Руханият • 17 Қаңтар, 2020

Намазалы ОМАШҰЛЫ: Өзін өзі тәрбиелейтін адам – бақытты

1046 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Намазалы ОМАШҰЛЫ: Өзін өзі тәрбиелейтін адам – бақытты

– Намазалы аға, бүгінгі біздің қоғамда журна­лис­ти­ка­ның мәселелері жайлы әркім айтуы мүмкін. Бірақ сана­лы ғұмырын осы салаға арна­ған сіздің пікіріңіздің жөні бөлек. Мерзімді баспасөз бет­­терінен, кейде экраннан қа­­з­іргі журналистика туралы «өт­кір емес» дейтін пікіріңізді кө­зі­міз шалып, құлағымыз іліп қалып жатады. Бұлай бо­луы­ның себебі неде деп ой­лай­сыз?

– Алысқа бармай-ақ, Прези­ден­тіміздің Абайдың 175 жыл­дығына орай күні кеше жария­ла­ған мақаласын алайық. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ре­­тінде Абайдан үй­рен­бей, Абай­­ды басшылыққа алмай, оның ақыл-ойын ұлттың жетіс­ті­гі демей, өркениет жолына түсе алмайтынымызды айтыпты. Шын мәнінде солай. Оның шы­ғар­малары ұлтымыз үшін бар­лық кезде өзекті. Абайды жыл сайын оқымасақ та, анда-санда бір қайталап қоятынымыз бар. Соған қарап өзімізді түзей­міз. Әрине Абайды бір мақа­ламен түгесе алмайсың. Ор­ыс­тар «құшағың жетпегенді құ­­шақтай алмайсың» дейді. Абай­ға құшағымыз жетпейді. Екі ғасыр бұрын өмір сүрген даны­ш­панның сөзі мірдің оғын­дай. Абайдың «Терең ой, терең ғы­­лым іздемейді. Өтірік пен өсек­­ті жүндей сабап» деген сөзі дәл қа­зір­гі қоғамның сипаты.

Журналистиканың негізгі мін­деті – қоғамның проблема­ла­рын айту, қоғамдық сананы дұрыс жолға бағыттау. Байтұр­сыновтың тілімен айт­қан­да, журналистика – «халық­тың­ көзі, құлағы һәм тілі». Өйт­ке­ні адамдардың бар­лы­ғы бірдей газетке өз ойын жария­лай алмайды. Тұтас ха­лық­­­тың теледидарға шы­ға­тын мүм­кіндігі жоқ. Бір жер­ге жиналып, пікірін айтайын десе, оған да көбінде рұқ­сат бе­ріл­мейді. Сондықтан ха­лық­тың ішіндегі дертті, кем­ші­лікті және жақ­сы­лық­ты да айта­тын жур­налист. Өкінішке қарай теледи­дар­ды қазір сахнаға айнал­дырып жібердік. Жеңіл әңгі­ме­лер­ге құрылған хабарлардың дәу­­­рені жүріп тұр. Неге олай де­сеңіз, қазір рейтинг дейтін нәр­се бар. Телеарналар рейтинг қуа­лайды. Ал жеңіл дүние­лер­­дің көрерменді көбірек жи­най­тыны белгілі. Америка Құ­ра­­ма Штаттарында да жеңіл дү­ние­­лердің рейтингті көп жи­­най­­­тынын байқадым. Бірақ олар бізбен салыстырғанда әлеу­мет­тік, рухани проблемалары ше­шіл­ген ел емес пе? Біз ұлттық құн­дылықтарымыздың өзін басын ашып біле алмай отырмыз.

Мен де жас журналист болдым. Ол кезде жылтыраған қызыл сөзге баса мән берілетін. Шешенсіп сөйлеп, заржақтыққа да түсіп кететін кездеріміз болды. Қазір ондай уақыт емес. Біз өзімізге бүгінгі күн үшін нақ керегі бар терең ой мен терең ғылым іздемей, өтірік пен өсекті жүндей сабап жүрміз. Жасыратыны жоқ, өтірік билік тарапынан айтылса, өсек сіз бен біздің аузымызбен айтылуда. Өйткені қоғам сондай. Ас үйдегі, той-томалақтағы әңгіме­лер­ге дейін баспасөзге, эфирге шығып кетті. Байыбына барып, мәселенің анық-қанығын білмей жатып, адамдар туралы сан-саққа жүгіртіп, сыртынан ғайбат айтамыз, жазамыз. Қазір қоғам ішін қауесет кезіп жүр. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның дерті журналистиканың да дерті болып тұр.

– Журналистиканың әл­сі­реуі жаңаша білім беру­мен, әлемдік тенденциялармен де байланысты емес пе? Мысалы, қазіргі теория­лар оқиға, құбылысқа көзқа­ра­сыңды тықпалауды құпта­май­ды. Оның үстіне тез жет­кізу керек. Екіншіден, жур­на­листикаға қатысы жоқ жан­дар осы салада қаптап кетті...

– Журналист мақала жазса, қоғамдық бір проблеманы қозғаса, оның азаматтық ұстанымы міндетті түрде көрі­­не­ді. Ауруға дәрі бергендей әсер етеді. Яғни пайдалы мақа­ла. Ал әншейін ақпарат беретін болса, ол жердегі мақсат бөлек. Жур­налистердің шатасатын жері осы. Журна­лист ақпаратқа ғана көзқа­рас­ты тықпаламау керек. Жур­на­лис­тикадағы барлық өнім ақпарат­тан тұрмайтыны тағы белгілі. Жанр жетерлік. Әңгіме соны шеберлікпен қол­да­нуда. Сұрағыңның екінші жар­тысы осымен тікелей байланысты. Мамандық бойынша базалық білім алмаған, жанрды игермеген я әртіс, я тағы басқа біреу осы салаға кіріп алады. Ал журналист төрт не бес жыл бойы білім алды. Қаншама аудиториялық сабаққа қатысты. Осыған байланысты қанша дүние­ні оқып, бойына сіңірді. Емти­хан тапсырды. Оның бо­йында журналистік білім бар, шеберлігі қалыптасты. Ал енді оның бірде-біреуін бастан өткізбеген адам қанша жерден данышпан болса да, сырттай ғана айтуы мүмкін. Иә, журна­лис­тиканың жарымжан болып қалуына бұл да әсерін тигізеді.

Университетімізде ақса­қал­­­дардан құралған сенат бар. Жабайхан Әбділдин деген академик ағамыз бас­та­ған Сейіт Қасқабасов, Мырзатай Жол­дасбеков, Қой­шығара Салғараұлы деген мықты ға­лым­дар сол сенаттың мүше­ле­рі. Сондай бас­қо­су­лар­дың бірін­де Жабайхан Әбділдин «Журналистер сауатсыз» деген пікір айтты. Бір емес, екі рет айтты. Оның қандай жур­на­листерді айтқанын ішім сезіп тұрды. Сауатсыздардың бары рас. Оны біз де білеміз. Бірақ, сауат­сыздар тек қана журналис­ти­када емес, басқа салаларда да қаптап жүр. Философтардың ішінде сауатсыздары журналистерден де көп. Бірақ оларды халық біле бермейді. Ал журналистерді біледі. Себебі оларды теледидардан көреді, баспасөз арқылы оқиды, радиодан тыңдайды. Сондықтан олардың қандай екені бірден көрінеді. Осы ойымды дас­тарқан басында Жәкеңе айттым. Сөзімнің соңын қалжыңға сүйеп: «Ал енді сол сауатсыз деген журналистің өзі радио-теледидарға сөйлейтін болсаңыз, сөзіңізді бағыттап береді, газет-журналға мақала жазсаңыз, мақалаңызды үстінен түзеп бере алады», дедім.

– Журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген ұстазсыз. Өз шәкірттеріңіздің тағ­ды­рына алаңдайтыныңыз заң­­дылық. Олардың арасында түрлі бағыттағы бұқаралық ақ­па­рат құралдарында жұ­мыс істейтіндері бар. Бұл тұр­­ғыдан алғанда әсіресе оппо­зицияда жүрген шәкірт­те­рі­ңіз­ге араша түскен кез­де­рі­ңіз бол­ды ма?

– Алдымен оппозициялық БАҚ туралы айтқым келеді. Мәселен, қоғамымызда орта­лық бағытты ұстанғандар да, оңшылдар мен солшыл­дар да бар. Қоғамда түрлі көз­қарастағы адамдар болған­дық­тан, оппозициялық басылымдар мен әртүрлі арнаның болуы да заңдылық. Бұл енді былайша айтқанда объек­тив­ті нәрсе. Қоғамда өмір сүре­тін адамдардың бәрінің құ­қы­ғы бірдей. Біз неге бі­ре­уін шектеуіміз керек? «Де­мо­кратиялық қоғам» дегенді сана­мыз қабылдайтын кез жеткен сияқты. Рас, кеңес өкіметі кезінде оппозициялық басылым­дар болған жоқ. Сол үшін осы күнге дейін оппозициялық бағыт­тағы баспасөзді, басқа да ақпарат құралдарын «аяқтан шалады, бәле қуады, зияннан басқа пайдасы жоқ» деген түсініктен арыла алмай келеміз. Бірақ шындығында солай ма? Мынадай мысал келтіре аламын. Сталин Мұстафа Шо­қай­дың Германиядан шығар­ған «Жас Түркістан» газетінің бір нөмірін жібермей оқып отырған. Өйткені ол өзінің кемшілігін кімнің қорықпай айта алатынын білді. Сол арқылы Сталин өзіне пайдалы ақпаратты біліп отырды. Бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның айналасында жүрген жігіттердің ұстанған бағыты дұрыс деп есептеймін. Президент Ұлттық кеңесті құрды. Өзі Твиттерге шығады. Әлеуметтік желілерге араласып, сол арқылы билікке жетпей жатқан дүниелерді білсем дейді. Сол үшін ендігі жерде журналистика да ширауы тиіс, тартыншақтап, жалтақтай беруді қою керек.

Ал енді негізгі сұрағыңа қатысты айтатын болсақ, қоғам­дық мәні бар, соқталы дү­ние­лерді айтып-жазып қуғынға түскен шәкірттерім есімде жоқ. Жеке бір факті бойынша араша түстім. Ақын Қажытай Ілиясовты негізсіз жұмыстан шығарайын деп жат­қан­да сол іске араластым. Бұл бір ғана штрих. Ал енді менің міндетім – жеке бір мәселелерге араласып билік айту емес, қоғамдағы, журналистикадағы жалпы мәсе­лелер, тенденциялар жайлы айту. Біз ұлттың рухын көтеруіміз керек. Рухты көтеру үшін міндетті түрде тарихи тұлғалардың дүниелерін насихаттау қажет. Онсыз біз рухымызды көтере алмаймыз. Шыны керек, бұл жағы азды-көпті айты­лып та жатыр. Тек соны мал­данып, қоғамды жегідей жеп бара жатқан жемқорлық пен бекер мал шашпақты жасырып, жауып қоюға тағы болмайды. Ондай дүниелерді бір адам айтса, ертең оның аяғы таяды. Құртады. Мысалы, қазір «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Ашық алаң» деген бағдарлама жүріп жатыр. Журналистер басылымдарында, хабарларында айтып, осы бағдарламаны қолдаса деймін. Күні ертең ол бағдарлама жабы­лып қалуы мүмкін. Өйт­кені билікке жексұрын көрінеді. Қазақ тілінде өткір проблемаларды қозғайтын бұл сияқты бағдарламалар көп емес. Жалпы, менің міндетім жеке­леген фактілерге араласып кету емес, осындай дүниелерді айту.

– Жекелеген факті деп отырсыз. Ашық айтамын деп өз басыңыз да қысым көрген кездер бар шығар?

– ҚазҰУ-да декан болып жүргенімде бір белгілі профессор ағамыз үстімнен жоғарыға арыз жазды. Бір академик бастаған, бірнеше профессор қоштаған комиссия келіп тексерді. Арызда жоғары жаққа жазған негізгі ілік – менің «Жас Алашта» жарияланған «Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды» деген мақалам. Соның контексінен өздеріне қажетті сөйлемдерді жұлып алып, «өзімізден шығатын газетті өзіміздің билікке айдап салып отыр» деп айыптады. Комиссия келді. Отыз күн тексерді. Түк тапқан жоқ. Жалпы өз басым бала кезден, тіпті сонау студенттік шақтан бері көп жалтақтамауға, ойымды еркін айтуға дағдыланғанмын. Әрине жеке адамда жүз па­йыз тәуелсіздік деген болмайды. Жер басып жүрген соң кемшіліктен де ада емессің. Бірақ шама келгенше таза жүріп, таза тұруға, шындықты айтуға, дұрыс сөйлеуге тырысамын. Адам алдымен өзін сыйлауы керек. Басқа білмесе де өз ішіңді өзің білесің. Мына жерде басқаша сөйлеп, ана жерге барып басқаша сайрап отырсаң, оның несі адамдық? Адамның ішкі жан дүниесі деген нәрсе таза болу керек емес пе?

– Мынадай сұрақ қойғым келеді. Сізді зор атақ пен мол мара­патқа қай қасиетіңіз жет­кізді?

– Мен көбіне қиындықтан қашқалақтаған емеспін. Сол арқылы жетіп жүрген шығар­мын. Әйтпесе журналистика факультетінде біраз қыз-жігіттер бірге оқып жүргенде білімі­міз шамалас болды, 4-5 деген баға алып жүрдік. Соған қарағанда, баға да шартты нәрсе. Кеңес Одағы тұсында журналистика бойынша бір ғана диссертациялық кеңес болды. Оның өзі Мәскеуде. Ұлттық мектепті бітіргеніме, университетте де қазақша білім алғаныма, сүйенетін ада­мымның жоқтығына қара­мастан, намысқа тырысып, қиындықтан қашпай канди­дат­тығымды да, док­тор­лық диссертациямды да Мәскеуде қорғадым.

– Өзіңіз басқаратын Жур­налистика мәселелерін зерт­теу институты жайлы айт­са­ңыз. Институт осы уа­қыт­қа дейін қандай шаруалар атқарды және қаражатты қайдан аласыздар?

– Қазақ ұлттық университе­тін­дегі проректорлық қыз­ме­тім­­нен кеткен соң мен журналистика факультетіндегі ЮНЕСКО кафедрасын басқар­дым. Сол уақытта Еуразия уни­верситетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымов мені Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан – ред.) шақырды. Осында журналистика факультетін ашып, жолға қойып беруімді өтінді. Оған қоса журналистика институтын ашу туралы ойымды да құп алды. Біздің институт осы он жылда 20 томнан аса кітап шығарды. Бұл кітаптардың барлығы журналис­тика мәсе­ле­леріне, тарихына арналды. Министрлікте ерекше әде­биет­тер­ді басып шығаруға қатысты бағдарламалар бар. Кітаптар сол арқылы шықты.

Тағы бір жолы – ғылыми жобалар жазу. Бірақ ғылыми жобалар конкурсына қатысып жеңімпаз болсаң да Ғылым комитеті көбінесе қаржымызды азайтып тастайды. Бәрібір сол қаржының негізінде жыл сайын есеп беріп отырамыз. Институт одан бөлек конференциялар өткізеді, түрлі ғылыми жобалар жасайды. Жазылған оқулықтар негізінде лекциялар оқылады. Жалпы, жоба жасаған кезде ғалымдарды, оқытушыларды көптеп қатыстырамыз. Былай­ша, институтта адам саны аз.

– ЮНЕСКО жанындағы бұқаралық коммуникация және журналистика бойынша дүниежүзілік ОРБИКОМ ұйымының мүшесісіз. Оған қалай мүше болдыңыз және бұл мүшелік сізге не берді?

– Бұл ұйымға 1995 жылы мүше болдым. Сол жылы Қазақ­стан, Өзбекстан, Қы­р­ғызстан, Тә­жік­стан,Түрікменстан про­фес­сорлары ОРБИКОМ ұйы­мы­на конкурсқа түсті. Сол конкурста ОРБИКОМ ұйымына Орталық Азия профессор­ла­­ры­ның ішінен мүшелікке бір адамды қабылдау керек болды да, таңдау маған түсті. Оған кандидаттық және док­тор­лық диссертациямды Мәс­кеу­де журналис­тика бойынша қорғағаным себеп болды. Ал сол жиынға қатысқан про­фессорлардың барлығы жур­налистикадан емес, өз елдерінде әдебиеттен, тарихтан қорғаған екен. Сол ұйымға мүше болуымның арқасында факультетте студия­лар аштық. Парабалистік антенналар орнаттық. Көптеген жобаның қаржылануына қол жеткіздік. Яғни, бұның пайдасы ең алдымен Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне тиді. Одан бөлек шетелге көп шықтым. Бұл танымымды кеңейтті. Мысалы, біреу шетелге шыққанда бес-он күн қонақүйде дамылдап, қажетті бұйымдар сатып алып, ішіп-жеп қайтуды ғана мақсат тұтуы мүмкін. Ал мен білім-ғылымның ордаларына барған кезде міндетті түрде сол орталарға кіруді, қажет ақпарат алуды, шетелдік адамдармен пікірлесіп, олардың дүниеге көзқарастарын білуді мақсат еттім.

– Бұл үшін ағылшынша білу керек қой. Сіз ағылшын тілін жақсы меңгергенсіз бе?

– Факультетте ЮНЕСКО кафедрасы ашылған соң біз ағылшын тілін үйрендік. Ішіміздегі ең егдеміз профессор Марат Барманқұлов болды. Ол кісі туралы кезінде «Алпысында ағылшын тілін үйренген» деп мақала жаз­ған­мын. Онда мен елуге келмеген едім. Жеті-сегіз адамның басын қосып, университеттегі мықты оқытушының бірі­не ақысын төлеп, тіл үйрен­дік. Рас, қазір шетелге шықпа­ға­ныма он шақты жыл болды. Қолданбаған соң әлсіреп қалады екен. Шетелге алғаш шыққанда бастапқыда бір-екі рет аудармашының көмегіне жүгіндім. Одан кейін өзім ағылшынша ауызекі сөйлеп жүрдім. Тек мен емес, біздің факультеттегі біраз оқытушы жақсы үйреніп кетті. Марат Барманқұлов, Бауыржан Жақып, Тимур Көпбаев, Ғалия Ибраевалар шетелге шықты менің тұсымда. Шетелдерден профессорлар алдырып, сту­дент­­терге дәріс оқытып тұ­ра­­тынбыз.

– Сіздің хоббиіңіз бильярд екенін жақсы біле­міз. Бильярдта басты бәсе­ке­ле­сіңіз кім? Одан бөлек тағы не­мен әуестенесіз?

– Алматыда жүргенде бәсе­ке­лесім Нұртілеу Иманғалиұлы еді. Жарыстарда екеуміз финалға бірге шыға­тынбыз. Ал енді мына жақта Оңдасын. Осында өзіміз­дің «ОНҚА» деген ұйы­мымыз бар. Төрт адамның есімі­нің алғашқы әріптерінен құралған. О – Оңдасын, Н – Намазалы, Қ – Қайрекен, А – Аяған. Оңдасын тәуір ойнайды. Ол енді қолы бостау, көбірек мән береді. Мен бильярдқа арагідік қана барамын. Негізгі әуестенетін нәрсем – конс­пект жасау. Кейінгі кезде осы нәрсені жүрегім қалайды. Оқыған жақсы кітаптар туралы ойларымды жазып оты­рамын. Қалың дәптерге қалам­сап­пен жазамын. Бұл менің жасымдағы адамға оңай шаруа емес. Көбінде тарихи кітаптарды конспектілеймін. Сақ, ғұн, оғыз, көктүріктер тарихы, қазақ хандығының тарихына қатысты кітаптар көбірек қызықтырады. Соңғы жылдары өзім туып-өскен Меркінің тарихына ден қойып жүрмін. Меркі деген сөз V-VI ғасырда бар екен. Меркі деген қамал болған. Сол атау күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Соның бір құпия сыры бар ма, басқаша бір жұмбағы бар ма? Кіндік қаным тамған жер туралы тиянақты еңбек жазғым келеді. Жан дүнием осыған сұранып тұр.

– Жетпіс жасқа аяқ бас­тыңыз. Үлкен отбасының ақса­қалысыз. Отбасыңыз жай­лы да бірер сөз айтсаңыз...

– Университетте жүргенде топтың старостасы болдым. Клара комсорг еді. Екеуміз жиын­дарға бірге қаты­са­мыз. Мәселелерді бірге талқы­лай­мыз. Солайша тіл табысып, үшінші курсқа көшкен жылы бас құрадық. Бір қыз, екі ұлы­мыз бар. Аллаға шүкір, немере­ле­ріміз өсіп келеді. Клара көркем әңгіме жазуға бейім. Төрт кітабы жарық көрген. Жастау кезімде мен де көр­кем очерктер, фельетондарды көп жаза­тынмын. Қазір одан шығып қалдым. Ғылыми стиль біраз қасаң­да­тып жібереді екен. Дегенмен әр нәрсенің өз уақыты бар. Әр адам­ның атқаратын өз міндеті бар. Қоғамда өзін қалай ұстау керек, қандай қызмет атқару керек соны дұрыс түсінген, білген адам бақытты адам деп есептеймін.

– Мазмұнды әңгімеңіз үшін рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл СЕЙІЛ,

«Egemen Qazaqstan»