Аймақтар • 16 Қаңтар, 2020

Батыс Қазақстанда бір үйдің үш адамын өлтіріп кетті

593 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы, Бәйтерек ауданына қарасты Янайкин ауылында 14 қараша күні кеште белгісіз біреулер бір үйдің үш адамын өлтіріп, үйге от қойып кеткен.

Батыс Қазақстанда бір үйдің үш адамын өлтіріп кетті

-Ең әуелі көршілер үйдің ішінде жалын шығып, өртеніп жатқанын байқап, өрт сөндірушілерді шақырған. Полиция оқиға орнына өрт сөндірушілермен бірге жетті. Өрт ішінен ең алдымен үй иесі, 1953 жылғы туған азаматтың денесі табылды. Жедел құтқару жұмыстары нәтижесінде үй иесінің зайыбы, 1954 жылғы әйел адамның және 1977 жылғы ер адамның мүрдесі далаға шығарылды. Өкінішке қарай, олардың үшеуі де дене жарақатынан қаза тапқан. Қазір «кісі өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс көтеріліп, тергеу жүргізілуде, деді болған оқиға жайлы брифинг өткізген БҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев.

Үш адамның өлімі туралы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министріне де ақпарат жеткізілген. Оқиға орнында БҚО Полиция департаменті бастығы полиция генерал-майоры М.Аблазимов, орынбасары А.Теміржанов, жедел-тергеу бөлімдері басшылары барған. «Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тергеу тобы ұшып келді. Қылмысты ашуға ең білікті тергеушілер, криминалистер жұмылдырылды. Қылмыстық оқиғаның бірнеше нұсқасын зерттеп жатырмыз. Мүрделер сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Тергеу мүддесі үшін әзірге бұдан басқа ақпарат бере алмаймыз» деді Серік Сүйінбаев.

Полиция қаза тапқан жандардың кім екендігін айтпағанымен, марқұмдардың аты-жөні журналистерге белгілі: олар – үй иесі, бұрын Янайкин кеңшарының директоры болған Александр Запромётов және әйелі Валентина, үшіншісі – олардың ұлы Сергей. Кейбір деректерге қарағанда Сергей Ресейде тұрады, ата-анасының үйіне қыдырып келіп жатқан екен.