Президент • 16 Қаңтар, 2020

Жастар ел дамуының жаңа кезеңіне дайын болуы тиіс

789 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жас та болса бас бола білетін азаматтар Президенттік кадр резервіне іріктелді. Кеше Президент електен өтіп резервке енген, алдағы уақытта ел ісіне араласатын 300 жасты Ақордаға арнайы шақырып, жүзбе-жүз кездесті, ой-пікір алмасты.

Жастар ел дамуының жаңа кезеңіне дайын болуы тиіс

Мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесудің мән-маңызы ерекше екенін айтып, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан, Президенттік жастар кадр резервіне өту үшін арнайы бәйгеде бақ сынап, алға озған азаматтарды шын жүректен құттықтады. Ол кадрлық резервті жасақтау үшін ауқымды жұмыс атқарылғанын, жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысқанын, соның ішінен 300 азамат іріктелгенін, жалпы науқанға қатысуға талаптанған барлық үміткер назарда болатынын атап өтті.

– Ел басқару ісіне араласатын таңдау­лы жастардың қатарына қосылу – зор мәртебе. Өздеріңіз сияқты озық ойлы, бәсекеге қабілетті мамандар елімізге өте қажет. Жалпы, бұл – жас буын өкілдерінің жауапты қызметке келуі үшін жасалып отырған игі бастама. Осы ретте білімді әрі талапты азаматтарға үлкен үміт артамыз. Сіздер жаңа Қазақстанның дамуына аянбай үлес қосасыздар деп сенемін. Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең алдымен, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет. Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту – маңызды міндет. Осыған орай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болатынын, ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасатынын, сол сияқты жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келгенін айтты. Президент ХХІ ғасырдың үшінші онжылдығына жол ашқан 2020 жылдың басында халықаралық саясатта түбегейлі өзгеріс үдерістері байқалып отырғанын, бір-бірімен тығыз байланысты әлемнің бір өңіріндегі дағдарыс басқа елдерге де ықпалын тигізетінін, бұған мысал ретінде Парсы шығанағындағы, жалпы Таяу Шығыстағы дүрбелеңдерді атады. Бұл ретте институттарының іргесі бекімеген елдердің жаһандық тұрақсыздыққа қарсы тұра алмайтынын ескерген маңызды.

– Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Прези­дент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде мем­лекеттік басқарудың жүйесі қалып­тас­ты. Бұл жүйе талай қиын кезеңдерде өзінің тиімділігін бірнеше рет дәлелдеді. Бірақ заманауи сын-қатерлер одан әрі әрекет етуді талап етеді. Кез келген жүйенің өміршеңдігінің басты заңы – тұрақты даму және жетілу. Бұл тұрғыда алдыңғы қатарлы технологиялық компаниялар жақсы үлгі көрсетіп отыр. Олар ең алдымен басқару жүйелеріне жаңалық енгізудің арқасында табысқа жетеді. Apple, Google, Amazon, Alibaba Group және осы сияқты компанияларда жұмыс істеу абырой екені бәріне аян. Олардың көшбасшылығы технологияларды қолдана білумен ғана емес, команданың әрбір жеке мүшесінің таланттары мен кәсіби қасиеттерін ашумен көрінеді. Бұл қағидаттар мемлекеттік басқару жүйесінде де талап етілуі тиіс. Соңғы жылдары әлемнің әр түкпіріндегі наразылық толқыны жаһандық өзгерістің қажет екенін айғақтап тұр. Адамзат Төртінші өнеркәсіптік революцияны бас­тан кешіруде, ал мемлекеттік басқару қағидаттары ондаған жылдар бойы өзгер­меді. Осы тұрғыда БҰҰ, ДСҰ бастаған халықаралық институттарды да айтуға болады. Бұл мемлекет институт ретінде өзінің өзектілігін жоғалтады дегенді білдірмейді. Мемлекеттің міндеті бұрынғыдай қала бермек, ол – қоғамның тыныс-тіршілігін, азаматтардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету, – деді Мемлекет басшысы.

Қазір көптеген елдің үкіметтері бас­қа­рудың оңтайлы үлгілерін қарастырып жатыр. Мемлекет қызметінің сервистік моделі жайында әңгіме қозғаған Президент Қазақ­станға да қоғамның талап-тілегіне дұрыс, тиімді және әділетті жауап беретін мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі керек екенін айтты.

Барлық жаңалықтың ортақ мақсаты – халыққа жақын болу. Мемлекеттік басқаруды реформалау туралы айтқанда биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің саны біртіндеп қысқаратыны, үнемделген қаражат тиімді жұмыс істейтін қызмет­кер­лерді материалдық тұрғыдан ынталан­дыруға жұмсалатыны сөз болды. Жолдау­да көрсетілгендей, 2024 жылға қарай мем­лекеттік қызметшілердің, сонымен қатар ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Бұл біржақты жасалмайды, олардың атқаратын қызметін қайта қарап, яғни мемлекеттік органдардың қызметіне жатпайтын міндеттерді аутсорсинг пен азаматтық қоғам өкілдеріне жүктей отырып қысқартылмақ.

Мемлекет басшысы өз сөзінде «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасының негізгі үш қағи­датына, атап айтқанда, ашықтық, ин­клюзивтілік және азаматтардың сұраныстарына жедел жауап беру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Біріншісі – ашықтық және жариялылық. Соның аясында мемлекеттік органдардағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету міндеті тұр. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның нормалары сапалы орындалуы керек. Шешім қабылдау кезінде барлық талаптар сақталуы тиіс. Шын мәніндегі әділдік қағидасын осылай іске асыруға болады. Сыбайлас жемқорлыққа барынша қарсы тұру – негізгі мақсаттың бірі. Қоғам өкілдері биліктің іс-әрекетімен келіспеген жағдайда пікірін еркін айтуға мүмкіндігі болуы қажет.

Екінші қағида – инклюзивтілік. Мүдделі азаматтардың маңызды шешімдерді талқылауға қатысуға мүмкіндігі болуы тиіс. Әрбір дауыс естілуі керек. Бұл үшін тиісті саяси тетіктерді дамыту қажет. Өңір тұрғындарының мемлекеттік шығыстарға қатысты пікірін ескеру мақсатында «Халық қатысатын бюджет» жобасы іске асырылады. Ашық Үкімет порталы азаматтардың маңызды шешімдерді талқылаудағы мүмкіндіктерін кеңейтуі тиіс. Қазақстан азаматтары шенеуніктерді қоғамға қатысты барлық шешімдерді билік дәліздерінде қабылдайтын қандай да бір таңдаулы топ ретінде қарамауы керек. Шенеуніктер қолжетімді болуы қажет. Мемлекеттік қызметші – халықтың ортасында халық үшін жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі.

Үшінші қағида – азаматтардың сұра­ныс­тарына жедел жауап беру. Қазақстан­дық­тардың өтініштерін, арыз-шағым­дарын дереу қарау керек. Бұл бағытта бюро­кратиясыз, нақты шешімдер қабыл­дануы тиіс. Мұнда негізінен цифрлан­дырудың рөлі басым. Алдағы жылдары мемлекеттік басқару жүйесіндегі бюро­кратиялық рәсімдердің көбі автоматтан­дырылады. Мемлекеттік сектор блокчейн, Big Data, жасанды интеллект құрал­дарын пайдалана бастайды. Осы техно­логияларға негізделген жаңа тәсілдер мен жүйелер қоғамның ұсыныс-тілектеріне ден қойып, өзекті әлеуметтік мәселелерді уақтылы шешуге мүмкіндік береді.

Ізгілікті қоғам мемлекетті ілгерілетеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев басты міндет мемлекеттік аппаратты жетілдіру және басшылардың жаңа буынына жол ашу екенін, Президенттік кадр резервінің негізгі көздеген мақсаты осыған саятынын айтты.

– Бүгінгі жастар – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағы. Әрқайсыңыздан елді дамытуға тың серпін беретін жаңа идея мен нәтижелі жұмыс күтеміз. Алдағы уақытта сіздерді мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жауапты қызметке жібереміз. Қазірдің өзінде резервке өткен 55 азамат жаңа қызметке бекітілді. Соның ішінде кейбірі орталық мемлекеттік органдардағы басшылық лауазымға тағайындалды. Бұл – ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Биыл резервтегі 100 адамды қызметке тағайындауды жос­парлап отырмыз. Алдағы жылдарда кадрлық резервтің әлеуетін толық пайдаланамыз. Әрине араларыңыздан бизнес саласында зор жетістікке жеткендер шығып жатса, құба-құп болар еді. Осы ретте ел дамуына пайдасы тиетін бастамаларды қолға алған жөн. Бірақ біздің мақсатымыз сіздерді лауазымды қызметке тағайындау ғана деп ойламаңыздар. Бұл – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – талантты жастардың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бастысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жеткізу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды. Мен өздеріңіз арқылы елімізде патриоттардың жаңа буыны қалыптасады деп сенемін. Сіздер егемен еліміздің жастарына ұлтжандылықтың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек. Кезінде Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп айтқан. Бұл – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, уақыт өткен сайын мән-маңызы арта түсетін қанатты сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Отанға деген сүйіспен­шіліктің озық үлгісін биыл туғанына 175 жыл толатын ұлы Абай көрсеткенін, еліміздің тарихында және әлем тарихында өшпес із қалдырған оның ғибратты ғұмыры мен мол мұрасы бүкіл халқымызға үлгі-өнеге екенін атап өтті.

– Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты. Ұлы ойшыл жастарымызды білім мен ғылым игеруге, өнер мен тіл үйренуге, адал еңбек етуге шақырды. Абайдың «Толық адам» тұжырымы өміріміздің кез келген саласында, мемлекетті басқару мен білім жүйесінде, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Мұның бәрі интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін қажет. Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы деуге болады. Біз елдік мүддеге қатысты әрбір ісімізде ұлы ақынның еңбектеріне жүгінуіміз керек. Бұл – жаңғыру жолындағы аса маңызды қадам. Халқымыз, әсіресе жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мән беруі тиіс. Мен «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаламда осы мәселелерге ерекше назар аудардым. Біз елдік пен егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек. Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет. Бұл өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер, – деді Мемлекет басшысы.

Президент елімізде жүргізілетін ауқымды трансформациялар нақты салалардағы, өңірлердегі, қалалар мен ауылдардағы кішкентай өзгерістерден бас­талатынын атап өтіп, жастарды атқаратын қызметіне қарамай мемлекетті жаңғырту процесіне өз үлестерін қосуға шақырды.

– Бүгінгі жас буынның, соның ішінде сіздер де билікке келетін уақыт алыс емес. Сіздер мемлекетті басқару тізгінін алуға дайын болып, тиісті білім мен білікті меңгерулеріңіз қажет. Жастарымыз ел дамуының жаңа тарихи кезеңіне дайын болуы керек. Білім мен білік өршілдіктен биік тұруы тиіс. Жаңару үдерісі – өзінің ішкі саясаттағы басым бағыттарының бірі. Кадр резервін жасақтау жұмыстары мұнымен тоқтап қалмайды, жалғаса береді. Оның қатарына ынталы және лайықты жас­тар кіреді. Алдағы кезеңде ХХІ ғасырдың табысты мемлекетін құруға дайын кәсіпкерлердің, ғалымдардың, мәдениет қайраткерлерінің, инноваторлардың және басқа да талантты жастардың жаңа буынына белсенді қолдау көрсетеміз. Түрлі салаға жауапкершілікті алудан, қалыптан тыс және тиімді шешімдер қабылдаудан қорықпайтын жаңа формациядағы басқарушылар тобы қажет. Мысалы, қазір біз мемлекеттің әлеуметтік саясатының оңтайлы моделін қарастырып жатырмыз. Соның ішінде өзектісі атаулы әлеуметтік көмек мәселелері болып тұр. Мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға көмектесуі тиіс. Үкімет жәрдемақыны табыстарына қарамастан барлық көп балалы отбасына беруге ниетті. Бұған қоса аз қамтылған отбасылардың балалары кепілді әлеуметтік пакетті алады. Мектепке дейінгі балаларға қамқорлық жасалады. Аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға тегін ыстық тамақ, сабаққа барып-келетін жолақысы, мектеп формасы мен қажетті керек-жарақтар беріледі. Мұның бәрі әрине мемлекет есебінен, – деді Президент.

Аталған бағытта Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлерді, ұлттық буржуа­зияны қолдау көрсетуге шақырды. Ол мұн­дай тәжірибенің Финляндия, Швеция, Чехия, Эстония сияқты Еуропа­ның бірқатар елінде бар екенін, кәсіпкер­лер әлеуметтік қамсыздандыруға белсенді түрде араласатынын атап өтті. Бұл Мем­лекет басшысы жариялаған Волонтер жы­лының мақсат-мүддесімен де үндеседі. Өйт­кені 2020 жыл елімізде игі істердің, ізгі­лік­тің, қайырымдылықтың жылы болмақ.

Ұтқыр ойлы жастар жиналды

Жастар жылы қолға алынған ілкімді істердің ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру міндеті Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жүктелді. Осынау мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытындағы маңызды бас­таманы жүзеге асыру туралы аталған агенттіктің төрағасы Анар Жайылғанова баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанда алғаш рет қолданылған іріктеу форматы еліміздің барлық өңірінің, тіпті шетелдерде жүрген жастардың назарын аударды. Бұған бір орынға 24 азаматтың үміткер болғаны дәлел. Іріктеуге қатысуға бар­лығы 13 мыңнан аса адам өтініш берді. Оның ішінде 7 312-сі тапсыру процесінен толық өтті.

– Бұл айтулы жобаға қатысуға талап­­тан­ған жастардың көбі алдыңғы қатар­лы шетелдік оқу орындарында білім алған, сондай-ақ экономиканың түрлі сект­о­рындағы жетекші шетел­дік және отандық компанияларда тәжі­рибеден өткен. Яғни, басынан бастап қатысушылардың сапалық құрамы өте жоғары деңгейде болды. Агенттікке жүктелген зор жауапкершілікті сезіне отырып, біз жобаның ашықтығы мен әділдігіне баса назар аудардық. Процестің объективтілігін қамтамасыз ету үшін, кандидаттарға қолайлы болуы үшін іріктеу рәсімі барынша автоматтандырылды және қазіргі заманғы жағдайларға бейімделді. Үміткерлерге тәулік бойы онлайн-кеңес алуға мүмкіндік берілді. Қатысушылар үшін барлық қажетті жағдайдың жасалғанын осында отырған резервшілердің растайтынына сенімдімін. Резервті жасақтау барысынан көпшілік те хабардар болып отырды. Кез келген азамат келесі кезеңге кім өткенін көріп отыруға мүмкіндік туды. Іріктеудің әр кезеңінен кейін біз автоматтандырылған жүйеде және агенттіктің сайтында қаты­сушылардың тиісті тізімін жарияладық. Сон­дай-ақ кандидаттарды бағалау кезе­ң­інде шешімдер қабылдаудың ашықты­ғын қамтамасыз ету үшін біз тәуелсіз бақылаушыларды, мемлекеттік орган­дардың қызметкерлерін, қоғам белсен­ділерін, БАҚ және академиялық орта өкілдерін тарттық. Сондықтан іріктеу барынша ашық және әділ өтті деп сеніммен айта аламын, – деді Анар Жайылғанова.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы бірегей бастама бойынша жұмыс мұнымен тоқтап қалмай, жобаны іске асырудың сапалы жаңа кезеңіне көшетіндерін атап өтті. Енді резервке енгендерді лауазымға тағайындалғанға дейін арнайы әзірленген бағдарламалар бойынша оқыту қарастырылады. Бұл жауапты мемлекеттік қызметтерде жұмыс істеу үшін қажетті қосымша білім беруге, азаматтармен жұмыс істеу үшін резервшілердің құзыретін арттыруға, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдыларын, шектеулі жағдайларда жұмыс істей білу қабілетін дамытуға бағытталады.

Бұдан кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ісіне араласатын елеулі жастармен ой-пікір алмасуды жөн көрді. Алдымен «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржы директоры Ренат Бектұров сөз алды. Қарапайым жүргізуші мен медбике отбасында тәрбиеленген ол бұл жетістігін ата-анасының, мектептегі және өмірдегі ұстаздарының еңбегінің жемісі, еліміздегі тыныштықтың, мемлекетіміздің берген мүмкіншіліктері мен білімінің арқасы деп бағалайтынын білдірді.

– Кадр резервіне іріктеуге қатысу мен үшін орынды қадам болды. Ал кәсіби жолымдағы ең үлкен жоба – 2016 жылы Елбасы бастамасымен құрылған «Астана» халықаралық қаржы орталығына келуімнен басталды. Осында заман талабына, халықаралық стандарттарға сай еліміздің қаржы нарығының жаңа тарихын жазуға атсалысып жатырмын. Орталық алдында қысқа мерзім ішінде елдің де, шетелдердің де сенімінен шығатын, әлемдік деңгейдегі биржа алаңын құру мақсаты тұрды. Бұл оңай болмаса да қойылған мақсатқа жету үшін барымды салып, жылдар бойы аянбай қызмет еттім. Бір жыл ішінде жаңа биржаның іргесі қаланып, «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамының акцияларын IPO-ға шығардық. Елімізге «Шанхай» қор биржасы, «Насдак», «Голдман Сакс» және «Жібек жолы» қоры секілді Батыс пен Шығыстың ірі қаржы институттарын инвес­тор ретінде тарттық. Қысқа мерзім ішінде құны 80 млрд теңгеден аса акциялар биржамызда ашық саудаға шығарылды. Менің ойым­ша, Қазақстанның жаһандық қаржы жүйесінде өз орнын тауып, аймақтық қаржы орталығына айналуы үшін барлық жағдай бар. Нұр-Сұлтан қаласының 3 жыл ішінде Әлемдік қаржы орталықтар рейтингінде 51-орынға ие болғаны – осының бірден-бір дәлелі. Осы жұмысты жалғастыру қажет, – деді Ренат Бектұров.

Президенттік жастар кадр резервіне енгендердің бірі – Жапония ұлттық саяси зерттеулер институтының PhD докторанты Зүлфия Сүлейменова. Ол жасыл экономиканы дамыту саласындағы үкіметтік емес ұйымда еңбек жолын бастап, жеке және академиялық секторларда тәжірибе жинаған.

– Енді менің осы бірегей жобаның арқасында елге оралып қана қоймай, экология және қоршаған ортаны қорғау саласына нақты үлес қосуға мүмкіндігім бар. Менің диссертациям Сырдария өзені бассейніндегі су ынтымақтастығы жөнінде болған. Бұл тақырып – Қазақстан үшін өте өзекті. Қазірдің өзінде бізде су тапшылығы мәселесі маңызды болып тұр. Кейбір болжамдарға сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанның өзен ағысы шамамен үштен бірге азаяды. Қазақстан жыл сайын құрғақшылық салдарынан 93 млрд теңгеге жуық шығынға батуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен өз ұсыныстарымды айтқым келеді. Алдымен экономиканың суды шығындауын қысқарту қажет. Біз суды көп қажет ететін өнімдерді шығарамыз. Су тапшылығы оның физикалық жетіспеуі есебінен ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, индустриялық және энергетикалық секторлар тарапынан жоғары сұраныстан да туындайды. Сонымен қатар жерасты суларының ластануына жол бермеу шараларын күшейтуді ұсынамын. Бұл ауа мен жерүсті суларының ластануын шектегенде ғана мүмкін болады, – деді Зүлфия Сүлейменова.

Үздік жастардың қатарынан «Eurasia Blockchain Fintech Group Limited» компа­ния­сының бас директоры Тілектес Адам­беков те табылды. Қытайдың Цингхуа уни­верситетінде білім алған ол екі жыл бұрын «Астана» ХҚО-ға 1 млн доллар көлемінде инвестиция тартып, өз компаниясын құрған екен.

– Канадалық серіктестерімізбен бірге «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғы бақылайтын цифрлы активтерді және криптовалюталарды алмастыру биржасын құрып, ТМД елдері арасында алғашқы лицензияға ие болдық. Блокчейн технологиялары тек криптовалютаны ғана емес, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, логистика және тағы да басқа салаларды дамытуда зор септігін тигізе алады. Мысалы, мемлекеттік қаржы жүйесіне тиімді қадағалау мен транзакциялық шығындарды азайту мүмкіндіктерін алып келеді. Соның арқасында көлеңкелі экономика мен жемқорлықты түбірімен жоюға болады. Шыны керек, қалыптасқан жоғары технологиялық салаларда біз алдыңғы қатарда емеспіз. Алайда жаңа қаржы технологияларына келгенде әзірге өзге елдермен теңбіз. Өйткені бұл жүйе енді ғана дамып келе жатыр. Осы уақыт пен мүмкіндікті мүлт жіберіп алмауымыз қажет. Блокчейн жүйесіне негізделген жобаларды дамыту – Қазақстанға әлемдік экономикада өз орнын алуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Біз осы бағыт бойынша дүние жүзінде алдыңғы лекте тұрған елдердің қатарында бола аламыз. Осындай мақсат жолында мен өзімнің барлық білімім мен күш-жігерімді жұмсап, елге қызмет етуге дайынмын, – деді резервші.

Сонымен қатар Президенттің алдында «Өскемен қалалық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі Қамқоршылық және қорғаншылық органы Балалардың құ­қықтарын қорғау секторының меңге­ру­шісі Юлия Овечкина әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты өз ойын білдірді. Ол бұл бағытта алдын алу іс-шараларына басымдық беруді жөн көреді. Сондай-ақ мәселелер бойынша жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру үшін балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылық, суицид, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар, отбасының әлеуметтік әл-ауқаты мәселелерімен айналысатын барлық уәкілетті органның өзара іс-қимылын күшейтуді немесе бірнеше мемлекеттік органды біріктіруді ұсынды.

Ал «BTS Digital» ЖШС білім беру орталығының консультанты Олжас Сәкенов білім беру мәселелеріне қатысты пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, бір кездері алған білімің уақыт өте келе ұмытылып қалады. Кез келген жастағы адам қарайып қалмауы үшін жаңа білім алып, дағдылануы үшін қолайлы жағдай жасалуы керек. Сондай-ақ қашықтықтан оқыту жүйесін дамыту және барлық оқу орындарын үлкен деректерді талдау негізінде шешім қабылдауға қабілетті программистерді, жасанды интеллект саласындағы мамандарды және басқарушыларды даярлауға шоғырландыру маңызды.

1