Руханият • 20 Қаңтар, 2020

Әулиеата өңірінде «Көне Тараз жауһарлары» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырылды

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы аясында Әулиеата өңірінде «Көне Тараз жауһарлары» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырылды. Тараз қаласындағы «Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталығында» және №53 орта мектеп пен Б.Момышұлы атындағы №45 мектеп-гимназияда өткен мәдени шараға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі мұрындық болды.

Әулиеата өңірінде «Көне Тараз жауһарлары» тақырыбында жылжымалы көрме ұйымдастырылды

Көрмеге екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлер мен көне шаһар тарихына байланысты стендтер және түрлі жәдігерлер қойылды. Оның ішінде әртүрлі кезеңдегі мыс монеталары, яғни түргеш, қарахан тиындары, сонымен қатар қола бұйымдарына жататын шырағдандар, жұмыртастар, құмыралар, тағара, жинақ сандықшалары және су құбырлары сияқты жәдігерлер де бар. «Көрме мұғалімдер мен оқушылардың көңілінен шықты. Мұнда келушілер ежелгі Таразда қолөнердің қандай түрлерінің дамығандығын көріп, түрлі жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар, ата-бабаларымыз қалдырған тарихи-мәдени мұраны қызығушылықпен тамашалады. Ал, көркем үйірмелерге қатысып, тарихтанумен шұғылданып жүрген балаларға аталған көрме үлкен шабыт береді деген ойдамыз», дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев.

Жалпы, бұл көрме жеткіншектердің үлкен қызығушылығын тудырған жоба болды деуге болады. Көрме кезінде жас домбырашылар күй қойылымын қойып ел ықыласына бөленсе, тарихи жәдігерлерді айнытпай қағаз бетіне түсірген жас суретшілер көпшіліктің көзайымына айналды. Екі күн бойы ұйымдастырылған көрмені 1300-ге жуық оқушы тамашалады. Сонымен қатар, ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа насихаттау мақсатында және балғындарды жәдігерлермен жете таныстыру үшін оқушыларға арнайы сұрақтар да қойылды. Жыл басында бастау алған «Ұлы дала жауһарлары» атты жылжымалы көрме Әулиеата жерінде жыл соңына дейін жалғасады.

 

Жамбыл облысы