Әсіресе ең сапалы бидай өсетін Науырзым ауданындағы ұсақ шаруашылықтардың жайы мүшкіл. Олардың несие алуға кепілдікке қоятын не мүлкі, не жаңа техникасы жоқ. Диқандар аудан әкімдігіне барып көмек сұрағанымен, жергілікті билік әзірге тығырықтан шығудың қандай да бір жолын нұсқап, нақты қолдау көрсетуге қауқарсыз.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты Мемлекеттік астық инспекциясы бөлімінің бастығы Серік Қабиев: – Науырзымда тұқым мәселесі аудандық деңгейде шешіліп қойған. Таяуда аудан әкімінен «Бидай тұқымын өсіретін ірі шаруашылықтармен меморандум жасадық, біз тұқым мәселесін шештік» деген хат алғанбыз, – дейді.
Мәселенің мән-жайын білмек болып Науырзым ауданының әкімдігіне хабарластық. Әкімнің орынбасары Қабидолла Омаров:
– Дәмді, Буревестник, Қайғыда бидай тұқымы бар. Тек Раздольный мен Өлеңдіде жоқ. Шолақсайда бидай тұқымын өсіретін ірі серіктестік бар. Олардың тұқымы бүкіл ауданға жетеді. Ұсақ шаруалар сонымен келісіп, мүлік-техникасын кепілдікке қойып, тұқым алсын. Оны күзде қайтара ма, ол жағын өздері келіседі.
Қазір кім тегін тұқым береді. Жақында облыс Ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жазған. Соның жауабын күтіп отырмыз. Жай қоңырау шалып сұрағаны болмаса, бүгінге дейін тұқым тауып бер деп маған ешкім келген жоқ. Мен оларға не деймін, күту керек, – деді. Осылайша, облыс ауданға сеніп, аудан облыстың аузына қарап отыр. Енді диқандардың мұңына құлақ түрейік.
Батырбек Сағитов,
шаруа, Өлеңді ауылы:
2018 жылы егінді бұршақ ұрып, гектарынан небары 2 центнерден астық алдық. 2019 жылы бар мүлкімізді салып «Қаржылай қолдау қорынан» несие алып, егін ектік. Оны биыл қайтара алмадық. Өкімет пролонгация жасап мерзімін ұзартты ғой, оған өтініш жазғанбыз. Енді 2020 жыл келіп қалды. Оған біздің несиеге кепілдікке қоятын мүлкіміз де жоқ, ақша да жоқ. Енді Үкімет біздің жағдайымызды түсініп, «Азық-түлік корпорациясы» арқылы тұқым бере ме деген үміт бар. Өйткені былтырғы несиеміздің өзін жаба алмай отырмыз. Өзімде 325 гектар жер бар. Былтыр егін күйіп кетті. Аудан әкіміне барып, егін шықпағанын айтып көмек сұрадым. Ол кісі сақтандыру төленеді деді. Әкім айтып отырған сақтандыру – мардымсыз ақша. Ауданнан келген комиссия көзбен көріп тұрып, егін шала шыққан деген шешім шығарып отыр. Неге бұлай десек, масаққа ілінген бір-екі бидайды көрсетеді. Ол бидай жанармайды да ақтамайды. Егін шала шыққан жоқ, мүлдем шықпай қалды, ақиқаты – осы. Бұрын осындай қиын жылдары «Азық-түлік корпорациясы» арқылы қарызға өсімпайызсыз тұқым беретін. Оны келесі күзде қайтарып беретінбіз. Енді биыл олай бере алмайтын шығармыз. Екі жылға берсе деген өтінішіміз бар. Біз өзі көп емеспіз ғой. Өлеңді ауылдық округі мен Раздольныйдағы 10 шақты шаруашылық қана. Не берсе де егемін биыл.
Қайрат Нысанбаев,
шаруа, Өлеңді ауылы:
520 гектарға бидай егетінмін. Былтыр егін шықпай қалды. Биылдыққа 60 тонна тұқым керек. Тұқымды ірі шаруашылықтардан алыңдар дейді. Оған қоятын кепілдік жоқ, қалай аласың? Ешкім бермейді. Әкімдік қазір «ана жерден алып береміз, мына жермен сөйлесіп жатырмыз» деп уәдені үйіп-төккенмен, ертең ештеңе білмейміз деп шыға келеді. Бұл – жылда айтылатын әңгіме.
Дмитрий Исаев,
шаруа, Өлеңді ауылы:
2019 жылы мамыр айында көктемгі дән сіңіру жұмыстарына 15 млн теңге несие алдым. Бір жылдан соң сәуірде үстіне 2 млн теңге қосып, 17 млн қайтаруым керек. Былтыр 1000 гектар бидай, 300 гектар арпа ектік. Жазда Науырзым қорығы өртенгенде 100 гектар арпа ыстық ұрып, күйіп кетті. Оған ешқандай сақтандыру төленбейді. Қуаңшылықтың салдарынан бидай гектарынан 0,2 – 0,5 центнерден өнім берді. Оны жинап алу тиімсіз, жанармай мен жұмыс күшін ақтамайды. Сондықтан сол күйі тастап кеттік. Арпа – 1-1,5 центнер. Оны мал азығына жинап алдық. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша абердин-ангус тұқымды 80 бас ірі қара алғанмын. Құны – 31 миллион 250 мың теңге. Бұған өзімде бар мүлікті кепілдікке қойдым. Егін болмағандықтан, биыл несиемді де төлей алмадым. Өтеу мерзімін ұзартпай отыр. Шаруашылықта өзімнен басқа жеті адам жұмыс істейді. Олардың жалақысын төлеу үшін ұсақ несие алдым. Бір жұмысшым: «Бәрін көзім көріп тұр ғой. Кейін жағдай түзелгенде берерсің», деп жалақысын алудан бас тартты. Өзім ауыл мектебіне көмектесіп, қыста қар аршып, ауыл көшелерін тазартып тұрамын. Биыл бізге мемлекеттің қолдауы аса қажет болып тұр. Жағдайымыз өте қиын.
Арнұр Бекмағамбетов,
шаруа, Өлеңді ауылы:
Былтыр 200 гектар зығыр, 800 гектар бидай ектім. 20 тонна зығыр жинап алдым. Арпа, бидайды жинаған жоқпыз, тастап кеттік. Қолымызда жинаудың тиімсіздігі туралы анықтама бар. Ауданнан комиссия келіп көрді. Қазір тұқым іздестіріп, таба алмай жатырмыз. 2013 жылы «Сыбағаға» қатысып мал алғанмын. Қазір соның 800 мың теңге қарызы келіп тұр. Пролонгацияға өтініш жазып едік, жауап жоқ. Мұның сыртында қазан айында малдан бруцеллез шығып, карантинге жауып тастады. Қазір не мал сата алмаймыз. Ештеңе істей алмай отырмыз. Ауылда 2-3 отбасы осы шаруашылықта еңбек етіп, нәпақа айырып отыр. Маған 150 тоннадай тұқым керек. Жерімізді, ескі техникамызды қойып несие алайық десек, оған бермейді. Несие алу үшін қалада үйің болу керек немесе техникаң жаңа болуы қажет. Наурыз келгенде бидай тұқымының бағасы да аспандап кетеді.
Низам Гарашов,
шаруа, Раздольный ауылы:
Былтыр 850 гектар алқапқа дән егіп, күзде түк ала алмадық. Әкімдікке өтініш жаздық. Әзірге мардымды жауап жоқ. Енді не боларын білмей отырмыз. Былтыр Қостанай қаласындағы үйімді кепілдікке қойып, тұқым сеуіп едік, егіннің жағдайы анандай болды. Несиенің өтеу мерзімін бір жылға ұзартты. Онысына рахмет. Бірақ көктемде егетін бидай тұқымы жоқ, не істерімізді білмей отырмыз. Несие алайық десек, кепілдікке қоятын ештеңе жоқ.
Марал Белжанов,
Раздольный ауылы:
Біздің шаруашылық «Еңбек» шаруа қожалығы деп аталады. 3 мың 200 гектар жеріміз бар. Былтырғы қуаңшылық бізді ғана емес, осы өңірдегі барлық шаруашылықты есеңгіретіп кетті. Раздольный ауылдық округіне 15 шақты шаруашылық тіркелген. Былтыр ешқайсысы егін ала алған жоқ. Қазір көпшілігі егіншілік кәсіптен қол үзуге ниеттеніп отыр. Егер биыл несиеге тұқым берілмесе, алқаптар егілмей, бос қалайын деп тұр. Яғни, жер жеміс бермейді. Қазір Раздольныйда 100 шақты үй бар. Осыны ұстап қалу керек қой. Онсыз да тұрғындардың біразы қалаға көшіп жатыр. 2018 жылы Қостанай облысының оңтүстік аудандарында қуаңшылық болды. Раздольныйда егін гектарына 2-3 центерден ғана өнім берді. Ал былтыр бұл қуаңшылық 2-3 есе күшті болып, егін 0,2, әрі кеткенде 1 центнер ғана түсім берді. Тіпті 1 жарым центнер түсім бергеннің өзінде, егінді жинап алу тиімсіз. Шығын ақталмайды. Сондықтан былтыр көптеген шаруалардың егіні далада қалды. Ең бастысы, өңделген алқаптарды тастап кетпей, сақтап қалу маңызды. Мысалы, іргелес жатқан Бестауда дән сіңіруге болатын 50 мың гектар жер бар. Бұл алқаптар кезінде жоғары өнім беретін. Қазір осы 50 мыңның 100 гектарына ғана дән себіледі, қалғаны игерілмей жатыр. Бұл – үлкен мәселе.
Николай Кредич,
шаруа, Раздольный ауылы:
Биыл қойма бос тұр. Күзде алқапқа шығып көрдік. Бір айда 4 бункер егін ордық, оның өзі таза емес, малға беруге ғана жарайды. Малға біраз жем жинап алдық. Шығынды ақтамайтын болған соң, қалғанын тастап кетуге тура келді. 40 тонна тұқым еккенбіз, өнім – нөл. Қаншама жанармай зая кетті. Жалақының өзін әупірімдеп жүріп төледік. Жағдай өте нашар. Тұқым сатып алуға қауқарсызбыз. 680 гектар жерім бар. Көктемге дейін 3 ай уақыт қалды. Енді жоғарыдағы басшылар қол ұшын созар деп үміттеніп отырмыз.
Науырзым ауданындағы ахуал осы. Облыс орталығынан шалғай жатқан Жітіқара, Қамысты аудандарында да жағдай мәз емес.
– Таяуда ауыл шаруашылығы министрлігіне хат жаздық. «Азық-түлік корпорациясында» сатылып алынған 50 мың тоннадай астық бар. Сатуға арналған тауар түріндегі бидай. Біздің ойымыз сол бидайды қарызға алып, диқандарға таратып беру. Олар күзде пайызымен қайтарып береді. Қазір осы мәселе қаралып жатыр. Облыс бойынша 2,6 мың тонна тұқым жетіспейді. Қамысты ауданына 500, Жітіқараға 2 жарым мың тонна тұқым керек. Біз «Азық-түлік корпорациясынан» 5 мың тонна сұрап отырмыз. Егер берсе, барлығы жабылады. Баяғыда мемлекеттік астық қоры бар еді ғой. Қазір ондай жоқ. Корпорация жеке құрылым саналады. Өзі сатып алады да, өзі экспортқа жібереді. Бұл мәселе қаншалықты оң шешім табатыны әзірге белгісіз, – дейді мемлекеттік астық инспекциясы бөлімінің бастығы Серік Қабиев.
Бүгінде Қостанай облысында 4 табиғи бидай тұқымын өндіруші, 14 элиталы бидай тұқымын өндіруші және 28 бидай тұқымын өндіруші серіктестік жұмыс істейді. Мұның сыртында, еліміздің басқа өңірлері мен Ресейден келген бидай тұқымын саудалайтын 14 алып-сатушы бар. Салалық басқарма өкілдерінің айтуынша, өңір басшысы Архимед Мұхамбетов бұлардың барлығына облыстан тысқары жерлерге бидай тұқымын сатуға тыйым салып, бірінші кезекте өз диқандарымызды тұқыммен қамтамасыз ету керек деген нұқсау берген. Мұның сыртында бидай тұқымын өсіретін шаруашылықтарды 70%-ға дейін субсидиялау мәселесі де қолға алынып жатыр.
Бүгінде қуаңшылыққа ұрынған бірқатар аудандарға егін бітік шыққан солтүстік аудандар қол ұшын созған. Ол үшін екі ауданның әкімі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға отырып, бидай тұқымын өндіретін ірі шаруашылықты үшінші тарап ретінде тартып, шарттың бұлжымастығына өздері кепіл болуы керек.
Жалпы, өңірде қуаңшылыққа қыңқ етпейтін, техникасы қуатты, шаруашылығы мықты, дамыған ірі серіктестіктер көп. Олардың дені көктемгі егістік науқанына сақадай сай дайын отыр.
Себерге бір түйір тұқымы жоқ науырзымдық диқандардың да алдағы жаздан үміті мол. Өйткені биыл алқапқа қар қалың түсті, ылғал да жеткілікті. Тек тұқым табылса игі.
Нұрқанат Құлабаев
Қостанай облысы