Аймақтар • 20 Қаңтар, 2020

Оңдасын Оразалин «Nur Otan» партиясында тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізді

199 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жұмада Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин азаматтарды қабылдап, мәселелерін тыңдады.

Оңдасын Оразалин «Nur Otan» партиясында тұрғындармен қоғамдық қабылдау өткізді

Ақтөбе қаласының тұрғыны 2-топтағы мүгедек Майра Елмағамбетова  тұрғын үй кезегінің  жылжымайтынын айтып шағымданды. Үй кезегінде 2009 жылдан бастап тұрған ақтөбелік азаматқа баспана  кезегі бойынша үй  2021 жылы берілетіндігі түсіндірілді. «Әрине, мен үшін облыстағы баспанасыз жүрген әрбір  азаматтың үйлі болғаны, әлеуметтік жағдайының дұрыс болғаны маңызды. Дегенмен заң аясынан аттап алдыңызда кезекте тұрған  адамдардан өте алмайтыныңыз анық. Мүгедек  азаматтар арасындағы кезегіңіз 173-і болуына байланысты, баспана келесі жылы беріледі»,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар, облыс әкімі «Nur Otan» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов пен  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Ораққызына мүмкіндігі шектеулі азаматқа көрсетілетін көмек түрін арттырып, мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Ақтөбе қаласының тұрғыны  Жанболатбек Маратов  ҰОС ардагері әкесіне көше атауын беруді сұрады. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы көше аттарын беруге қатысты талаптардың ережесін түсіндірді.

Мүгедек бала асырап отырған көпбалалы ақтөбелік ана Майра Әлиева  өзінің жұмыссыз отырғанын және жолдасының жалақысы күн көріске жетпейтіндігін айтты. Сондай-ақ, 2013 жылы туылған ұлының неврологиялық ауруына байланысты құжаттар әзірлеуге көмек көрсетуді сұрады. Өңір басшысы екі  бірдей мүгедек балалары бар отбасыға тез арада көмек көрсету  керектігін айтты. Сал ауруына  шалдыққан қызы қаладағы оңалту орталықтарында ем алуы,  және жолдасы мен өзіне жұмыстар ұсынылды.

Алдағы уақытта аталған ұсыныстар Майра Әлиеваны қанағаттандырса бір отбасы жұмыспен қамтылып, ауру балалары арнайы орталықтарда ем алатын болады. Қабылдауға келген Айман Сексенова «Eco Network» жобасын ұсынды. Кәсіпорын қалдықтарын сұрыптау мәдениетін енгізу туралы ұсынысына қолдау көрсетуді сұрады. Ал, кәсіпкер Халыұлы Сағандықов кондитерлік фабрикасын қайта құруға көмек сұрады.

Аймақ басшысы Оңдасын Оразалин қабылдауға  жазылған 13 азаматтың мәселелерін мұқият тыңдап, барлығына толыққанды жауап берді. Және қала әкімі Мавр Абдуллинге, «Nur Otan» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұловқа азаматтардың  арыз-шағымдары мен ұсыныстарының орындалуын қамтамасыз етуді және жан- жақты зерделеуді тапсырды.