Медицина • 05 Ақпан, 2020

Обырды жеңуге болады

559 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл сайын 4 ақпанда Қатерлі ісікке қарсы дүниежүзілік күрес күні атап өтіледі. Халықаралық обырға қарсы одақтың (UICC) бас­тамасымен дәл осы күні мамандар онкологиялық дерттердің бар екенін халықтың есіне салып, оның алдын алу, ерте анықтау, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, қолжетімді скринингтік тексерулердің маңызы туралы ауқымды жұмыс жүргізеді.

Обырды жеңуге болады

Осыған қарамастан, жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адам­ның жаңадан обырға шал­дыққаны анықталады. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мыңға жуық қазақстандық тұр. Жыл сайын онкологиялық аурулардан шамамен 14 мың адам көз жұмады. Қазақстанда сүт безі обыры, өкпе обыры, асқазан обыры, жатыр мойны мен колоректалды обыр түрлері алғашқы төрттікті құрайтынын тағы да еске сала кеткен жөн.

Алматыдағы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында обырға қарсы жа­ңа препараттарды клиникалық зерттеу басталғанын айта кеткен ләзім. Сондай-ақ емдеу хаттамаларына иммунотерапия енгізіліп отыр. Кеше Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында обырмен күрес күніне арналған іс-шаралар легі өтті. Соңы эстрада және өнер жұлдыздарының қатысумен өткен концертке ұласқан бастамалардың басты оқиғасы – обырды жеңген жандардың журналистерге берген сұхбаты болды.

ҚазОжРҒЗИ басқармасының төрайымы, ДСМ бас онкологі Диляра Қайдарова мен Қазақ­станның онкологиялық қыз­метіне атсалысып жүрген волон­терлер қатысқан баспасөз мәс­лихатында көтерілген мәсе­лелер аз болған жоқ. Мәселен, психолог-дәрігерлер адамның иммунитеті мен көңіл күйінде тығыз байланыс бар деседі. Ал қатерлі ісікті соңғы сатыларында жеңген жандардың жарқын мысалы төмендегідей.

Шолпан ВАЛИЕВА, 49 жас­та: Мен Алматы маңындағы Қарғалы ауылында тұрамын. Бұл дертке душар болған кезде іш құрылысы обырының 4-сатысы диагнозын бірден қойған болатын. Ауруымның әбден асқынғанын білгенде өзіме қатты ашуландым. Былай қарағанда рактың 4-стадиясы өлдің деген сөз ғой. Дәрігерім, онколог-химиотерапевт Лена Андреевнаға ке­ліп: «Қанша өмірім қалды?» деп сұрадым. «Егер өмір сүр­гіңіз келсе, онда сүресіз. Егер дәр­менсіздік танытсаңыз, көпке бармайсыз. Бәрі өзіңізге ғана байланысты», деді. Өмірім енді бас­­талды, енді өзім үшін өмір сү­ремін деп отырғанда, обырға шал­дығуым қатты ашуландырды. «Неге мен?», деп өзімді бірден қолға алдым. Ең бастысы, осы ауруды жеңе алатыныма сендім. Жі­гер, өмірге деген құштарлық пай­да болды. Ал ауыр дертке шал­­дыққанымды ішім қатты ауы­рып, тіпті ауырсынуды басатын дәрілер де көмектеспегенде ғана білдім. Осыдан кейін ауруханадан аурухана, анализдерден анализ, химиотерапиялар басталды. Кейін қатерлі ісіктің ошағы отамен түгел алынып тасталды. 2019 жылдың қаңтарынан бері қарай қатерлі дерттен толық арыла бас­тадым. Қазір денім сап-сау.

Майра АМАНБАЕВА, 59 жас­та: Қазір үш баланың анасымын. Міне, ұзақ жылдардан кейін Алматыдағы онкология институтына емделу үшін емес, біраз жыл бұрын басымнан өткен оқиғаны еске алып, өзгелерге сабақ ретінде айту үшін келіп тұрмын. 1983 жылы маған Ресейде қатерлі ісікке күдік байқалып, диагноз қойылған. Ол кезде қатерсіз деген. Бірақ 1984 жылы ауру мені қайта айналдыра бастады. Ол кезде өзім темір жол ауруханасына фельдшер-лаборант болып қызмет істеп жүргенмін.

Маған меланома, тері рагы диагнозы қойылды. Сол кезде де мықты онколог-мамандар болды. Емдеп қана қоймай, үлкен психологиялық қолдау білдірді. Алайда жұрт өзіме айтпайды екен, сыртымнан «әрі кетсе 2-3 жылдан соң қайтыс болатынымды» естіп қалдым. Осы сыбырдан кейін бірден күйзеліске түсіп, жылап-сықтап, өзімді өлімге байлай жаздаған кездер де болды. Бар болғаны 23 жастамын. Тұрмыс құрмағанмын, балам да жоқ. Анамнан ерте айырылдым, әкемнің бізбен ісі болған жоқ. Ата-әжеміздің қолында өстік. Ол кісілер де ерте кетті. Қысқасы, маған қарайласатын адам болмай қалды. Қолдау танытқан достарым мен әріптес дәрігерлер ғана болды. Осы кезде бұл аурумен күресемін деп шештім. Өзіме өзім көмектесе бастадым. Осы кезде махаббат та, бала да, жұмыс та, үй де, күй де пайда болды. Ауруымды ойлауға мұр­шам келмеді. Кейін жазылып кеткендей болдым. Бірақ 10 жыл­дан кейін бұл ауру өзінің бар екенін тағы да есіме салды. Қолым ауырып, көтере алмай қалатын едім. Алайда ота жасатқан жоқпын. Осы кезде денсаулығым үшін ізденіс жолына түстім. Гомеопатия, психология, фитотерапиямен терең айналыстым. Родология, яғни тектану ілімін зерттеп, неге мұндай дертке душар болғанымды түсінуге тырыстым. Көп оқығанның нәтижесінде өзімді де, күйеуімді де, айналамдағы адамдарды да түрлі дерттен сауықтырдым.

Аружан ТОҚАН, 17 жас­та: Қазір мен Авиациялық колледждің 2-курсында оқимын. Маған 2- сатыдағы мойын безінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылған. Әу баста туберкулезді емдейтін ауруханаға түскен болатынмын. Ота жасағаннан кейін менде қатерлі ісік бар екені бел­гілі болды. Содан онкология институтына келіп диагноз нақ­тыланғаннан кейін емделе бас­тадым. Үш жыл бойы түрлі терапиялардан өттім. Бұл ауруды жеңуде бірінші кезекте ата-анам, дәрігерлер мен спорт көмектесті. Әсіресе психолог мамандардың да қолдауы мықты болды. Жасым 17-ге келді. Қазір студентпін. Спортпен айналысамын.

Әрине, аты жаман ауруды жең­ген жандардың басынан өт­кенін баяндау оңай-ақ, бірақ олардың әрқайсысының жүріп өткен жолы, қиындықтары мен күйзелістері әлдеқайда күрделі екені аян. Ең бастысы, бүгінгі таңда дертті дер кезінде анықтаса, емі бар, шипасы табылады.

2019 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қатерлі ісікке шалдығу 36 345, яғни 100 мың тұрғынға шаққанда 196,4 адамды құрайды. Онкологиялық науқастардың электронды тірке­лімінің деректері бойынша қатер­лі ісіктерден өлім-жітімге ұшырау 100 мың тұрғынға шаққанда 76,0 (14 060 оқиға) адам. Дегенмен, онкологиялық аурулардың ерте диагностикасы жақсарды, 0-I сатыдағы қатерлі ісіктер жаңа жағдайлардың жал­пы құрылымында 26,8%-ды құрады. Қазір Қазақстанда тегін онкоскринингтердің үш түрі: 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге сүт безі обырына, 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдерге колоректалды обыр­­ға, сондай-ақ 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдерге арналған жатыр мойны обырына скрининг жасалады. Скрининг емханаларда тегін жүргізіледі. Қазақстан онкологиялық ауруларды диагностикалап, тегін емдейтін ел екенін естен шығармаған ләзім. Онкологиялық науқастардың ең көп бөлігін Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыс­тарының, сондай-ақ Алма­ты қаласының тұрғындары құрайды.

Қазақстанда 2019 жылдан бе­рі алғаш рет өкпе обыры, тері меланомасы және колоректалды обыры бар науқастарға жеке терапияны тағайындау үшін молекулярлық-генетикалық зерттеулер жүргізілді. Зерттеудің оң нәтижелері бар емделушілерге дербестендірілген таргеттік және иммуноонкологиялық терапия тағайындалды.

Онкологиялық ауруға күдікті емделушілерге КТ және МРТ жа­салады. Ал бұрын зерттеудің осы түрлері тегін медициналық көмек­тің кепілдік берілген көлемі шең­берінде тек қатерлі ісік диагнозы расталған пациенттерге ғана жүргізілген.

Онкологиялық науқастарға паллиативтік көмектің қолже­тім­ділігін жақсарту үшін өңір­лерде 19 мобильдік бригада ұйым­дас­тырылды.

 

АЛМАТЫ