Азаматтар 14 түрлі төлемді ешқайда бармай-ақ проактивті форматта ала алады. Жалпы алғанда, 2019 жылы цифрландырудың әлеуметтік-еңбек саласына әсері 1,5 млрд теңгеге жуық соманы құрады.
2020 жылы тағы 6 қызмет проактивті форматта ұсынылатын болады және кадрларды қайта дайындау порталы құрылады. Елбасы тарапынан 2018 жылы қолдау тапқан Smart Data Ukimet жобасына 5 мемлекеттік орган қосылып, олардың дерекқорларына талдау жасалды.
Соның нәтижесінде бірқатар экономикалық модель іске асырылды. Халықты жұмысқа орналастыру, тегін дәрілік заттарды бөлу, «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттар бөлу және т.б. Осы жоба жасанды зерде элементтерін пайдаланып, бюджет қаражатын үнемдеуге жол ашты.
Сондай-ақ А. Жұмағалиев жасанды зерде саласында жұмыс басталғанын мәлімдеді. Ол үшін арнайы Заң жобасы әзірленді. Назарбаев Университеті және Дүниежүзілік банкпен бірге Институт құрылып, бағдарлама жасалуда.
«Мемлекеттік органдармен бірлесіп, біз 2020 жыл ішінде осы жоба аясында жұмыс істейтін боламыз. Бұл жаңа экономикалық модельдерді құруға мүмкіндік береді. Жасанды зерде технологиясы бар Smart Data Ukimet жобасы 180 млрд теңгеден астам сомаға жанама әсер беруге мүмкіндік береді», — деп атап өтті министр.
Экономиканың нақты секторына елімізде ерекше мән беріледі. Осы ретте «Экономика салаларын цифрландыру» бағыты бойынша отын-энергетика, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы секторларын цифрландырудың жиынтық әсері 92,4 млрд теңгені құрады. 200 кәсіпорын мен фермаларда 230-дан астам цифрлық жоба енгізілуде.
Бұл тұрғыдан «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының құрамына кіретін компаниялар жақсы нәтижелерге қол жеткізді.