Аймақтар • 31 Қаңтар, 2020

Нұрлан қажы Байжігітұлы: Оқтын-оқтын оралған індеттерден сақта

2284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Рахман Иеміздің өмірімізге нәсіп еткен барша нығметтерін бағалап, оны сақтап, қызғыштай қору әр мұсылман баласының ұлы міндеті. Оның жекеге немесе қоғамға тиесілі болса да, құндылығы бірдей. Бүгінде аспан асты еліндегі тәжді індетке әлем үрке қарауда. Егер, оны талдап қарасақ, бұл бірінші індет емес. Тарихта мұндай індеттер оқтын-оқтын болғаны да белгілі. Әрі оның себебі неден екені айдан анық. Бұған мән бермеушілік танытып, оған жеңіл қарамау керек. Әрине, тиісті сақтық шараларын қолданған абзал.

Нұрлан қажы  Байжігітұлы: Оқтын-оқтын оралған індеттерден сақта

Әйгілі Омар (р.ғ) халифаның тұсында бір елде жұқпалы індет тарайды. Жолаушылап келе жатқан ол (р.ғ) адамдарымен сол індет жайлаған елді-мекенге жақындағанда,  қасындағы біреу:

– Я, халифа, тағдыр өзгермейді, пешенеміздегіні көрерміз, осы індетті елге кірейік – дейді. Омар (р.ғ) оған ілеспей, ауылды айналып өтеді.

Әлгі адамның қайтадан:

– Тағдырдан қашамыз ба? – дегеніне:

– Біз тағдырдан тағдырға кетіп барамыз! – деген екен. Демек, бұдан

түйетініміз, ауру-сырқау тағдыр болса, одан сақтану да тағдыр деген сөз шығады.

Бүгінде сақтанатын дүниелер көп. Жеп ішу мен тұрмыс-тіршілікті жағдаяттарда аса қағілездік қажет. Дінімізде тазалық жоғары орынға қойылған болса, рухани тазалық оданда жоғары. Жалпы, тиісті мамандарға жүгініп, кеңесіне құлақ асқан жөн. Негізінде, тазалықты тек індет жайлағанда ғана ұстанбай, оны өмірлік салтқа айналдырса құба-құп. Себебі, ақсап жүрген әр адамның жеке бас тазалығының жоқтығы, тұрмыс-тіршілігінің ретсіздігі, салауатты өмір салтының бұзылуы індеттің басы.

Біле білгенге, «Дін тазалықтың үстінде орныққан» деген хадисте жеткілікті, онда адам ағза мүшесінің тазалығы тәптіштелінген. Яғни азаннан ауыз-мұрын қуысты шайып, дәрет алу тазалықтың таңы. Қолын жуып, дастарханға отыру сүннеті тазалықтың күні. Дәрет алып, өзіне дем салу, Құдайға жалбарыну, дұға оқып жату тазалықтың түні. Түшкіріп жөтелгенде, есінегенде, ауызды қолмен көлегейлеу шариғаттың шарасы. Ыстық асқа үрлемеу микроб таратпаудың жолы. Ал, жүрек тазалығы яғни барша тазалықтың қалыбы. Бастысы Аллаға тәуекел ету, Оған үміт арту, әр уақыт дұға ету. Онымен қоса, байбалам салмау, сабырлы болу, ынтымақты болу. Желілердегі негізсіз әр қилы мәліметтерге, ақпараттарға иланып, оны әркімге таратпау яғни сақтанғанды Құдай сақтайды.

Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз: «Аллаһумма инни ағузу бикә минәл бараси, уәл жунуни, уәл жузам, уә мин сәйиил әсқәм» деп, яғни осы дұға арқылы алапес, ессіздік, теріс ой, әр түрлі кеселдерден Жаратқан Аллаға сыйынуды үйреткен. Ал, дуалы ауызды бабаларымыз нәпіл құлшылықтарын күшейткен, жамағаттар дұғаларын асырған, ел бірлігін бекемдеген. Бұл кезең жақсылықтардың көбейіп, мейірімділіктің артып, күнәдан қашатын нағыз ұлы мүмкіншіліктің сындарлы сәті. Жаттандыдан жауыр болған, барымен байды даралаған, жоқты жаралаған, нәлеті бар баталарды тоқтатып, жүрек жарды тілекті көл-дария ететін нағыз уақыт!

Міне, осы тұста біздер ғұламаның мына бір батасын санамызға құйып, бірлескен тілекте болсақ игі:

Жаман сөзді айтқаннан сақта,

Жақсы жолдан қайтқаннан сақта.

Жалқаулық қылып, намазға бармай,

Жамбастап үйде жатқаннан сақта.

Жақсы сөз айтпайтын тілден сақта,

Жәрдемі жоқ ілімнен сақта.

Жаңадан шығып жастарды бұзған,

Жарқ етер жұқсыз елікпеден сақта.

Ғалымды жаман көргеннен сақта,

Адамды жіктеп, бөлгеннен сақта.

Ақыл-есі тұрса, ақымақтық қылған,

Күнәға барып, өлгеннен сақта.

Әке мен шешені ұрғаннан сақта,

Әділ сөзді айтпағаннан сақта.

Ақиқат сөзі айтылған жерде,

Арқаға жүзді бұрғаннан сақта.

Сенімді білмей жүргеннен сақта,

Айыбын шұқып, күлгеннен сақта.

Ақыры бір күні иманнан кетіп,

Азапқа батып, өлгеннен сақта.

Қас дұшпан басқан түннен сақта,

Қарғысқа қалған күннен сақта.

Күйікке батқан ананың жалғыз,

Қайғырып жатқан үнінен сақта.

Алдап тапқан малдан сақта,

Қалыс сөз айтпас шалдан сақта.

Қартайған кезде қақсатып бір күн,

Қарамай кеткен баладан сақта.

Ауаданкелген аурудан сақта,

Қинаған елді қазадан сақта.

Күнәға батып, қиямет күні,

Құтылып шықпас жазадан сақта.

Қас дұшпан келсе, қашқаннан сақта,

Дұшпанға сырды ашқаннан сақта.

Қиналып тапқан байлық-мүлкін,

Ысырапты жолға шашқаннан сақта.

Көре алмастардың көзінен сақта,

Палшылардың сөзінен сақта.

Қайырсыз өткен өмірден сақта,

Көкірек қағып өткеннен сақта.

Бұрынғы өткен бабалар жолын,

Қарғатып тұрып сөккеннен сақта,

Мәңгілік елімді індеттен сақта!

Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ,

дінтанушы, имам