Қоғам • 28 Қаңтар, 2020

Көрші елден келген жұмыс күші неге есепте жоқ?

374 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биылдан бастап Қазақстанда шетелдік жұмыскерлерді тартуға арналған квота 40 пайызға қысқартылды. Яғни, 2020 жылы елімізде шетелдік жұмыс күшін тартуға берілген рұқсат 29 292 бірлікті құрауы тиіс. Ал былтыр бұл көрсеткіш 48 700 бірлік болған еді. Міне, енді соның 40 пайызы қысқаруда.

Көрші елден келген жұмыс күші неге есепте жоқ?

 

Қазірдің өзінде Ақтөбе, Ба­тыс Қазақ­стан, Қызылорда және Солтүстік Қазақ­стан об­лыс­тары 4 санат бойын­ша шет­ел­дік жұмыскерлерді тартудан толықтай бас тартып, жұ­мыс берушілердің қажеттілігін жер­­гілікті мамандар есебінен шешу­ді жос­парлап отыр. Бұл әри­не, қуантарлық жайт. Негізі шетел­діктердің басым бөлігі, нақ­тырақ айтсақ олардың 45 пайы­зы құрылыс саласында, 12 пайызы  тау-кен өнеркәсібінде, 8 пайызы кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметте, 7 па­йызы өңдеу өнеркәсібінде жұмыс істейді екен. Еңбек және әлеу­меттік қорғау министр­лігі­нің сайтында жарияланған мәлі­мет­терге қарағанда, бүгінде Қазақ­станда Қытайдан – 4 524 адам, Өзбекстаннан – 781, Түркиядан – 1 964, Үндістаннан – 1 893, Ұлыбританиядан 1 368 адам келіп, еңбек етуде.

Өткен жылдың соңында Пре­зидент Қасым-Жомарт То­­қаев Ұлттық қоғам­дық сенім ке­ңесінің отырысында ше­тел­­ден жұмыс күшін тартқан кәсіп­орын­­дарға қатысты пікір білдіріп: «Мен шет­елдік жұмыс берушілер тарапы­нан біздің аза­маттарды кемсітуіне жол беріл­­меуі керектігі турасында ұдайы ай­тып келемін. Сіздер де бұл мәсе­лені көтергенсіздер. Сондықтан ме­нің тап­сыр­мам­мен өткен айда шетел­дік жұ­мыс күшін тартып отыр­ған кәсіп­­орын­дарда еңбек және көші-қон заң­намасы­ның сақ­­та­луы бо­йын­ша тексеру жүр­гізіл­ді. Осы уақытта 95 ком­па­ния инс­­пек­­ция­лық тексеруден өтіп, 930 заң­бұзу­шы­лық факті­лері анық­талды» деген бола­тын.

Шынында шетелдік қызметкер­лердің жұмысы берілген рұқсат­намаға сәйкес келмеуі, атқарып отырған лауазымы мен білімінің сәйкессіздігі жиі кездескен. «98 млн ­теңгеден астам сома­ға 397­ әкімшілік іс қозғалды. 361 ше­тел­дік жұмысшының жалақы­сы қазақстандық жұмысшы дең­гейі­не дейін төмендетілді, ал 4 қазақ­стандық жұмысшы үшін жа­лақы шетелдік жұмысшы алатын ақы деңгейіне дейін көте­рілді. 703 рұқсат қайтарып алынды, 507 шетелдік жұмысшы ел­ден шығарылды», дейді бұл жө­нін­де Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Дегенмен де Қазақстанға шет мемлекеттерден қанша жұмыс күші келіп жатқаны туралы құзырлы органдар берген мәліметтерге сену қиын. Бұл мәселеде түрлі мекемелер түрлі мәліметтер келтіреді. Мысалы, жоғарыда 2019 жылы елімізде шетелдік жұмыс күшін шақыру квотасы 48 700 адамды құраған дедік. Осылайша, 2019 жылдың 1 қазанындағы ақпарат бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін шақыруға берілген рұқсаттардың ресми саны 21 мыңға да жетпейді. Ал көші-қон комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылы Қазақстанға Өзбекстан мен Тәжікстаннан ғана 551 мың еңбек мигранттары келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 600 мыңнан асқан. Осыдан-ақ, ресми статистикамен Қазақстанға келіп, нан тауып жүрген шетелдік жұмысшылардың нақты санының айырмашылығы жер мен көктей екендігін анық аңғарасыз. Ресми мәліметтерге сенсек, Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін шақырушы 2396 кәсіпорын тіркеліпті.

– Бірақ бұл мигранттардың саны Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің шетелдік жұмыс күші квотасы бойынша есебінде ескерілмейді. Сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстаннан сырт­қа қанша қаржы шығарғандары жө­нінде де ешбір ресми ақпарат жоқ. Жоғарыда келтірілген еңбек миг­рант­тарының санын ескергенде, шетел асқан қаражат көлемі миллиардтап есептеледі, ал бұл қаржы Қа­зақ­стан азаматтарының жалақысы бо­лып еліміздің экономикасында қа­лар еді, – дейді Үкімет жетекшісіне са­уал жолдаған Мәжіліс депутаттары.

Ал Статистика комитетінің мәліметтері ел ішіндегі жасырын жұмыссыздықты есептемегенде, жұмыссыз азаматтардың саны 442 мыңға жеткенін көрсетеді. Ол 442 мың жұмыссыздың 133 мыңының жоғары, 196 мыңының орта кәсіптік білімі бар. Ендеше өзіміздің 442 мың азаматымыз жұмыссыз жүр­генде, мыңдаған шетелдік еңбек ми­гранттары олардың орнын қа­лай басып отыр? Иә, көрші елден жұмыс іздеп келгендер ең алдымен арзан жұмыс күші екені анық. Жа­сыратыны жоқ, біздің елдегі жұмыссыздар ондай жалақы мен жағдайды місе тұтпайды. 

Елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі жоқ екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің алғашқы Жолдауында айтып, «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауы тиіс», деп нақты тапсырма берген еді. Осылайша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биыл­дан бастап шетелдік жұмыс күшін тарту квоталарын жоспар­лай отырып, оны екі есеге қысқарт­ты. Бұл әрине елдің ішкі еңбек на­рығын қорғау мақсатында жасалып отыр. Жалпы алғанда, республикада тұратын 18,5 миллион адамның ішінде 9,2 миллион адам жұмыс күші санатына жатады, ал іс жүзінде 8,7 миллион адам жұмыс істейді, оның 6,7 миллионы жалдамалы жұмысшылар.

Дегенмен де жұмыссыздықты азайту, халықты жұмыспен қамтуға арналған бағдарламаларды іске асыру барысында рұқсатсыз еңбек етіп жатқан шетелдік азаматтардың шынайы саны ескерілмесе, бұл мәселеде оң өзгеріске қол жеткізе алмайтынымыз анық. Дәл қазір елімізге келіп жатқан заңсыз ми­гранттардың саны өзіміздегі жұмыссыздардың санынан асып отырғандығын ескерсек, бізде жұмыссыздық жоқ сияқты. Сонда бұл қалай? Көрші Өзбекстан, Тәжік­стан, Қырғызстаннан ке­ліп жатқан еңбек мигранттары неге квота есебіне кірмейді? Ең­­­бек және әлеуметтік қорғау министр­­лігі көрші елдерден ағы­лып жатқан жұмыс күшін неге көр­­мей отыр? Елімізде, әсіресе оң­түстік облыстарда мұндай еңбек мигранттарының қаптап жүргенін екінің бірі біледі. Әрине құзырлы органдар олардың шекарадан әрі-бері өтуін заңның бір тармақтарына сыйдырып, бәрін сылап-сипап жіберуі мүмкін. Бірақ Қазақстанға заңсыз мигранттардың көптеп келуі жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын одан әрі төмендететіні және әлеуметтік қысымның жоғарылауына алып келетіні жасырын емес. Ал ми­нистрлік бұл мәселеде әзірге басқа мәлімет таратып отыр, Көші-қон комитеті басқа мәлімет таратып отыр. Қазақстанда Өзбекстаннан келген 781 адам ғана жұмыс істеп жүр дегенге кім сенеді? Сонда кімнің ақпараты ақиқат?