аудан, тұйық көшелер бар. Бір сөзбен айтқанда, тұр­ғындар бұл өмірдің рақатын 30 жылдан кейін емес, жақын арада көргісі келеді...

Жалпы облыс әкімінің кеншілер астанасының еңсесін көтеруге екі бі­лек­ті сыбана кіріскені көңілге дем бе­реді. Ал қала басшысы ше? Өңірдің экс-басшысы Ерлан Қошановтан сөгіс­пен «құтылғаны» есте, енді Же­ңіс Қасымбектің сыны­нан қандай қоры­тынды шығарар екен? Облыс әкімінің «Жинақталып қал­ған мәселелерді шешу үшін қыруар жұмыс­тарды атқаруымыз керек. Барлық мәсе­лелерді бақылауда ұстап қана қоймай, нақты істерге кө­шетін боламыз», дегеніне қарағанда, ал­дағы уақытта Қарағандының атқа­мі­нерлері үшін «аласапыран» тууы әб­ден мүмкін.

 

ҚАРАҒАНДЫ