Қоғам • 22 Қаңтар, 2020

Омбы қарды тазалауда олқылық бар

298 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарап тұрсаңыз, Қарағанды облысында қар тазалауға деп жыл сайын бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жаңа техниканың неше түрі сатып алынады. Салтанатты кілт тапсыру рәсімінде сол қар күрегіш, тасығыш көліктер сапқа қаздай тізіліп тұрғанда, Қарағандының көшелерін енді қар алмайтын шығар деген сенімді ой келетін.

Омбы қарды тазалауда олқылық бар

Алайда, неге екені белгісіз, жаңағы айтқан техникалардың төпелеп қар жауса, боран соқса бол­ды, жетіспейтіндігі белгілі бо­лады да шығады. Бұл оқиға би­ыл да айнымай қайталанды. Жағ­дайдың осылайша қалып­тас­қанына наразы болған жұрт қазіргі уақытта әлеуметтік желіде ат­қарушы билікті аямай сынап жатыр.

Жуырда болған алай-түлей бо­ран көшелер мен жолдарды жа­уып тастады да, бұл сала­да­ғы кемшіліктердің бетін аш­ты. Мұны облыс әкімі Жеңіс Қа­сымбектің өзі де мойындады.

– Соңғы соққан боран бі­раз мәселенің бетін ашты: техни­ка­ның жеткіліксіз екенін көрсетті. Республикалық маңыздағы жолдар бойынша, әсіресе Қарағанды – Теміртау учаскесіндегі жағ­дайға байланысты шағымдар өте көп. Павлодар бағытында да со­лай. Балқашқа баратын жолды жабуға тура келді. Облыс ор­талығы бойын­ша да шағымдар жет­кілікті. Негізі, бұл саладағы  қызметтің жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Бірақ тұрғындар та­рапынан шағымдар үсті-үстіне түсуде: қар жолдың шетіне үйіле салады, жаяу жүргіншілер жолдары тазартылмайды. Сол себепті адамдар жол бойымен жүреді де, осыдан келіп апаттық жағдайлар туындайды, – деді ол аппарат жиынында.

Көшелері мен жолдары қа­лың қардың құшағында қал­ған Қарағандыда қар тазалау жұ­мыстарымен алты компания айналысады екен. Олардың төртеуі мердігерлік болса, қалғаны – ком­муналдық кәсіпорындар. Ке­шегі күні қар тазалауға 200-ге жу­ық техника жұмылдырылған. Бү­гінде мұның өзі аздық етіп отыр. Облыс орталығының бас­ты даңғылдары тазаланғанымен, шеткерірек көшелер мен жеке меншік үйлер орналасқан сектор­лард­ағы қарды сыртқа шығару ісінде олқылық бар. Әсіресе же­ке секторлардағы жағдай алаң­датады. Мұндағы тау-тау болып үйіліп қалған қарды қазір сыртқа шығармаса, көктемде жағдай тіпті ушығып кетуі мүмкін. Бү­тіндей шағын аудан­дарды қар­ғын су алу қаупі бар. Яғни, бұл аталған мәселелердің түйіні қо­сымша техника күшін алғанда ғана шешіледі деген пікір айтады қала басшылығы.

Кеншілер астанасындағы жағдай осылай болғанда, облыс­тың өзге қалалары мен аудан ор­­талықтарындағы және ауыл­дар­дағы жағдай қандай десе­ңізші?!

Ал синоптиктердің бол­жауын­­ша, Қарағанды облысы бо­йынша наурыз айына дейін бо­ран мен бұрқасын мол болатын көрінеді.

 

Қарағанды облысы