Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстан экономикасында квазимемлекеттік және мемлекеттік сектордың үлесі өте үлкен. Мемлекеттің қатысы бар компанияларда барлығы 300 мыңға тарта адам жұмыс істейді. Бұл дегеніміз – жұмысқа қабілетті халықтың 3,5 пайызы.
Холдингтердің портфельдік компанияларының активтері ІЖӨ-нің жартысына жуығын құрайды. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Олардың қаншалықты тиімді жұмыс істеп жатқанын қайта қарастыру керектігі туралы Мемлекет басшысының тарапынан бұған дейін де айтылған болатын. Бұл орайда «Бәйтерек» ҰБХ еліміздегі ең ауқымды экономикалық бағдарламаларды жүзеге асырумен айналысатынына назар аударған жөн. Яғни, оның тиімсіз жұмыс істеуі экономикалық бағдарламалардың да тиімді жүзеге асырылатынына күмәнмен қарауға жетелейді.
2018 жылы «Бәйтерек» холдингінің табысы 35 млрд теңгені құрады, ал әкімшілік шығындарының көлемі 43 млрд теңге болды. 43 млрд теңгенің 21 млрд-сы қызметкерлерге жұмсалған. 2017 жылы аталған холдингтің әкімшілік шығындары 39 млрд теңге болды. Яғни, холдингтің жылдық шығыны табысынан әлдеқайда жоғары деген сөз. Осыған байланысты штатының тым көптігі туралы мәселе көтерілгені орынды деп санаймын.
Президент халықтың әл-ауқатын көтеру міндетін алға қойып отыр. Әлеуметтік төлемдерге жұмсалатын шығын көлемі ұлғаюда. Осындай кезеңде холдингтердің әкімшілік және басқа да шығындарын азайтып, шектен тыс ұлғайып кеткен штатын ықшамдау мәселесінің өзектілігі арта түседі.
Вячеслав ДОДОНОВ,
Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы