Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел газеті «Egemen Qazaqstanda» жариялаған кезекті, аса елеулі еңбегінде өзіне тән кемеңгерлікпен тың бағыт, соны идеялар айта отырып, оралымды, ордалы ойлар айтқан «Абай және ХХІ ғасырдың» ұнағаны соншалық үн қосу лебімізде тілге тиек етер үзінді келтіру жеңіл болмады. Себебі әр абзац қана емес, әр сөйлем тұнып тұрған тұп-тұнық ой, төгіліп тұрған жыр мен сыр. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір мысал келтірелік. «Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын». «Біз Абайдың 125 жылдық мерейтойын қоғамдық сананы жаңғыртып, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға серпін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз». «Бұл тойдың үстіндегі басты мақсатымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. «Абай сыны – ауыр сын». «Жалпы өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселіміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз». Міне, осы әрі қысқа, әрі нұсқа үш қана үзік үзіндіден-ақ «Абай және ХХІ ғасыр» атты мақаланың аса маңыздылығын анық танып, жүрер жолымызды айқын көріп отырмыз.
Мемлекет басшысының «Семей қаласын тарихи орталық ретінде белгілеу», «Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттегі елшіліктер жанынан «Абай орталықтарын құру» идеясы қорғасын құйылып алшы түсер асықтай көкейге қона кетті.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Адамзат барда Абай бар. Абай – дүние тұрғанша тұратын тұлға!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы онда айтылған ордалы, озық ойларымен, жаһандық мәні бар ұсыныс, идеяларымен аса құнарлы, аса құнды еңбек, күнделікті өміріміздің бағытын айқындап тұрған бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз.
Иә, адамзат барда – Абай бар. Абай – дүние тұрғанша тұратын тұлға!
Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы