Экономика • 17 Қаңтар, 2020

Транзиттік тасымалдаудан 450 млрд теңге табыс тапты

257 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның транзиттік әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Бұл мүмкін­дікті тиімді пайдалану бағытында нақ­ты жұмыстар атқарылуда. Мәселен, Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министр­лігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2019 жылдың қорытындысында Қазақ­стан арқылы тасымалданған тран­зит­тік жүк көлемі 19,4 млн тоннаға жетті.

Транзиттік тасымалдаудан 450 млрд теңге табыс тапты

Оның ішінде темір жол көлігі арқылы транзиттік тасымалдау көлемі 17,5 млн тоннаны құрады. Көліктің бұл түрімен еліміздің аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк ағынының негізгі үлесі, яғни 75,6% немесе 11,5 млн тоннасы Орталық Азия елдеріне тиесілі. Атап айтсақ, бұл көрсеткіштің 7,1 млн тоннасы – Өзбекстанға, 2,26 млн тоннасы – Қырғызстанға, 1,2 млн тоннасы – Тәжікстанға, 0,26 млн тоннасы Ауғанстанға келеді. Ресейдің үлесі 2,8% болса, транзиттік жүктің 13,8% Қытайға, 7,1% Еуропа одағы елдеріне тиесілі.

Темір жол көлігі арқылы Қазақстан аумағымен қандай жүк тасымалданады дегенге келсек, 18,5%-бен бірінші орында мұнай тұр. Одан кейін қара металдар – 10,7%, химикаттар мен сода – 6,8%, химиялық және минералдық тыңайтқыштар – 2,2%, астық 1,7%-ды құрайды. Өзге де жүктер – 55,6%.

Ал автокөлікпен 2019 жылы 1,93 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Және жүктің негізгі бағыттары Қытайдан Еуропа одағы елдеріне – 14 мың тонна, Орталық Азия елдеріне – 779 мың тонна, Ресейге 61,7 мың тонна жүк жеткізілді. Орталық Азия елдерінен Еуропа одағына – 106,5 мың тонна, Ресейге – 396 мың тонна, Қытайға 5,4 мың тонна жүк апарылды. Ресейден Орталық Азия елдеріне 9,7 мың тонна, Еуропа одағы елдерінен Орталық Азияға 567 мың тонна, Қытайға 2,7 мың тонна транзиттік жүк жеткізілді.

Автокөліктер арқылы негізінен машиналар, механизмдер, құрал-жабдықтар мен аппаратуралар тасымалданды. Оның ішінде электронды жабдықтар – 20,1%, өсімдік өнімдері – 17,3%, халық тұтынатын тауарлар – 15%, бастапқы материалдар, маталар, тоқыма материалдары мен бұйымдар – 11,5% және т.б. тауарлар құрады.

Сондай-ақ 2019 жылдың қорытындысында Қазақстан аумағы арқылы контейнерлердің транзиттік тасымалының жалпы көлемі 23%-ға артып, 664 мың контейнерге жетті. Оның ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағытындағы контейнерлер саны 11%-ға артып, 347 мың контейнерді құрады.

Осылайша, Қазақстан былтыр транзиттік тасымалдаулардан 450 млрд теңгеден астам табыс тапты.