Қазақтың бас ақыны
Иә, Ахаң ұлы ақынның жыр-жауһарларын сүйсіне оқып, алғаш танығандардың бірі болды. Бұл ойымызды Ахаңның 1913 жылы «Қазақ» газетінің үш санында жарық көрген «Қазақтың бас ақыны» атты көлемді зерттеу мақаласы қуаттап тұр:
«Қазақтың бас ақыны Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты, жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді.
Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім.
1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең...» деп жазады Ахаң.
«Абай өлеңнің тәңірісі екен...»
Торғай демекші, қарт өңірдің ақындық мектебін қалыптастырғандардың көрнекті өкілі, Ахаңның құрдасы, ақын, шежіреші Әбіқай Нұртазаұлы да Абай өлеңдеріне алғаш сүйсіне баға бергендердің бірі болған.
«...Өлең деген жебелі оқ,
Нысанадан бір өтер.
Сөз ұғар жан деме жоқ,
Бұлдана берме құр бекер.
Ақындық деген алыс жол,
Жалынсыз жүрек дір етер.
Жаныңды жайлар, жүдетер,
Қорықсаң қума, құл етер...» деп жырлаған ақын Әбіқай да поэзияны жете түсінген жан еді. Десе де Абай жырларымен алғаш танысқан ол өлең жазуды біржола қойған. Сірә, «Ұлылықты мойындаудың өзі де ұлылық» деген осындайда айтылса керек. Осылайша, Әбіқай ақын да Абай дәстүрімен «Өлең туралы ойлар» деп аталатын қара сөз жазған.
«Елуге келгенше есіміз кірмепті. Абай өлеңдерін оқыдым. Егер дүниеде Абайдай алымды да ақылды ақын барын білсем, қалам ұстамаған болар едім. Ендігі тіршілікте өзім жетер, сөзім жетер жерге Абай өлеңдерінің шыны мен сырын уағыздай алсам, өзімді армансызбын дер едім. Абай өлеңнің тәңірісі екен. Біздікі – пендешілік. Енді менен өлең күтпеңдер...» деп жазады ақын қара сөзінде.
Осылай деген Әбіқай Нұртазаұлы «Жақсы өлеңнің жұртқа жаяр жаршысы да, аршысы да әдемі әні ғой. Қазақ үшін әні жоқ өлең сәні жоқ сауда мүлкі тәрізді. Шіркін, өлеңді өнер деп ұғар ұрпақты көрсем! Өлеңнің сараң жолдарындағы сан қилы тәтті де ащы ойларды таразыға тартар азамат бесікте ме екен, әлде есікте ме екен?! Өлеңді мәпелер, өлеңнің өз бағасын әперер өрен туса екен!» деп армандайды. Хош.
Хакімнің кешін тұңғыш ұйымдастырған
Абай дегенде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист, әнші, мәдениет қайраткері, халық ауыз әдебиеті мен музыкасын зерттеп, оны А.В.Затаевич пен А.Э.Бимбоэске нотаға түсірткен талантты жан Нәзипа Құлжанова да ойға оралады. Дарынды Нәзипа да ұлы Абайдың өлеңдерін сүйсіне оқыған. 1914 жылдың 26 қаңтарынан бастап Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына орай Семейде бірнеше әдеби кеш ұйымдастырған. Кештерде Абай өлеңдері оқылды.
Шебер педагог, ғалым, аудармашы ретінде де қазақ халқының тарихында есімі мәңгілікке қашалып жазылған Нәзипа Сегізбайқызы екі тілге бірдей жүйрік еді. Оның орыс тіліне жетіктігінің арқасында Абайдан бастап Ыбырай Алтынсарин, Ғабит Мүсіреповтің шығармалары орыс тіліне аударылды. Ал қазақ оқырмандары Лев Толстой, Максим Горький, Александр Куприн, Владимир Короленко сынды қаламгерлердің әдеби туындыларымен талантты қыздың аудармасы арқылы танысты.
Бір қызығы, «өлең жазуды қойып кеткен» Әбіқай Нұртазаұлы жерлесі – Ахмет Байтұрсынұлы және Нәзипа Сегізбайқызымен рухани байланыс жасап тұрған, аралас-құралас, пікірлес болған екен.