Еліміз бойынша қазір 500 мыңнан астам адам пәтер кезегінде тұр. Жалындаған жастық ғұмырын пәтерден-пәтерге көшумен өткізіп келе жатқан жастар, әркімнің қуыс бөлмесінде құрқылтайдың күйін кешіп жатқан отбасылар баспаналы болудың барлық жолдарын іздестіруде. Содан болар, «Жақында Үкімет әр адамның зейнетақы жинағындағы қаржысына үй сатып алуға рұқсат береді екен» деген әңгіме жұртты әжептәуір елең еткізді.
Шетел тәжірибесі не дейді?
2019 жылдың 1 желтоқсанындағы мәліметтерге қарағанда, еліміздегі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) қаржы көлемі 10 432,6 млрд теңгеге жеткен. Бұл қорда 9 874 120 адамның есепшоты бар. Өткен жылғы таза инвестициялық кіріс 600,5 млрд теңгені құрады. Енді шынында осы қаржыны, нақтырақ айтсақ, еліміздің әр азаматы өз зейнетақы қорында жинақталған қаржысын әлеуметтік мәселелерін шешуге жұмсай ала ма? Біз осы мәселеге көз жүгіртіп, қарапайым тілде түсіндіріп көруге тырыстық.
Әрине, Қазақстан Үкіметі мұндай үлкен істі қолға аларда ең алдымен шетел тәжірибесіне жүгінетіні анық. Содан болар, Сингапур еліндегі зейнетақы қаржысын жұмсау тәжірибесі қызу талқылануда. Дегенмен де бұл тәжірибеге сын айтушылар да жоқ емес. Неге? Бұл елде де зейнетақы жинағына тұрғын үй және оқудың ақшасын төлеу үшін қордағы ақша белгілі бір шекке жетуі қажет. Сингапурда зейнетақы қорына аударылатын қаржы кәдімгі, арнайы және медициналық деп аталатын үш есепшотқа салынады. Аталған елдің адамдарының жалақысынан зейнетақы қорына біздегідей 10 пайыз емес, 37 пайыз ұсталады. Тағы бір айтары, Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 181 мың теңге болса, Сингапурдағы орташа айлық 1 млн 333 мың теңгені құрайды. Яғни, сингапурлықтардың шектік сомаға жету мүмкіндіктері мол.
Осылайша, олар 37 пайыздың 23 пайызын тұрғын үй сатып алу, білім алу мен сақтандыру ісіне, 8 пайызын медициналық қызметтерге, тек 6 пайызын ғана зейнетақымен қамсыздандыруға жинайды. Халықаралық сарапшылар осы тәжірибе арқылы Сингапурда тұрғын үй бағдарламасы өте табысты жүргенін айтады. Бүгінде бұл елдегі тұрғындардың 90 пайызының жеке баспанасы бар және бұл баспаналардың 80 пайызын мемлекет салып берген. 2016 жылдың мәліметтеріне қарағанда, сингапурлықтар Орталық жинақтаушы қорында жиналған қаржының 50 пайызын тұрғын үй сатып алуға жұмсап жіберген. Бірақ осыдан сингапурлық қарттардың үйі болғанымен күйі болмай қалған көрінеді. Өйткені, зейнетақы қорына 6-ақ пайыз ақша аударып отырғандықтан, бұл елдің қариялары қартайғанда бейнетінің зейнетін көре алмай, өте аз көлемдегі зейнетақыны місе тұтуға мәжбүр болып отыр. Дәл осылайша Аустралия мен Малайзия елдерінде де зейнетақы қаржысына тұрғын үй мен білім алуға мүмкіндік берілген, бірақ оларда да жинақталған қаржы шекті көлемнен асқан кезде ғана рұқсат етіледі.
Қандай жолды таңдағанымыз дұрыс?
Енді біз не істеуіміз керек? Қазақстанның зейнетақы жүйесі қандай жолды таңдағаны дұрыс? Міне, осы мәселені зерттеп, зерделеу үшін Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен 25 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылып, олар өз ұсыныстарын айтып отыр. Ең алдымен еліміздің әр азаматы жинақталған зейнетақы қорындағы қаржысын тұрғын үй немесе ем алу үшін жұмсауға, сондай-ақ зейнетақы активтерін басқарумен айналысатын жекеменшік компанияларға инвестиция ретінде беруіне мүмкіндігі бар. Бірақ зейнетақы қаржысы есебінен тұрғын үй сатып алу немесе қымбат тұратын емге ақша төлеу ашық түрде жүргізіледі. Яғни, бұл қаржылар тұрғын үй және денсаулық сақтау саласындағы өкілетті институттар арқылы ғана өтеді.
Сонымен адамдар өз зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалануы үшін оның «жас шегін» белгілеу керек. Сосын ақшаның да шекті сомасы бар. Бірден айту керек, қордағы ақшасын кез келген адам пайдалана алмайды. Оның да өз тәртібі бар. Мысалы, азамат зейнетақы жарнасын жоғарыда айтылған мақсатқа жаратқысы келсе, 30-ға келген ер адамның қордағы қаржысы 6,7 млн теңгеден кем болмауы керек. Ал әйелдердің ақшасы 9,7 млн теңгеден кем болмауы керек. Яғни, сіздің зейнетақы қорындағы ақшаңыз осы көлемнен асқан кезде ғана жинақталған қаржыны пайдалануға мүмкіндігіңіз бар. Онда да ер адам 6,7 млн, әйел адам 9,7 млн теңгеден асқан ақшасын ғана алуына болады.
Дәл осылайша 50 жастағы азаматтың жинағы 7,2 млн теңгеден, зейнет жасына жеткен азаматтың жинағы 8,2 млн теңгеден асуы керек. Сонда олар осы сомадан артық қаржыны ала алады. Яғни, ақшаны есепшоттан алу адамның жасына да байланысты. Ер адам 30 жаста болса, оның 63-ке дейін ақша жинайтын тағы 33 жыл мүмкіндігі бар деген сөз. Қазақстанда ерлер 63 жаста, әйелдер 59,5 жаста зейнетке шығады. Егер ерлер 30 жаста 6,7 млн теңге, әйелдер 9,7 млн теңге жинап қойса, онда өмірінің соңына дейін ең болмағанда минималды зейнетақыны алуына мүмкіндігі бар. Сондықтан қалған ақшаны тұрғын үйге, емге, тағы басқа қажеттіліктерге жұмсауға рұқсат берілмек. Минималды зейнетақы сомасы елімізде 38 636 теңгені құрайды.
Ал әйелдерге тиесілі сома не үшін жоғары? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов мұның себебін әйелдердің ұзақ өмір сүретіндігімен түсіндіреді. Статистика мәліметтеріне қарағанда, әйелдер зейнет жасына жеткеннен кейін орта есеппен 22 жыл, ерлер 17 жыл өмір сүреді. Яғни, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы ер азаматтардан 5 жылға көп екен.
Шекті сомадан асатын қаржыға ие қанша қазақстандық бар?
Енді зейнетақы қорына министр айтқандай миллиондаған теңгені жинаған яғни, қаржысының көлемі шекті сомадан асатын қанша қазақстандық бар? Санап жіберсек, Қазақстанда 113 мың адамның осы шектен асатын ақшасы бар екен. Бірақ бұл барлық салымшылардың 1,1 пайызы ғана деген сөз. Сондай-ақ 5,3 млн адамның 500 мың теңге көлемінде зейнетақы қаражаты жинақталған, бұл – салымшылардың 53 пайызы. Ал 500 мыңнан 1 млн теңгеге дейін қаражат жинаған 1,6 млн адам бар. Бұл 16 пайыз деген сөз. Қысқасы, салымшылардың 84 пайызының шотындағы ақша 2 млн теңгеден аспайды. Оның үстіне жасыратыны жоқ, ауылдағы ағайындардың көбісі тұрақты жұмыс істемегендіктен зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша аудармайтыны да белгілі. Мұны БЖЗҚ басшылары да мойындап отыр. Қазақстанда 9,9 млн жуық адамның зейнетақы есепшоты болса, соның 6,5 миллионы ғана жыл сайын кем дегенде бір рет шотына ақша аударады екен.
«Көп зейнетақы алғыңыз келсе, өмір бойы жұмыс істеңіз»
Осыдан кейін «Қазақстан азаматтары алатын орташа жалақымен зейнетақы шотына 30 жаста қалай 6-10 млн теңге жинауға болады?» деген сұрақ туындайды. Бұған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде былай деп жауап берді.
– Біздің бірінші міндетіміз – халықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Жалақы адамның өзіне байланысты. Оған мемлекет әсер ете алмайды. Менің кеңесім – зейнеткерлікке ақша жинағыңыз келсе, өмір бойы жұмыс істеңіз. Барлық табысыңыздың 13 пайызын сонда аударыңыз. Сонда 40 жылдан кейін жақсы зейнетақы аласыз. Ал үй алғыңыз келсе, мемлекеттің көмегін, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» ұсынған бағдарламаларды қолданыңыз. Алғашқы 20 пайыз жарнаны тезірек жинайсыз. Оның үстемесі 3-5 пайыз ғана. Сөйтіп, баспана мәселесін зейнетақыға қарап отырмай, осындай жолдармен шешкеніңіз дұрыс. Зейнетақы жинағының тек бір бөлігін ғана арнайы бағдарламамен қолдануға болады. Қазіргі үйлердің бағасы аймақтарда 9-12 млн теңге десек, үй проблемасын бәрібір де зейнетақы ақшасымен шеше алмайсыз, – деді Ж.Құрманов.
Айтпақшы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнет жасына жеткендердің зейнетақы қорындағы ақшаның 50 пайызға дейінгі көлемін алу туралы да ұсыныс беріпті. Бірақ оны алған кезде шотта жалпы зейнетақыға деп жиналған қаржының 40 пайызы міндетті түрде қалуы керек. Әрине, үкіметтік жұмыс тобы бұл мәселедегі шекті соманы мейлінше азайтуды қарастырып жатыр екен. Өйткені, дәл қазіргі талаппен зейнетақы қорындағы қаржыға баспана алу мүмкін болмай тұрғаны жасырын емес. Сарапшылар қартайған кезде жақсы көлемде зейнетақы алу үшін қорға 35-40 жыл үздіксіз ақша салып отыру қажет екенін айтады. Ал біздің елдегі зейнетақы жүйесінің пайда болғанына 21 жыл ғана болды. Осы және ел тұрғындарының табысының аздығы, жұмыссыздық, зейнетақы қорына тұрақты түрде ақша сала алмауы, осының бәрі бұл бастамаға қолбайлау болуда.
Әрине, елдің еркіне салсаңыз, зейнетақы қорындағы ақшасын бүгін-ақ сарқып жұмсап тастаудан тайынбас еді. Бірақ, бізге үй керек пе, жоқ, күй керек пе? Әрине, «үй керек» дейтіндердің қатары көп болатынына күмәніміз жоқ. Дегенмен де қамсыз қарттығыңыз үшін салынып жатқан ақша ең алдымен өз мақсатына жарауы керек емес пе? Жасыратыны жоқ, жинақтаушы зейнетақы қорындағы әйгілі даулардан кейін елдегі зейнетақы жүйесінің болашағына күмәнмен қарайтындар да жетіп артылады. Сондықтан Үкіметтің бұл бағытта атқаратын шаруасы шаш-етектен.
Дегенмен де азаматтардың зейнетақы қорындағы қаржысын түрлі мақсаттарға жұмсау мәселесі әлі екі ай бойы қаралады. Содан кейін ғана заң жобасы тиісті органдарға ұсынылады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы уақытта БЖЗҚ-дағы ақшасын баспанаға, емге, оқуға жұмсауға мүмкіндігі барлардың санын көбейтуге тырысып жатыр. Бірақ оның да әзірге нақты механизмі жоқ.