Аймақтар • 18 Қаңтар, 2020

Алматы облысында қосалқы қуат стансасы іске қосылды

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарасай ауданының Батан ауылында орналасқан «Қаскелең-220» энергетикалық стансаның ашылуын аймақ тұрғындары ұзақ жыл күтті десе болады.

Алматы облысында қосалқы қуат стансасы іске қосылды

Өйткені, өңірде электр қуатының тапшылығы басты мәселе болып келген. Оған облыстағы ірікәсіпорындардың 70 процентке жуығы осы аймақта орналасқандығы да себеп еді. Өндірілген энергияның едәуір мөлшерін өндіріс тұтынатын. Енді іргедегі Қарасай, Жамбыл аудандарымен бірге Іле ауданының ауылдары да үздіксіз жарықпен қамтылмақ.

Жалпы ұзындығы 53 шақырым болатын кернеу сымдары арқылы электр қуатын тасымалдайтын жаңа қосалқы стансаның құрылысына 4,7 млрд теңге қаржы жұмсалыпты. Жобаны «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен Алматы облысының әкімдігі бірлесіп жүзеге асырды.

- Қосалқы стансаның ашылуы Алматының батыс аймағы мен облыстың 3 ауданындағы энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Ендітөрт жүзден астам өндіріс орны мен 6200 тұрғын үйге үздіксіз жарық беріледі. Стансаның құрылысына 4,7 млрд теңге қаражат құйылды. Қолданылған құрал жабдықтар сапалы, жаңа заманғы технологияға сай жарақтандырылды, деді қосалқы стансаның ашылуында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов.

Жалпы, Алматы облысының энергетикалық сұранысы жыл сайын артып келеді екен. Мәселен, 2019 жылы облыс тұрғындары 6946 млн кВт/сағат электр қуатын тұтынса, биыл бұл көрсеткіш 7008 млн кВт/сағатқа жетеді деген болжам бар. Ал өңірдегі электр қуатын тасылдайтын кернеу жолдарының ұзақтығы 29 000 шақырымнан асады.

-    Облыс Алматы маңындағы аудандардың энергияға деген сұранысын реттеуге барынша үлес қосып келеді. Қапшағай қаласының маңынан 100 МВт қуат өндіретін күн электр стансасы салынып, пайдалануға берілді. Еңбекшіқазақ, Іле аудандары аумағында да 50 МВт энергия алатын екі күн стансасын іске қостық. Тұрғындар мен өндіріс орындарын үздіксіз электр энергиясымен қамту адамдардың әл-ауқатын арттырып, кәсіпорындардың өнімділік қуатын көтереді, дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.