Руханият • 30 Қаңтар, 2020

Метин Гүндоғду: Біз әл-Фарабидің көзқарасы мен ойларына әлі де мұқтажбыз

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндердің басты жаңалығы – елімізде Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығының ресми әрі салтанатты түрде бастау алуы дер едік.  

Метин Гүндоғду: Біз әл-Фарабидің көзқарасы мен ойларына әлі де мұқтажбыз

Суретті түсірген Марат ЖҮНІСБЕКОВ (Marabeey)

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы әлемнің 40-тан аса елінен келген қонақтардың басын қосқаны аян.  

Әлемнің әр қиырынан келген спикерлер қатарында Түркия Республикасы Ұлы ұлт­тық мәжілісінің депутаты Метин Гүндоғду сөйледі.

– 870 жылы қазіргі Қазақстан аумағындағы Отырар қаласында «Адамзаттың Екінші Ұстазы» және «Шығыстың Аристотелі» деген атпен белгілі Әбу Насыр Мұхаммед ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки деген ұлы ғалым, энциклопедист, Ислам пәлсапасының алдыңғы қатардағы қайраткері туды.

Бүгін әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуын  Қазақстан мен БҰҰ болып атап өтіп жатырмыз. Ұлы Ғалым Батыс пен Шығыс арасында ғылыми әрі рухани бір көпір. Ол бір ұлы мәдениеттің пәлсапашысы және күнімізде мемлекеттер арасында туындап жатқан проблемаларды шешуде біз әл-Фарабидың көзқарасы мен ойларына мұқтажбыз. Әл-Фараби Түркі Әлемі үшін өте маңызды Білім Қайраткері болуымен қатар біздің ортақ құндылықтарымыздың ішіндегі де қадірі ерекше бір есім.  Өмір сүрген аймақтарына қарайтын болсақ, ұлы ғалымның әлем картасындағы маңызы ерекше жағырапияда аса беделді болғанын байқауға болады.

Әл-Фарабидың Ыстанбұлда Мұражай-Үйінің және Ыстанбұл Университетінің құрамында Фараби зерттеулері Орталығының ашылуы екі елдің интеграциясы үшін ерекше маңызды. Сол себепті де 2020 Фараби жылында біз Түркия Республикасының ресми өкілдері ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетімен тізе қоса отырып, Ыстанбұл мен Анкарада түрлі іс-шараларды жасауды жоспарлаудамыз.

Әлемдік QS Ranking рейтінгісі бойынша 207-ші орынға ие болған, Түркі және Ислам әлемінің ең үздік университеті болып танылған оқу ордасының бүкіл әлемге лайықты деңгейде танытылуы үшін ұлы әл-Фараби атында болуы және «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті» деп атануы өте маңызды. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің жеткен бұл көрнекті жетістігі бүкіл Түркі Әлемінің университеттерінің ұйымдасуы үшін бір жақсы үлгі. Бұл жетістіктеріңіз біздің таңғалдырып отыр. Сонымен қатар да қатты қуантады. Бұл жетістік сөз жоқ Университет ректоры академик профессор, доктор Ғалымқайыр Мұтановтың және оның командасының еңбегінің жемісі, – деді Түркия Республикасы Ұлы ұлт­тық мәжілісінің депутаты Метин Гүндоғду.