Руханият • 03 Ақпан, 2020

Журналистердің ұстазына арналды

368 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры, халықаралық ORBICOM ұйымының мүшесі, UNESCO профессоры, теоретик-ғалым, публицист Намазалы Омашұлының 70 жасқа толуына арналған «Еліміздің медиа кеңістігі: ізденістер мен жобалар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Журналистердің ұстазына арналды

Жиынды Еуразия ұлттық уни­верситетінің ректоры Ер­лан Сыдықов ашып, мерейтой иесін құттықтауға ар­на­йы жиылған журналисти­ка саласының танымал тұлға­ларына сөз кезегін берді. Айту­лы ұстазға Мемлекеттік хат­шы Қ.Көшербаев құттықтау хатын Президенттің кеңес­шісі, профессор Бауыржан Омар­ұлы тап­сырды. Прези­дент Әкім­ші­лігі Басшысы бірінші орын­басары М.Әшім­баевтың құттықтау хатын Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли, Nur Otan пар­тиясы басшылығының құт­т­ық­тауын партия хатшысы Арман Қырықбаев, Парла­мент Мәжі­лісі төрағасының құт­тық­тау хатын Мәжіліс де­пу­таты Дархан Мыңбай оқып берді. Бұл кісілердің әр­қай­сы­сы журналистиканың тұтас буы­нын тәрбиелеген ұ­с­тазға өз та­рап­тарынан да ықы­лас­ты сөздерін арнап, құрмет көрсетті.

Журналистиканың кори­фейіне жалынды жылдары өткен Алматы әрқашан да ыс­тық. Алматының ыстық сә­ле­мін ақын Бауыржан Жақып пен ғалым Сағатбек М­е­деу­­бекұлы жеткізді. Бірі Қазақ­­стан Жазушылар одағы, екін­шісі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жур­налистика факультетінің аты­нан Н.Омашұлына жүрек­жарды лебіздерін арнады, сый-сияпаттарын тапсырды. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, Бауыржан Жақып «Ойталдан шыққан ой­лы ағам» деген өрнекті өлеңі­­мен мерейтой иесінің бей­несін жасады.

Конференция барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой иесі туралы пікірін білдірді. «Намазалы Омаш­ұлы – жастарға үлгі болған, замандастары үшін бой түзеуге лайық тұлға. Қарашаңырақ ҚазҰУ-де, Еуразия ұлттық универ­ситетінде журналисти­ка факультеттерін басқарған кәсіби менеджер. Жүздеген сту­денттердің томағасын сы­пыр­ған бапкер. Бір сөзбен айтқанда елімізде журна­лис­тиканың тұтас бір буынының қалыптасуына зор үлес қосқан ұлағатты ұстаз» деді ол. Оған қоса министр журналистиканы дамыту үшін министрлік жасаған 2020-2023 жылдарға арналған Ұлттық жоспар туралы әңгімеледі. Ол жоспар бойынша медиа нарыққа мультимедиялық өнімдерді шы­ғару, ауыл халқын радиохабарлармен қамтамасыз ету, баспа БАҚ үшін салықтық жеңілдік қарастыру көздел­ген. Сондай-ақ министрдің айтуын­ша, «Мәдениет» телеарнасы ашылып, биыл тұңғыш рет жас журналистер арасында «Үміт» байқауы ұйым­дас­тырылады.

Жалпы, конференцияда зиялы қауым өкілдері, журналистер, ақындар, мерейтой иесінің шәкірттері мен замандастары тарапынан Н.Омашұлының мерейін та­сытқан құттықтаулар мен тілек­­тер, пікірлер мен лебіздер көп айтылды.

Іс-шара барысында мерейтой иесі жайлы «Өткір сөздің алмас кездігі» атты деректі фильм көрсетілді. Сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми Кеңестің бекітуімен «Өнегелі өмір» сериясы аясында жарық көрген Намазалы Омашұлы тұлғасына арналған кітаптың тұсаускесері өткізілді.

Айта кету керек, конферен­ция шеңберінде универ­си­теттің «Күлтегін» атриумында ғалым еңбектерінің ар­найы көрмесі де ұйым­дас­тырылды.

1