Медицина • 29 Қаңтар, 2020

АӘК: жаңа тәртіп тиімді ме?

1045 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртіптеріне бірқатар өзгеріс енгізілді. Әсіресе онда көмек нағыз мұқтаждарға беріліп, еңбекке белсенділікті арттыру көзделген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Еңбек етуге ынталандырудың жаңа тәсілдеріне баса мән беріліп, Атаулы әлеуметтік көмекті асыра пайдалану барынша азаяды», деген еді. Ендеше, жаңа тәртіп халыққа да, ел қазынасына да тиімді бола ма?

АӘК: жаңа тәртіп тиімді ме?

Былтыр тоғыз ай бойы әр балаға 21 мың теңгеден беріліп келген атаулы әлеуметтік кө­мек­тің көлемі өзгерді. Яғни енді кедейлік шегі мен күнкөріс дең­гейінің айырмашылығы ғана төленеді. Ол отбасының әр мүше­сіне орта есеппен 10 054 теңге­ден айналады. «Кедейлік шегі дегеніміз – күнкөріс деңгейі­нің 70 пайызы. Қазір кедейлік шегі – 24 258 теңге. Өткен жы­лы 1 сәуір­ден бастап атаулы әлеу­меттік көмек әр балаға 21 572 теңгеден беріліп, ата-анасы­на кедейлік шегі мен күнкөріс дең­гейінің айырмашылығы ғана төленген еді. Биылдан бас­тап балаларға да осылай есеп­теледі. Мысалы, 5 адам тұратын ша­ңырақтың табысы 50 мың теңге делік. Олардың орташа табы­сы 10 мың теңге болады да, 24 258 теңгеге жетпей тұр­ған бөлігі ғана (14 258 теңге) 5 кі­сіге есептеліп, 71 290 теңге көле­міндегі атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады», дейді Нұр-Сұлтан қаласы Алма­ты ауданы бойынша әлеумет­тік көмек көрсету бөлімінің бас­шысы Назер­ке Нұрмахамбетова.

Әлеуметтік желілерде айтыл­ған пікірлерді бағамдасақ, кейбірі көмек көлемі азайып қалады деп есептейтін көрінеді. Бірақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов АӘК нағыз мұқтаждар үшін былтырғымен салыстырғанда кө­бейгенін алға тартады. «Жа­ңа механизмнің негізгі мақсаты – атаулылығында. Егер де отбасының табысы шынымен төмен болса, ол көп балалыларға берілетін мемлекеттік жәрдем­ақыны да, атаулы әлеуметтік кө­мекті де алады және кепіл­ден­дірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Бұл бір жа­ғынан нағыз мұқтаждарға көмек­тесуге мүмкіндік береді», дейді министр.

Анық-қанығына жету үшін АӘК-ке құжат тапсырған отбасыларды іздеп көрдік. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, 8 баланың анасы Жанар Кауменованың тек мемлекеттен алатын көмегінің өзі 200 мың теңгеден асады екен. «Жаңа жылдан кейін 74388 тең­ге жәрдемақы түсті. Әлеу­меттік кө­мекті 2017 жылдан бас­тап алып келемін. 2017 жылы 92 мың теңге, былтыр 220 мың теңге ал­дым.

Биыл 40 мың теңгеден астам атаулы әлеуметтік көмек тағайындалатынын есептеп берді. Мұның сыртында 1 жасқа толмаған балама 22 мың теңге, «Алтын алқа» иегері ретінде 16 500 теңге аламын. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғаннан кейін балаларыма кепілдендірілген әлеуметтік топтама берілмек. Төрт балам мектепте оқиды. Жолдасым жүк тиеуші болып, ай сайын 45 мың теңге табады. Меніңше көмектің көлемі ешқандай қысқарған жоқ. Бәрібір сол 200 мың теңгеден асып тұр», дейді көп балалы ана.

 Тоқсан сайын тағайындалады

Бұған дейін атаулы әлеуметтік көмектің шартты және шартсыз екі түрі белгіленіп, шартты түрі алты айға, шартсыз түрі бір жылға беріліп келді. Отбасында жұмысқа қабілетті азамат болғанымен белгілі бір себептермен уақытша жұмыс істемейтін жағдайда шартты түрі  тағайындалады да, үйінде жұмысқа қабілетті кісі мүлде жоқ және 23 жасқа дейінгі баласы оқуда болған жағдайда шартсыз АӘК беріледі. Енді бұл екеуі де тоқсан сайын тағайындалады. Ең бастысы, шартты АӘК алған шаңырақтағы жұмысқа қабілетті кісілерді жұмыспен қамту бойынша барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда, олар «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында көптеген жеңілдіктерге ие болады.  «Егер ол одан бас тартса, АӘК беру тоқтатылады. Бұған мүгедек жандар, оқып жүрген еңбекке жарамды азаматтар, 3 жасқа дейінгі баламен және мүгедек жанды, қарттарды қарап отырған кісілер, 1 және 2-топтағы мүгедек ересектер, қарттар жатпайды. Баламен үйде отырған аналарға ерекше қарайтын боламыз. Оларға толық емес режімдегі жұмыстар ұсынылады», деген болатын министр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаментінің бас сарапшысы Нұрсәуле Елеуованың айтуынша, оларға мамандықтарына сай уақытша және тұрақты жұмыстар ұсынылып қана қоймай, мамандығы жоқ кісілер тегін оқудан өтеді. Кәсіп бастағысы келгендерге жеңілдетілген гранттар мен несиелер беріледі.

Жаңа жәрдемақы табысқа жатады

Жаңа жылдан бастап көп балалы отбасылардың табысына қарамастан 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға 74 388 теңге ай сайын тұрақты мемлекеттік жәрдемақы беріле бастады. Алдағы уақытта бұл қаражат та табыс ретінде есептелмек.

«Жаңа жәрдемақы тек сәуір айынан бастап АӘК тағайындаған кезде табыс көзі ретінде есептеледі. Өйткені біз бірінші тоқсанның жәрдемақысын тағайындау үшін өткен жылдың төртінші тоқсанын қараймыз. Екінші тоқсанда сәйкесінше бірінші тоқсанның жәрдемақылары ескеріледі», деді Назерке Нұрмахамбетова.

АӘК тағайындауда шәкіртақы бұрынғыша табысқа саналмайды. Осы жылғы АӘК тағайындаудың жаңа тәртіптерінің бірі – ата-анасынан бөлек тұрып оқып жатқан оқушылар мен студенттерге де АӘК беріледі. Сондай-ақ осыған дейін ата-ананың біреуіне 7 жасқа дейін бала күтімімен отыруға рұқсат болса, жаңа тәртіпке сай бала күтімі 3 жылға қысқартылған.

 Кепілдендірілген топтама кімдерге беріледі?

Атаулы әлеуметтік көмек алған отбасының барлығы кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Мұнда 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік (ай сайын) топтамасы мен гигиеналық құралдар  (тоқсан сайын) берілсе, 6-18 жастағы балалар мектепте ыстық тамақпен қамтылып, мектеп формасы, оқу құралдары және мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері, медициналық көмек қарастырылған. Жауапты мамандардың айтуынша, бұл кепілдендірілген көмек болғандықтан, отбасы атаулы әлеуметтік көмектен қағылған күнде де беріле береді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, биыл мектеп жасына дейінгі 220 мыңнан астам бала, мектеп жасындағы 370 мыңнан астам бала осы кепілдендірілген топтамамен қамтамасыз етіледі.  «Қазір тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Әкімдердің ұсыныстары бойынша Үкіметтің қаулысымен 493 сауда орталығы бекітілді. Олар осы топтаманы дайындайды. Оларға талап, техникалық сипаттамалар әзірленді. Оны іске асыру жергілікті атқарушы орындардың жауапкершілігінде. Азық-түлік топтамасында халықаралық тәжірибе ескерілген. Ең маңыздысы, біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, баланың физиологиялық ерекшелігін және тағамдық, энергетикалық құндылығы жасына сай азық-түліктерді дайындадық», дейді ведомство басшысы.

 Ел не дейді?

«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты КеАҚ Қоғамның жаңғыруын әлеуметтанулық зерттеулер орталығы жаңа атаулы әлеуметтік көмекке байланысты еліміздің барлық аймағында сауалдама жүргізген. 1200 адамды қамтыған телефондық сауалдаманың нәтижесі бойынша, 82,1 пайызы жаңа реформаны қолдайтындықтарын, 17,9 пайызы қарсы екендіктерін айтқан.

Әлеуметтанушылардың зерттеуіне экономистер де үн қосуда. Олар мемлекеттің бай мен кедейдің ара-жігін алшақтатпайтын нарықтық экономиканы құруға бет алғанын айтып отыр. Дегенмен мұның барлығы ел қазынасын ортайтпай, Ұлттық қорды талан-таражыламаған күйде іске асқаны дұрыс деп есептейді. «Биыл мемлекеттік бюджеттің тең жартысы әлеуметтік салаға бағытталып отырғаны қуантады. Әлеуметтік көмектен бөлек, жалақы мен зейнетақы өсіп жатыр. Жалпы табыстың артуы жақсы үрдіс. Бірақ табыстылықтың құндылығы қаншалықты дәрежеде сақталады? Халықтың төлем қабілеттілігі соған сай арта ма? Мәселе сонда. Өйткені әлеуметтік шығындар мемлекеттік бюджетке салмақ. Ал бүгінде мемлекеттік бюджетте тапшылық орын алуда. Ал ол тапшылықты Ұлттық қордан трансферттер арқылы жауып отыр. Бұл белгілі дәрежеде Ұлттық қордың, келешек ұрпақ үшін арналған қаражаттың ортаюына әкеп соғады. Екінші қауіп – Ұлттық банк қосымша ақшаны басып шығаруы мүмкін. Егер бұл жүзеге асатын болса айналымдағы ақша массасы артады да, инфляцияға алып келеді. Сөйтіп қайтадан тауарлардың бағасы қымбаттайды. Бұл халықтың табысының 25-30 пайызға өсіп жатқанын еш ақтамай қалады. Сондықтан бұл әлеуметтік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін көлеңкеде жүрген қаражатты жарыққа шығару керек. Бұл бірінші кезекте шенділердің ар-ожданы мен жауапкершілігіне байланысты. Сосын сыбайлас жемқорлықтың жолын кесу. Үшіншіден, цифрландыруға көшу», дейді экономист Мақсат Халық.