Сұхбат • 17 Қаңтар, 2020

Самғау Нәсіпхан: Мен тіккен етіктерді Димаш Құдайберген әлемдік сахналарға киіп шығып жүр

1640 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ата кәсібін жалғастырып, қазіргі заман сұранысына сай етік тігумен айналысып жүрген Самғау Нәсіпханның есімі көпшілікке таныс. Алғашында отбасылық шеберханадан бастап, бүгінде Өскемен мен Нұр-Сұлтан қалаларында аяқ киім тігетін цехтарын ашқан кәсіпкер жігітпен сұхбаттан көкейдегі бірқатар сауалға жауап іздеген едік.

Самғау Нәсіпхан: Мен тіккен етіктерді Димаш Құдайберген әлемдік сахналарға киіп шығып жүр

- Қазіргі жастар заман талабымен үндес мамандықтарды игеріп, озық технологияларды меңгеруге ұмтылады. Сіз ата кәсіппен айналысу арқылы да жаңашылдықпен жұмыс істеуге болады деп ойлайсыз ба?

-   Абай атамыз 33-қара сөзінде: «Егер де мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан қолөнерлі - қазақтың әулиесі сол», - дейді. Шындығында менің ата-анам аса дәулетті болмаса да, біраз малы бар еді. Сол бір мал ауруынан бүкіл малымыз қырылып, екі бұзаулы сиыр  ғана қалды. Менің колледжді аяқтағасын жоғары білім алуға мүмкіндігім болмады. Әке-шешеммен ақылдасып, ата кәсіппен айналысамын дегенімде, әкем қарсы болмай, қалған екі сиырды сатып, тігін машинасын алып берді. Сөйтіп, отбасылық шағын шеберхана ашып, осы кәсіпті бастадым. Негізі, бұл - арғы аталарымыздан, түп нағашыларымыздан жалғасып келе жатқан кәсіп. Алғаш ісімізді бастағанда өнімдерімізді «Арлан» деген атаумен шығара бастадық. Ұлттық нақышта әмиян, әйелдер сөмкесі, белдік, аяқ киімдер... бәрін де шығарып көрдік. Бірақ соның барлығын емес, бір ғана бағытты таңдап, бар мүмкіндікті соған жұмылдыру керек екендігін ұғындым. Содан, қазір тек етік тігумен айналысамыз. 

- «Ерінбеген етікші болады» деген сөз бар. Қазіргі жастар қолөнерді дамытып, етікшілікпен айналысуға қалай қарайды?

- Өз басым сіз айтқан халық даналығына «ерік жігері мықты адам етікші болады» дегенді қосар едім. Иә, замандастарымның көпшілігі қолөнер бұйымдарын, оқалы шапан, ұлттық киімді өзге елдерде ғана тігіледі, мерекелерде ғана киіледі, базарларда ғана сатылады деп ұғатын секілді. Етікші дегенде де, етік жөндеушілерді ғана сол кәсіптің иесі деп ойлайды. Бұл екеуі екі басқа кәсіп түрі. Етік тігу үшін, оны осы заман үлгісінде халыққа ұсыну үшін көп еңбектену керек. Біз қазір Өскемен мен Нұр-Сұлтан қалаларынан цехтар аштық. Өнімдеріміз үлкен сұранысқа ие. Тіккен етіктерімізді қоғам қайраткерлері де, өнер иелері де тапсырыспен алады. Солардың қатарында Димаш Құдайберген әлемдік сахналарда мен тіккен етікті киіп шығып жүр. Бір етігімді Елбасыға тарту еттім. Сол жолы Елбасы ризашылығын білдіріп, шынайы лебізін жазып сыйлаған «Жылдар мен ойлар» кітабындағы:  «Жер байлығын ғана емес, ел байлығын да игеру қажет» деген сөзін мен осы салт-дәстүрді дамыту, ата кәсіпті игеру деп түсінемін. Тағы бір айта кетерім, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады. Атқа міну мәдениеті салт атты жауынгердің ықшам киім үлгісін дүниеге әкелді. Содан бері мыңдаған жыл өтсе де, киімнің осы түрі өзгере қоймады. Сонымен қатар бүгінгі етіктердің барлық түрі көшпенділер атқа мінгенде киген жұмсақ өкшелі саптама етіктің «мұрагерлері» екені белгілі» деп атап көрсеткен ғой. Соны оқып отырып, осы кәсіпке деген құрметің артады, өзімді рухани жаңғыруға үлес қосып жүргенімді сезініп, іштей марқаямын. Мен бұл кәсіпті ата-бабаларымнан келе жатыр деп айтсам, ал оның тамыры тереңде жатқанын аңғаруға болады.

- Сіз қоғамда адал еңбекпен үлкен жетістікке жетуге болады деп санайтын замандастарыңыз көп деп ойлайсыз ба ?

- Осы сұрақ мені де ойландырады. Жастар арасында сұрай қалсаңыз, көбі әнші немесе боксшы болғымыз келеді дейді. Әрине, әлемге қазақ елін танытқан Димаш Құдайберген мен Генадий Головкинге еліктейтін шығар. Бірақ ол үшін Димаштай талантты, еңбекқор, Генадай табанды, намысқой болу, олардың сол жетістігінің артында қаншама тер мен еңбек, қыруар қаржы тұрғанын жастар ойлай ма?

- Сіздің ойыңызша, бізде еңбек адамына көңіл бөлу жеткіліксіз бе, жоқ насихат кемшін бе?

- Еңбек адамының шынайы бейнесін жасау керек. Теледидардан өнер адамдарының жарқыраған киімін, қымбат жиһазға толы үйін, сауық-сайранға толы өмірін көрсетеді. Ал еңбек адамы дегенде жұмыс орнында қолы май-май болып, жүзі күнге тотыққан мұнайшы немесе жер астында арнайы жұмыс киіміндегі кеншінің кейпі көпшілікке ұсынылады. Өзіңіз ойлаңызшы, жастар сонда қай кәсіпке ұмтылады? Ондай мамандыққа қалай қызығады? Мен ата кәсіппен айналысатын еңбек адамымын. Цехтағы жұмыс орнымда соған лайық киінемін. Ал жұмыстан тыс жерде суға жүзуді ұнатамын, бокспен шұғылданамын, әлемнің бірнеше елін аралағанмын, өзге елдердің жастарының дүниетанымына қызығамын. Бәсекеге қабілетті болу үшін отандық өндіріс ашып, оны озық технологиялармен жабдықтадым. Логотиптен бастап, маркетинг - бәрін заманауи қалыпта жолға қойдым. Қазір шығарған өнімдерім «Самғау» брендімен шығады. Менің есімім өзімнің ұстанған жолыма, көздеген мақсатыма жетуге ұмтылдырады. Егер жай бір қарапайым атау болса, шығарған өнімдеріме оны қоймас та едім. Барлық дамыған елдерде шығатын көліктер, сағаттар, бәрі оны ойлап тапқан немесе сол брендтің иесінің атымен аталады. Сол сағат шығаратын шеберден миллионерлер арнайы тапсырыспен өнімдерін сатып алады, мұндай кәсіп иелерін ерекше құрметтейді. Бізде ше? Менің осындай еңбегім арқылы ата кәсіпті заманауи үлгіде әлемдік деңгейге шығаруға ұмтылысым жан-жақты көрсетілсе, жастар қызығар еді, жасандылық пен шынайылықтың ара-жігін ажыратар еді...

- Жақсы. Сіз танымал болдыңыз дейік. Енді осы кәсіпке жастардың қызығушылығын арттыру үшін өнер жұлдыздары  немесе бизнестегі табысты жандар сияқты оларды жинап, тренингтер өткізесіз бе?

- Мен оған қарсымын. Қандай кәсіпті таңдау - адамның еркі. Бизнесте де, өнерде де әр адамның өз жолы бар. Жетістік деген - сенің кедергілерге төтеп беріп, қиындықтарға мойымаған сан түрлі сәттердің жиынтығы. Адам өзін-өзі танымай, бірден басқа адамның жетістігі мен табыс жолын қайталай алмайды. Ішкі мүмкіндік, мінез, ерік-жігер, сол  кәсіпке бейімділік болу қажет. Маған шын ниетімен осы кәсіпті үйренемін деп келсе, қуанамын. Ондай замандастарым болды. Қазір  Алматыда, Өскеменде, басқа қалаларда шағын өндірістер ашып, жұмыс істеп жатыр. Олар бізге шынайы бәсеке қалыптастырады. Кәсіп демекші, осында мені Кәсіптік одақтар федерациясына шақырып, сөйлескен төрағаның кеңесшісі Нәзипа Ыдырысқызының еңбек адамының қазіргі бейнесін қалыптастыру, адал еңбекпен елдің дамуына үлес қосып жүрген жандарға құрмет көрсету жайлы айтқан ойлары көңілімнен шықты. ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, «YNTYMAQ»  орта және шағын бизнес жұмыскерлерінің кәсіподағы төрағасы Қайрақбай Жаңабековпен кездестім, жаңашылдық бағыт ұстанған жұмыстары ұнады, алдағы уақытта мүшелікке өтіп, көп мәселелерді шешуде білмегенімді үйренсем деген ниетім бар. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас» дейді ғой. Бұл кәсіпті  баю үшін емес, алға даму үшін деп бастап едім. Ал даму деген өзіңмен ниеттес жандармен бірлесіп жұмыс істеу, үнемі ізденісте болу, адал еңбекпен жетістікке жету. Кәсіптік одақтар федерациясының құрамында түрлі салаларда еңбек етіп жүрген ондай замандастарым көп екеніне сенемін.

                                  Әңгімелескен Базаргүл СЕЙІТЖАНҚЫЗЫ