Экономика • 22 Қаңтар, 2020

Жол мұраты – ел қуаты

167 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл бүкіл ел бойынша 9,8 мың шақырым автокөлік жолы жөнделмек. Оның ішінде 2,6 мың шақы­рым жолдың жөндеу жұмы­сы жыл соңына дейін то­лық аяқталады деп жос­пар­ланған. Ал осы рес­пуб­ликалық және жер­гіл­ікті жолдардың жағ­дайын жақсартуға қазы­на қоржынынан 750 млрд теңге шамасында ақша жұм­салады екен. Ниет қылған жұмыстардың дені «Нұрлы жол» бағдарламасының шеңберінде жүзеге аспақ.

Жол мұраты – ел қуаты

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасына Алматы облысынан 18 жоба кіріп отыр. Оның ішінде 5 жоба бойынша құрылысы басталатын және жөндеу жалғасатын маңызды жолға ерекше назар аудару қажет. Негізгі құрылыс жұмыстары қар көбесі сөгіле серпін алатын Талдықорған – Өскемен, Күрті – Бурылбайтал, Ұзынағаш – Отар, Қапшағай – Күрті, Үшарал – Достық трассаларында биыл да еңбек көрігі қызады. Осы республикалық бюд­жеттен қаржыландыратын жол құрылысы жергілікті тұр­ғын­­дар үшін жұмыс көзіне айна­лып отыр. Дерек бойынша қазірге де­йін Талдықорған – Өске­мен ав­то­банының құрылы­сы­на мыңнан астам адам жұмыл­ған. Дені – жергілікті жұмыс­шылар. Ал ел астанасына бастай­тын Күрті – Бурылбайтал бағытын­дағы трасса жұмысына 816 адам тартылған.

Биыл облыстың ішкі жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жалғаспақ. 427 шақы­рым трасса қосымша жөнделеді. Былтыр ішкі жол құрылысына 22,5 млрд теңге қаржы жұмсалып, 365 шақырым трасса толық жөнделген екен. Нәтижесінде, аймақтағы жол сапасы жақсарып, оң көрсеткіш 81 пайызға дейін өсіпті.

– Жол құрылысының жандануы жергілікті халық үшін эко­номикалық табыс әкеледі. Бас­қа­ны айтпағанда, адамдарды жұмыс­пен қамтуға оң әсер етеді. Был­тыр жол құрылысына екі мыңға жуық жұ­мысшы тартыл­ған. Негізгі мамандық иелерінен басқасы жергілікті тұрғындар. Жалпы, жол құрылысына қажет мамандарды өзіміз оқытып, да­йындауымыз керек. Ауыл тұр­ғындарын сұра­ныс­қа ие мамандықтар бойынша қайта даярлауға мән беріп отыр­мыз. Бүгінде бұл салаға дә­не­­керлеуші, кран жүргізушісі, трак­торшы, машинист сияқты мамандар өте қажет. Тұрғындарды оқытуға, үйретуге қаржы бөліп, жағдай жасадық, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.

Жол демекші, Алматы об­лы­­сы­ның Қарасай ауданына қарас­ты «Алтын орда» база­ры­ның маңын­дағы күре жолдың құ­ры­лы­сы созылып барады. Әуел­гі жос­пар бойынша жол салу 2017 жылы басталып, 2019 жылы ішіна­ра қолданысқа беріле бас­тауы тиіс еді. Алайда қазір бұл трассадағы жұмыстар 68 пайыз­ға ғана атқарылған. «Қазавто­жол» ұлттық компаниясының мәліме­тін­ше, Алматы қаласына оңтүс­тік бағыттан кіретін күре жол­дың құ­рылысы биыл толық аяқ­тал­­мақ. Жұмыстың кешеуіл­деуі­не бір­неше себеп болған екен. Бас­ты­сы, бөлінген қаржы­ның аз­­д­ы­ғы. Ком­пания маман­дары мұ­ны жол құ­рылысы жоба­ланған 2016 жылдан бері құры­лыс материал­дары­ның онда­ған есе­ге қы­м­баттауымен түсін­діре­ді. Мә­се­лен, жол төсеуге қол­да­ны­ла­тын арматура, қиыршық тас, битум сияқты қажетті заттар мен жа­нар-жағармай бағасының ша­рық­­тап өсуі мердігерлер жұ­мы­сы­на кедергі келтіріп отырған көрі­­неді. Ал жол салудың құқын «Дәулет-ДорСтрой» серіктестігі мен «AYTEI GROUP Holding Com­­pany» серіктестігі ұтып ал­ған бола­тын. Бұл компаниялар бүгінге дейін 6,2 миллиард теңге қаржыны игеріпті.

Жол құрылысына қол байлау болған екінші мәселе – аумақ­тағы жер телімдерінің жеке­мен­шікке сатылып кетуінде жа­тыр екен. Базар аумағынан бөлек, жолдың қос қапталына сауда-саттық пен қызмет көрсету орын­­дары орналасқандықтан, ны­сан қожайындарымен келісу ұзаққа созылған. Дау-дамайы көп іс сотқа дейін жеткен. Қазір аумаққа орналасқан 2 жанармай құю бекетін көшіру мүмкін бол­май отырған көрінеді. Екі бекет те бір қожайынға, «Oilan LTD» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне қарай­ды. Ал қо­жайын мемлекет төлей­тін өтем­­ақыға разы емес. «Қазавтожол» ұлттық компания­сы жер телімдерін 110 млн тең­геге бағалап отыр. Ал жанармай бекеттерінің иесі шығын үшін 225 млн теңге талап етуде. Іс бойынша 3 рет сот болса да, тараптар ортақ мәмілеге келе алмауда.

Соған қарамастан биыл жол құрылысы аяқталуы тиіс. Күн жылынғасын Ақсай өзеніне салынатын көпір, аспалы жолдар мен автобус аялдамаларын құру сияқты негізгі міндеттен бөлек аумақты көгалдандыру жұмысы жалғасады. Жалпы, трассаның «Алтын орда» базарынан Алматы қаласына кіреберіс қақпаға дейінгі тұсы қос бағыт бойынша 10 жолаққа жоспарланған екен. Яғни, бір бағыттағы қозғалыста ауыр жүк көліктері мен қоғамдық көліктер үшін арнайы жолақ ашылып, жеңіл көліктер өтетін жол табаны бөлек болмақ.

 

Алматы облысы