Қоғам • 17 Қаңтар, 2020

Алматы облысында «Жастар тәжірибесі» жобасы ақсап тұр

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақта соңғы екі жыл көлемінде «Жастар тәжірибесі» жобасын қаржыландыруға 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Атап айтқанда, 2018 жылы 459,3 миллион теңге игерілсе, өткен 2019 жылы бұл қаржы 599,2 миллион теңгеге дейін өскен. 

Алматы облысында «Жастар тәжірибесі» жобасы ақсап тұр

Алайда, облыс жастарының еңбек тәжірибесінен өтуі мен жұмысқа орналасуына қатысты іс көңіл көншітпей тұр. Бұл туралы «Жетісу - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев мәлімдеді.

Жастарды жұмысқа тартуға арналған жол картасына жүргізілген мониторинг нәтижесі бұл бағытта бірнеше қателік болғанын анықтаған екен. Сарапшылар «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында өндірістік тәжірибиеден өтуге жіберілген жас мамандардың тағдырына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Өйткені, тәжірибеден өткен 2 мыңға жуық жас маманның 20 проценті ғана тұрақты жұмысқа қабылданған. Сондай-ақ жастарды мекемелерге бөлу барысындағы жауапсыздықтың кесірінен белгілі мамандық иесі өзіне бейтаныс салада тәжірибеден өтуге мәжбүр болған екен.

- Өкінішке қарай, облыс бойынша «Жастар тәжірибесі» жобасына қатысты жұмыс ақсап тұр. Біз тәжірибеден өткен жастардың арасында сауалнама өткіздік. Оған қатысушылардың дені жұмыс процесіне араласпағанын, мекемелердегі «шауып кел, барып кел» жұмыстарды істегенін айтады. Тағы бір бөлігі мүлдем бейтаныс салаға түскендерін көрсетті. Мысалға, аспаздың оқуын бітірген түлекті архитектура бөліміне тәжірибеден өтуге жіберген. Демек, бұл бағдарламаның жүзеге асуына жауапты адамдар өз жұмысына салғырт қарап, жол картасы бойынша жастарды мамандық сай бөлу ісін құтылу үшін ғана жүргізген, - деді «Жетісу - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаев. 

 

Алматы облысы