Саясат • 23 Қаңтар, 2020

Заң жобаларын дайындау барысы пысықталды

170 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында 5G, «Ақылды қалалар», «Үлкен деректер», блокчейн, цифрлы активтер, жаңа цифрлы қаржы құралдары сияқты тың технологиялық құбы­лыс­тарға бейімделу қажет екенін айтқан еді. Осы бағытта Пар­ла­мент Мәжілісі арнайы заңнамаға өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы жұмысты назарға алды.

Заң жобаларын дайындау барысы пысықталды

Тың технологиялардың тынысын кеңейтеді

Парламент Мәжілісі Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрлы технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мәселесі күн тәртібіне қойылды.

Осы тақырыпта баяндама жасаған Эконо­микалық реформа және өңірлік даму коми­тетінің төрағасы Нұртай Сабилья­нов аталған заң жобасы Президент Жол­дауын­да көрсетілген тапсырмаларды жүзе­ге асыру мақсатында әзірленгенін айтты. Де­путаттың айтуынша, бұл құжат тың технологияларды қолдану арқылы қоғам­дық қатынастарды реттеуге, ақпараттық-ком­муникациялық технологиялар саласын­дағы жобаларды іске асыру кезінде жағдай жасауға бағытталған. Заң жобасы 38 заңнамалық актіге, оның ішінде 8 кодекске және 30 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді. Комитет осы заң жобасын жұмысқа алуға және ол бойынша 2021 жылдың 17 ақпанына дейін қорытынды әзірлеуге дайын.

Сонымен қатар алқалы жиында 2012 жылғы 3 мамырда Люксембургте қол қо­йылған хаттамамен енгізілген өзгеріс­терді ескере отырып, 2008 жылғы 26 мау­сымда Астанада қол қойылған Қазақстан Рес­публикасының Үкіметі мен Люксембург Ұлы Герцогының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жайы қарастырылды.

Бұған қоса «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы және «Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытай Халық Республикасының кедендік шекаралары арқылы өткізілетін халықаралық тасымалдағы тауарлар мен көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілді.

 Бразилияға қашса да, құтылмайды

Депутаттар отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қазақстан мен Бразилия арасындағы адамдарды ұстап беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шарттарды мақұлдады. Бұл халықаралық шарттардың жай-жапсары туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтып берді.

– Бүгінгі таңда Бразилиямен қылмыстық салада үш негізгі шарт жасалды. Бұл екі ел арасындағы өзара сенімділікті білдіреді. Қазір екі елдің арасындағы байланыс жоғары деңгейде. Сауда айналымы 2019 жылы 13%-ға өсті. 2016 жылдан бері екі ел арасында визасыз тәртіп қатынастары жасалған. Талқылауға ұсынылған шарт іздеуде жүрген адамдарды қылмыстық жауапқа тарту және сот үкімін орындау үшін экстрадициялау мәселелерін шешеді. Егер адам Қазақстанда қылмыс жасап, Бразилияда жасырынып жүрсе, ол қамауға алынады және Қазақстанға ұстап беріледі. Дәл осылайша қылмыскер елімізде жасырынып жүрсе, біз Бразилия тарапына адамды экстрадициялауға міндетті боламыз. Құжатта ұстап беру және одан бас тарту негіздері бекітілген. Бүгінде Бразилияда Қазақстанның құқық қорғау органдарынан жасырынып жүрген адам жоқ. Сонымен қатар Бразилия органдары тарапы елімізде іздеу салған күдіктілер тіркелмеген. Шарттың негізгі бір мақсаты – алдын алу. Бұл құжат қылмыс жасап, Бразилияда жасырынып жүрген адамдарды қайтару үшін қажет құқықтық құрал болып отыр. Бүгінгі таңда шетелмен осындай 21 екіжақты шарт бар. Жақын арада біз осындай шарттарды Аргентина, Перу, Доминикан, Кипр, Малайзия және Грекиямен бекітеміз, – деді Марат Ахметжанов.

Алғашқы шартта екі елдің құзыретті органдарының ұстап беру мәселелері бо­йынша өзара іс-қимыл жасау мәселелері регламенттеледі. Құжатта ұстап беру шарттары, ұстап беруден бас тарту негіздері, өз азаматына қатысты қылмыстық қудалауды жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қолдану туралы, адамды үшінші мемлекетке ұстап беру шарттары, ұстап берілетін адам құқықтарының кепілдіктері толық айқындалған. Сонымен қатар күзетпен қамауда уақытша ұстау, беруді және уақытша ұстап беруді кейінге қалдыру, ұстап берілген адамды транзиттеу шарттары белгіленген. Қос мемлекеттің ұстап беру мәселелерінде тікелей өзара іс-қимыл жасайтын құзыретті органдары көрсетілген. Шығыстар және өзара есеп айырысу тәртібі де шарт бойынша ескерілген.

Ал екінші мақұлданған заң жобасы «Қазақстан мен Бразилия арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» болды. Бұл шартта тараптар қылмыстар үшін тергеп-тексеруге немесе қылмыстық қудалауға байланысты қолданылатын кез келген шараларды қоса алғанда, қылмыстық істерге байланысты өзара құқықтық көмек көрсетеді. Құжатта көрсетілетін көмектің тізбесі, көмектен бас тарту негіздері, құпиялылық туралы шарттар және көмек көрсету арқылы алынған мәліметтер мен дәлелдемелерді пайдаланудағы шектеулер, екі тараптың аумағында дәлелдемелер алу егжей-тегжейлі айқындалған.

 Хат тасушылардың қалтасы қашан қалыңдайды?

Жалпы отырыс соңында бірқатар депутат құзіретті органдарға депутаттық сауалдар жолдады. Мәжілістің Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланған депутаттары ауыл-аймақтағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесін қозғады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа жолданған бұл сауалды депутат Шаймардан Нурумов оқып берді.

Ол поштамен хат-хабар алмасудың маңызы әлі жоғалмағанын, қазіргі таңда елді мекендердегі жұрт әлеуметтік және тағы да басқа төлемдерді пошта қызметі арқылы қол жеткізіп жатқанын айтты. Депутаттардың өңірлерге сапары аясында жергілікті тұрғындар аталған мәселені көтерген екен.

– Қаржылық операциялар, тауарлар тасымалы, төлемдер, банктік қызметтің кейбір түрлері және тағы басқа қызмет көрсетулерді жүзеге асыратын «Қазпошта» табыстан кенде емес. Осылай бола тұра пошташылардың жалақысы өте төмен деңгейде қалып қойғаны ақылға сыймайды. Осы жылдың қаңтар айында Парламент Мәжілісі депутаттарының Алматы облысындағы кездесуінде ауыл тұрғындары пошташылардың жетіспеуінен хат немесе газет-журналдар екі аптадай кешігіп жететінін айтып жатты. Ауылдық мекендерде интернеттің жоқтығы немесе жылдамдығы төмен болуы салдарынан тұрғындар үшін баспа өнімдерінің маңызды бұқаралық ақпарат құралы екені анық. Тұрғындардың айтуынша, 12-25 мың теңгені құрайтын жалақы қолданыстағы заңнамада бекітілген жалақының ең төменгі көрсеткіші 42500 теңге көлеміне сай келмейді. Атап өтсек, пошташылардың жалақысы Алматы облысының Ұйғыр ауданында 12-15 мың теңге, Панфилов ауданында 18-20 мың теңге және Еңбекшіқазақ ауданында 12-25 мың теңге аралығын құрайды, – деді Шаймардан Нурумов.

Бұл мәселені депутаттар бұрын да көтерген. Бірақ оң нәтиже байқалмайды. Аталған депутаттық сауалға заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап жолдау талап етілді.