Медицина • 04 Ақпан, 2020

Маска «маскамызды» шешіп жүрмесін

560 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қытайдан тараған коронавирустан бетперде қаншалықты қорғайды? Оны әр елдің мамандары әртүрлі айтуда. Қалай болғанда да медициналық бетпердені жұқпалы дерттен қорғанудың бір жолы ретінде қарастыратынымыз бар. Билік бұқараны қанша сендіргенімен соңғы уақытта дәріханаларда масканың болмауы елді алаңдатып отыр.

Маска «маскамызды» шешіп жүрмесін

 

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, Қазақстанда жыл сайын 2 млн-ға жуық маска қабылданады. Оның көбісі медициналық ұйымдарға арналған. Өткен аптада министр шетелден қосымша маска алу жұмысы жүргізіліп жатқанын, жоспар бойынша маскалар барлық медицина қызметкерлеріне және халыққа жеткілікті екенін айтты. «Бізде резервте 5 млн маска бар. Медициналық мекемелер толықтай қамтамасыз етілген», деді ведомство басшысы.

Министр баяндама жасаудан бір күн бұрын Қазақстанның бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бек­­шин елімізде мас­ка өндіруші 5 компанияға бұқаралық ақпарат құ­рал­дары арқылы үндеу жариялап: «Құрметті отандық меди­циналық мас­ка өндірушілер! Біз тек дәрі-дәрмектің ең жоғары бағасын реттейміз. Маска ба­ғасын реттей алмаймыз. Сондықтан да ел азаматтары үшін қажетті көлемде маска шығаруларыңызды өтінеміз», деген болатын. Ал кешегі брифингте ол: «Маска өндірушілер толық қуат­пен жұмыс істеп жатыр. Үкімет коронавирусқа қатысты түрлі сатып алуларға 1,5 млрд теңге қаржы бөлді. Қажет болған жағдайда кез келген мөл­шерде маска сатып ала аламыз», деп атап өтті.

Бірақ дәріханалардағы жағдай басқаша. Ең алдымен бас қаладағы дәріханаларды түгендеп шықтық. Нұр-Сұлтандағы 10-ға жуық дәріха­наның жартысынан көбінде маска болмай шықты. Мысалы, «Аманат-Фарм», Doktor Plyus,  Jan Farm, «Низких Цен» сияқты дәріханалар желісінде мас­калар таусылған. Олар қоймада да болмай тұрғанын айтуда. Ал кейбір дәріханалар бағаны көтеріп жіберген. Осыған дейін 10-20 теңгеден сатылып келген масканы астанадағы Lucem дәріханасы 50 теңгеден, Salamat дәріханалар желісі 40 теңгеден сатуда.

Нұр-Сұлтандағы «Гиппократ» дәріханалар желісінің нүкте­лері­не сатып алушы ретінде хабар­ласқа­нымызда, қала бойынша маскалардың жоқ екенін жеткізді. Сөйтіп біз осы дәріханалар желісі­нің басшылығына хабарласуды жөн көрдік. Басшылық­тың берген ақпараты мүлде басқа. «Гиппократ» МФК» ЖШС директоры Вера Полякова Ресейден өткен жұма күні 70 мың, бүгін 70 мың мас­ка жет­кізілгенін, сатылымда да маска­лардың бар екенін айтты. «Нұр-Сұлтан қаласы бойынша айтатын болсақ, 30 қаңтар мен 3 ақпан аралығында 14 жарым мың маска сатылды. Қазір жай маскадан сатылымда 20 мың дана, қоймада 2900 дана, ал қара маскадан сатылымда 5 мың дана, қоймада 13 мың дана бар. Бұлар бір аптаға жетеді деп жоспарланған. Сондай-ақ бір адамға екі орамнан артық берілмейді, оның ішінде 100 данасы бар», деді Вера Полякова.

Алматы қаласындағы жағдай да осыған ұқсас. Maximus және «Гау­хартас» сияқты дәріханалар же­лісі мас­каның өткен аптадан бері бол­май жат­қанын айтады. «Орталық дәрі­хана»,  «Садыхан» сияқты дәрі­ханалар желісі болса маскалардың жеткі­лікті екенін, бірақ бірінде маска 40 теңгеден сатылса, екіншісінде 15 теңге­ден 30 теңгеге қымбаттағанын білдік.

Шымкент дәріханаларына да қоңырау шалдық. Біз хабарласқан «Мурат Фарм», «Зерде», «Абу Ак­бар» және «120/80» дәріханалар желі­сінің барлығында маска бар. Бірақ барлығы 30-50 теңгеге дейін бағаны көтерген. Сондай-ақ көп дәріхана масканы адам басына шақтап қана сататынын айтуда.

«Әділет» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Тұрсын Жағыпаровамен сөйлескенімізде, қоңырау шал­ғаны­мызда, ол  маска­лар­дың бар екенін, бағаларында да өзгерістер жоқ­­тығын, бұл тақы­рып бойынша ештеңе айтқысы кел­мейтінін бай­қатты.

Бұл жайттан кейін отандық мас­ка өндірушілерге хабарласуға ту­ра келді. Өндіруші компанияның жауап­ты қызметкерлері экспортты тоқтатып, Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің тапсырысын орындау үшін жұмыс істеп жатқандарын жеткізді. 

«Масканың санын көбейту бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысын алдық. Біз 2 млн 30 мың маскаға тапсырыс алдық. Соны да­йындап жатырмыз. 1 млн 100 мың масканы 25 ақпанға дейін, қалғанын 20 наурызға дейін өндіріп беруге келіскенбіз. Бұдан басқа «Самұрық- Қазынамен» жұмыс істейміз. Оларға жоспар бойынша ақпанның 15-іне дейін, яғни 15 күн ішінде 920 мың масканы дайындауымыз керек. Әдетте жылына жалпы 11 млн мас­ка өндіретін едік. Біз тек қана ауруханалармен жұмыс істейміз. Яғни өнімді «СК-Фармацияға» береміз. Олар өздері таратады», дейді «Dolce» ЖШС коммерциялық директоры Баян Демеуова.

Алайда бұл компанияның медици­налық масканы артық өндіруге қауқары жоқ көрінеді. «Сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндігіміз шек­теулі. Өйткені бұл біздің өнді­рістің қолынан ғана келетін жұмыс емес. Шикізат Қазақстанда жоқ. Қы­таймен шекараны жауып жатыр. Қазір қалған шикізатпен ғана жұ­мыс істеп жатырмыз. Қаншасына жетеді, соншасын өндіреміз. Бұрын шетелге шығаратынбыз. Қазір елдегі сұранысқа байланысты экспортты тоқтаттық», дейді Б.Демеуова.

Екінші бір өндірушіге де министр­ліктен тапсырыс түсіп, өндіріс көлемін үш есеге дейін арттырған. Басшылық берген ақпаратының жарияланбауын өтінгендіктен компанияның атын атау­­сыз қалдырдық.

«Біз маскаларды тек қана медици­налық ұйымдар үшін сатып аламыз. Жеке аптекаларға жеткіз­бей­міз», деді «СК-Фармация» жа­уап­кер­шілігі шектеулі серіктес­тігі бай­ла­ныс қызметінің операторы Ай­зада Ешмұхамед. Нұр-Сұл­тан­дағы Ден­саулық сақтау бас­қар­масы­ның бас­пасөз қызметіне хабар­лас­қа­нымызда, басқарма қаладағы ем­ханалар мен ауруханалардағы дәріха­наларды ғана қамтитынын айтты.

Қарап отырсақ, жоғарыдан беріл­ген тапсырма бар. Өндірушілер қол­­­дан келгенін істеп жатыр. Ал дәрі­­­ха­налар болса маскаға жаритын түрі жоқ. Бұл медициналық құрал­дың өзі негізінен қауіпсіздік шараларын көздейтіні белгілі. Яғни қауіпті індеттен қорғану және алдын алу мақсатында қарапайым тұрғындар алдымен дәріханалардан сұрайды. Ал дәріханалардағы жағдайды біршама айттық. Аталған жағдай еліміздегі алдын алу шараларына әлі де болса дайындығымыз солғын екенін көрсетсе керек. Ертең қалыптасқан ахуал ушықпас үшін ең әуелі осы мәселені реттеуіміз керек болар...