Аймақтар • 20 Қаңтар, 2020

Мұхтар Төлеген: Абай үні - халық үні

4246 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-техникалық университетке арнайы барып, «Абай» мәдени-білім беру орталығын ашты.

Мұхтар Төлеген: Абай үні - халық үні

Бүгінде өзіміз үшін де, өзгелер үшін де қазақ пен Абай бір ұғымға айналған. Әлемдік қауымдастықта қазақ дегеніміз – Абай, ал Абай дегеніміз – қазақ деген тұрақты түсінік орнығып үлгерді. Тіпті ұлттың тарихи-мәдени дамуының тұтас бір дәуірі ұлы ақын есімімен «Абай заманы, Абай дәуірі» деп аталатыны да белгілі. Міне, сондықтан да Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілетін Абайдың 175 жылдық мерейтойын басты назарда ұстап отыр.

Ел Президенті «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында хакімнің тұңғиық ойларының тереңіне бойлау, оны күллі өмірінің бағдаршамы ету – қазақ халқының мәңгілігінің мәңгілік мәселесі екенін айтты. Аталмыш мақаланың «Ұлттық болмыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделері», «Әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Торқалы тойдың тағылымы» деген бөлімдерінде елдік-мемлекеттік мүддемізге қатысты келелі мәселелер сөз етілді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Абай шығармаларының күллі адамзат үшін мән-маңызына жан-жақты талдау жасай келе оның идеялары Ұлттық идеяның өзегіне, ұлттық болмыстың үлгісіне айналуы тиіс екені туралы сындарлы ой тастады. Ұлт ұстазының 175 жылдық мерейтойы – той тойлау үшін емес, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін керектігін түйіндеді.

Университет қызметі жастарға білім мен тәрбие беруге бағытталғандықтан Президенттің бұл мақаласын ең алдымен білім беру саласына жүктелген үлкен жауапкершілік, әрі міндет деп қабылдаймыз. Жасыратыны жоқ, қазір қазақ халқының ділі мен тілін, рухани құндылықтарын сақтап қалу мәселесі қай кездегіден де өткір қойылып отыр. Бұл жөнінде қоғам қайраткері, қазақ қара сөзінің майталманы Әбіш Кекілбаев кезінде: «Кез келген микробтар сияқты, рухани микробтардан да тек есік-терезені тарс қымтап қойып сақтана алмайсың... одан сақтану үшін де берік рухани иммунитет керек. Ол – ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениеттің гуманистік үрдістерімен, үлгілерімен қапысыз сусындау» деп жазған еді.

Абайдың өмірлік асыл мұраты – елді түзету, ұлтты тәрбиелеу еді. Абай адам баласының рухани кемелденуі туралы Батыс пен Шығыс философиясын, Конфуций сынды ой алыптарын толық зерттегеннен кейін өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырды. Адамзат баласына «Адам бол!», адамдық қасиеттеріңді өміріңнің соңына дейін сақтай біл деп ұран тастады. Абай өзінің бүкіл болмысын, ой қуаты мен ақындық күшін адам бойындағы кісілік пен адамгершілікті, білім мен парасатты, әділеттілік пен қайратты, ел қамын, қала берді, бүкіл адамзат қамын жейтін кемел тұлға, «Толық адамды» тәрбиелеу жолына жұмсады. Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ сынды күллі  рухани кеселдерден аулақ болуға шақырды. Өзінің өлеңдері мен қарасөздерінде жеңіл күлкі, мақсатсыз өмір сүруден бой тартуға уағыздады. Хакім Абай үшін Адамды жаратқан Алла болғандықтан «Адамды сүю, Алланың хикметін сезіну» оның адамдығын анықтамақ. Міне, осы тұрғыдан келгенде Абайдың педагогикалық ілімі қай заман, қай елдің де ұрпақ тәрбиелеу ісінде басшылыққа алып, тәжірибесіне енгізуі қажет  ескірмейтін ілім. 

Президент Қ.Тоқаев ұлы Абайдың тағылымы арқылы қазақстандық қоғамды ізгілендіру мәселесін астын сызып көрсетті. «Абайдың  «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек» деді. 

Осы ретте Абайдай тұңғиық ой мен сыршыл сезім иесін жас ұрпаққа қалай танытып, қалай оқытып жүрміз деген заңды сауал туындайды. Абайды тану және таныту дәрежеміз қандай? Жас ұрпақтың бойына ақынның рухани мұрасын сіңіре алдық па? Келер ұрпаққа болашаққа апарар баға жетпес құндылықтарымыздың бірі ретінде аманат ете алдық па?» сынды сауалдар қазір зиялы қауымды үздіксіз ой талқысына салуда.

Президент айтқан ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыру мәселесін қалай шешеміз деген заңды сауал туындайды. Әділдігін айту қажет, «Абайтану» пәнін мектепке енгізу туралы шешім қабылданғаны қазақ тілі мен әдебиеті мамандарын ғана емес, жалпы ұстаздар қауымын өте қуантты. Сонымен қатар, жоғары мектепте абайтану курсы, қазақ философиясының тарихы педагогикалық мамандықтардың барлығына міндетті пән ретінде енгізілгені дұрыс деп санаймын. Пәндер жүйесіне енгізіліп, сағат саны нақты көрсетілмесе, жас өскіндердің бойына Абай даналығының дәнін себу – жай ғана идея күйінде қала бермек.  

Бізге ұстаздар, білім беру мекемелері, министрлік бірлесіп, Абай мұрасын балабақшадан бастап жоғары мектепке дейінгі деңгейде оқытудың ортақ тұжырымдамасын жасап, енгізу қажет. Сол тұжырымдама бойынша мемлекеттік стандартқа негізделген бағдарламалар керек. Тұжырымдаманы жасауға филолог-ғалымдар ғана емес, педагогтар, психологтар, философтар, әлеуметтанушылар, IT-мамандары да тартылуы тиіс.

Қазіргі Қазақстан үшін Абай тағылымын егеменді еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеудегі басты ұстанымы дәрежесінде оқыту қажеттігі айқын. Ол үшін ұлы дана мұрасын, тағылымын  исі қазақтың жүрегіне жеткізу, бүкіл ұлттың тәрбие кітабына айналдыру жолында ізденуіміз қажет. Ұлттық болмысымызды қалыптастыру ең алдымен балабақша мен мектептен, білім беру ісі мен тәрбиеден басталатыны түсінікті. Осы ретте, ең алдымен, мектеп оқушылары мен студент жастар арасында Абайдың өмірі мен шығармашылығын қаншалықты білетінін, олардың құндылық бағдарларын  анықтайтын әлеуметтік сауалнамалар, мониторинг жүргізу т.б. жұмыстар жүргізілуі тиіс. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастарымыздың сана-сезімі мен болмысына Батыс мәдениетінің ықпалы артып, ұлттық құндылықтардың әлсіреу тенденциясы бар. Міне, сондықтан да тәрбие беруде Абайдың «Адам бол!» қағидасын басшылыққа ала отырып, ұлттық тәрбиені, адамзат баласының ұрпағын тәрбиелеудегі озық іс-тәжірибелерімен ұштастырудың кезі жеткен тәрізді. Ол үшін білім мекемелерінде тәрбие жұмысының жалпыұлттық тұжырымдамасы жасалуы қажет. Білім беру мекемелеріндегі адамгершілік-патриоттық тәрбиеге бағытталған жұмыстардың барлығы да Абайдың гуманистік идеяларына негізделіп, осы ортақ тұжырымдама аясында жүзеге асырылғаны жөн.

Абайтану саласынан қазақ тілі  мен әдебиеті ғана емес, барлық педагог-мамандардың біліктілігін арттыру да аса маңызды мәселе. Өйткені, ғылым бір орнында тұрмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта абайтану саласында қаншама жаңалықтар, деректер ашылды. Бірақ ғылымдағы жаңалықтардың мектеп партасына,  мұғалімдердің тәжірибесіне кешеуілдеп жетіп жататыны жасырын емес.

Абайдың өнегелі өмірі мен даналық дариясын заманауи деңгейде оқытатын контенттер, сандық технологияларды оқу-тәрбие үрдісіне енгізу де үлкен мәселе. Түйіндеп айтқанда, Абайды жас өскіндерге ұлттық құндылық, ұлт мақтанышы, әлемдік прогресс пен өркениетке үлес қосқан ұлы тұлға ретінде таныту елдігіміз бен болашағымызға сын.

Президент мақаласында Ресейдегі, Франциядағы, Ұлыбританиядағы және басқа да мемлекеттердегі Қазақстанның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жоспарланып отырғандығын айтты. Шын мәнінде, қазақ халқының рухани-мәдени мұрасын Абай тұлғасы арқылы әлемге танытумен шұғылданатын ғылыми орталықтар аса қажет. Ұлт ұстазының жерлестері ретінде  Абай орталықтарын құрудың алғашқы қарлығашы біздің оқу орны болғанын ерекше айтқым келеді. Біздің С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ғалымдары 2019 жылдың 7 ақпанында Польшаның Свече қаласындағы лингвистикалық-техникалық университетке арнайы барып, «Абай» мәдени-білім беру орталығын ашты. «Абай» мәдени-білім беру орталығының мақсаты – Абайды, Абай арқылы қазақты әлемге таныту, ғылыми-мәдени байланыс орнату. Орталықтың бір жағы мұражай, бір жағы ұлы тұлға мен Қазақстанның рухани-мәдени тарихы және қазіргі жетістіктерін насихаттайтын білім беру орталығы болып құрылуының себебі де сонда. Орталықты ашу барысында үлкен жұмыс жүргізілді. Польша тарапы жеке ғимарат бөлді, оны рәсімдеу үшін қазақ, поляк, ағылшын, орыс тілдеріндегі Қазақстан туралы кітаптарды, мәдени жәдігерлерді тапсырдық. Сондай-ақ, лингвистикалық-технологиялық университетке Дәурен Дощановтың Абай мүсіні мен Әлібек Шоқановтың «Абай» картинасы берілді. Орталықтың ашылу салтанатына онлайн режимде поляк-қазақ бейне-байланысы орнатылды. Өскеменде мәдениеттер байланысындағы университеттер рөлі талданған дөңгелек үстел өтті. Оған студенттер, ғалымдар, атқарушы биліктің,  «Нұр Отан» партиясының, «Рухани жаңғыру» аймақтық жобалау кеңесінің өкілдері қатысты. Осы бастама облыс әкімі Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен жүзеге асты.

Қазақстандықтар басқа халықтардың мәдениеті мен жетістіктерін жақсы біледі, әлемде болып жатқан жағдайлар мен өзгерістерге қызығушылықпен қарайды. Бірақ өз мәдениетімізді өзгелерге таныстыру жауапкершілігі бізге, қазақстандықтарға жүктеледі. Әлемге еліміз, халқымыз туралы айтуды үйренуіміз керек. Кезінде Мұхтар Әуезов «Абай жолы» дәуірнамасын жазып, әлемді шарлап кеткен еді. Бүгінде Абай тағылымын төрткүл дүниеге насихаттаудың жаңа өрістері мен заманауи жолдарынан іздену біздің ардақты міндетіміз деп білемін.

Мамыр айында Польшадағы «Абай» орталығының базасында еуропа ғалымдарының Абай феномені мен абайтанудың бағдарларына қатысты ғылыми ой-пікірін ортаға салатын халықаралық деңгейдегі ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмекші.  Орталықтың ашылуы, еуропа төрінде халықаралық деңгейдегі ғылыми форум өткізу – С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де  қалыптасқан Абайтану мектебі ғалымдарының үлкен еңбегінің нәтижесі. Біздің оқу орнында марқұм, академик З.Ахметов, Қ.Мұхаметханұлы, М.Мырзахметұлы сынды ірі абайтанушы ғалымдарды арнайы шақырып,  дәрістерін тыңдау дәстүрге айналған еді. Олардың дәрісін тыңдап, білім алған шәкірттері қазір шет мемлекеттерде абыройлы қызмет етуде. Атап айтқанда, филология ғылымдарының кандидаты Раушангүл Мұқышева Венгрияның Сегед университетінде, филология ғылымдарының кандидаты Ораз Сапашев Түркияның Стамбул университетінде қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихынан сабақ беріп жүр. Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Айжан Қартаева өңіріміздегі абайтану саласының мықты маманы ретінде өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып үлгерді. Әйгілі ұстаз, Қ.Бітібаеваның «Абайды тереңдетіп оқыту» (1993), «Абайды тану» (2000), «Абай шығармашылығын мектепте оқыту» (2003), «Мектепте Абайды танытудың жаңашыл технологиясы» (2012) атты әдістемелік еңбектері осы университеттің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры қызметінде жүрген кезінде жазылды. Әдіскер-ұстаздың кітаптары Абай мұрасына тәуелсіздік кезеңдегі жаңғырған сана, жаңаша көзқарас тұрғысынан қарауымен құнды. Ұстаз «Абай шығармашылығын оқыту» (2003) еңбегінде хакімді оқушыларға 5-11 сынып аралығында құзыреттіліктеге бағыттап оқытудың жаңа жүйесін жасады. Абайдың ақындық ұстанымы, бүкіл мұрасына тән үзілмес ой желісі: «Адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүю, адамзатты бауырым деп сүю, хақ жолы деп әділетті сүю» туралы әулие тағылымын оны оқытудың негізі етіп алуды ұсынған еді. Жоғарыда айтқан білім мен тәрбие беру тұжырымдамаларын жасауда ұстаздың осы идеяларын кеңінен пайдалануға болады.

Президент мерейтой қарсаңында Абай мұраларының әлемнің 10 тіліне аударылатынын айтты. Бұл игілікті іс үздіксіз жалғаса бермек. Осы ретте ЖОО-дағы шет тілі және аударма ісі мамандарына арналған білім беру бағдарламаларына абайтану пәнін (компоненттерін) енгізу, оны академиялық ұтқырлық аясында Абай орталықтарының, ғылыми-зерттеу институттарының базасында оқыту, «Абай» қорық-мұражайына іс-тәжірибеге жіберу жұмыстары жолға қойылғаны абзал. Сонда ғана абайтану саласынан сапалы мамандарға қол жеткіземіз.

Президентіміз «Бұл тойдың тұсындағы басты мақсатымыз – бүкіл халықтың ұлт ұстазы алдындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуға тиіс деп білемін» деді. Абай хакім есті кісінің күніне бір мәрте өз-өзінен есеп алып отыруы қажеттігін айтқан. Соған орай, сөз соңында оқу орнында Абай мұрасының насихатталуына қатысты жасалып жатқан шараларға қысқаша айтып өтейін.   

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Біздің оқу орны сол іс-шаралардың бірқатарының жүзеге асырылуына белсенді түрде қатысады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қарасөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек» деген тапсырма берді. Осы ретте университет ғалымдары Абай Құнанбайұлының қарасөздерін төменгі сынып оқушыларына ұғынықты тілмен мазмұндап беретін «Дананың сөзі – ақылдың көзі» деген кітап шығарғанын айта кеткім келеді. Әрине, Абайдың қарасөздерін түсіну, талдау үлкен адамдарға оңай соқпасы анық. Саналы ғұмырын абайтануға арнаған Мұхтар Әуезовтің өзі: «Абай – мұхит, мен сол мұхиттың бетін шөміштеп қана қалқып алдым» деген екен. Сондықтан Абай дананың қарасөздерінің мән-мағынасын сақтай отырып, бала қабылдауына лайықтап жеткізу үшін филолог, философ, теолог, педагог, психолог ғалымдардың, қала берді, логопедтердің де кешенді зерттеулерін ұйымдастыру мәселесі кезегін күтіп тұрғаны да шындық.

Оқу орны ұлт ұстазының рухани мұрасын жастардың бойтұмарына айналдыру үшін педагогикалық мамандықтарға «Абайтану» курсын және философия пәнінің мазмұнына Абай философиясын жеке тарау етіп енгіздік, жыл сайын «Абай оқуларын» ұйымдастырамыз.  2018 жылдан бастап,  озат оқитын, дарынды студенттерге «Абай» атындағы шәкіртақы тағайындадық. Білім мен ғылымға ерен еңбегі сіңген тұлғаларға арналған «Абай» атындағы алтын медальды арнайы шығардық. Білім ордасында   және ұлы ақынның туған жері Жидебайда абайтану конференциялары өткізіліп, ғылыми еңбектер, монографиялар шығарылды. Абайға арналған дипломдық, магистрлік жұмыстар жазылды. Демек, ШҚМУ ғалымдары мен студенттері Абай туралы көп мәлімет бере алады. Одан бөлек үстіміздегі жылдың сәуір айында Татарстанның Қазан федералдық университетінде сақтаулы тұрған 1885 жылы Абай Құнанбайұлы жазған Қарамола Ережесінің түпнұсқасын арнайы алып келіп, көрме ұйымдастыру жоспарда бар.  Ондағы мақсат – Абай феноменінің тағы бір қырын, заңгерлігін насихаттау. Осы бағыттағы ғылыми ізденістерге жол салу.

Былтыр ел Президенті Қ.Тоқаевтың, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтың бастамаларын қолдап, Абай өлеңдерін насихаттау челленджіне белсенді түрде қатыстық. Абайға өз жүрегіміздің лүпілін, өзіндік үнімізді қостық.  Биыл Абай өлеңдерін насихаттау челленджін әрі қарай жалғап, абайтану дәрістерінің челленджін өткізбекпіз. Абайдың Жидебайдағы тойына волонтерларды дайындап, оларға Абайдың өмірі мен шығармашылығынан терең теориялық білім беретін тегін дәрістер ұйымдастырмақпыз. Қазіргі уақытта арнаулы контенттер әзірленуде. Сонымен қатар, абайтанудың жексенбілік мектептерін ұйымдастырмақпыз. Бұл мектепке ұлы ақынның шығармашылығына қызығушылық танытқан мектеп оқушыларын, жалпы поэзия сүйер қауымды шақырамыз. Мектеп мұғалімдеріне арнап, Абайды оқыту әдістемесінен арнаулы дәрістер өткіземіз.

Ойымды Елбасымыз Н.Назарбаевтың: «Абай қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғалым ғана емес, сонымен қатар, ол – қазақ халқының ел болуына ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер. Абай - әлемдік ойшылдардың қатарындағы ғажайып тұлға... Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды тану арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз. Менің балаларым мен ертеңгі ұрпағыма Абайдан артық, Абайдан ұлы, Абайдан киелі ұғым болмауға тиіс» деген сөзімен аяқтағым келеді.

Мұхтар ТӨЛЕГЕН,

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры,

профессор                                                                    

ӨСКЕМЕН