Аймақтар • 21 Қаңтар, 2020

Тараз тұрғындары баспаналы болды

174 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты тұрғын үймен қамту бағдарламасы Жамбыл облысында жоғары деңгейде жүзеге асуда. Осы орайда, Тараз қаласындағы жаңа 15-шағын ауданда 80 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Тараз тұрғындары баспаналы болды

Облыс орталығындағы №28 көппәтерлі арендалық тұрғын үйді талай жылдан бері баспана кезегінде тұрған азаматтар алды. Пәтерге ие болған азаматтар сатып алу құқығынсыз жалдап тұра алады. Аталған нысанның құрылысын «Агроспецстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аталған шағын ауданда барлығы 280 көппәтерлі және 969 жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Өткен жылы онда 26 тұрғын үй немесе 1300 пәтер ел игілігіне берілген болса, ағымдағы жылы 29 үйдің құрылысы жүргізіледі.

Сондай-ақ, көпбалалы отбасыларға арналған «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша  өткен жылы 323 пәтер берілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 1 миллиард 360 миллион теңгеге қайталама нарықтан 144 пәтер сатып алынған.

Сонымен қатар, облыс бойынша баспанаға мұқтаж аз қамтылған және көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында бұған дейін 8 көппәтерлі жатақхана пайдалануға берілсе, тағы 4 жатақхананың құрылысы жүргізілуде. Ол жатақханалардың ішкі құрылысы екі бөлмелі пәтерлерден тұрады. Бір пәтердің жалпы ауданы 35-40 шаршы метрді құрайды. Әр пәтерде зал және жатын бөлмелер, сондай-ақ, өз ас үйі, әжетханасы мен жуынатын бөлмесі бар. Жалпы, бүгінгі таңда тұрғын үй кезегінде 18565 адам тұр. Оның ішінде 1784 көпбалалы отбасы, 8593 әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар бар.

 

Жамбыл облысы